Уақыттан оза шапқан шаһар

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде Елорда күні төңірегінде облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Диляра ДАРХАН

«Жібек жолы» халықтық оркестрінің музыкалық арнауынан бастау алған жиын «Елбасы және Елорда – егіз ұғым» атты қолөнер және сурет, кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
Конференцияны Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы ашып, жүргізді. Шара барысында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев сөз алып, жиналғандарды Елорда күнімен құттықтады.
– Уақыттан оза шапқан бас қала Нұр-Сұлтан қаласы – мемлекетіміздің алтын тұғыры. Бас шаһар – Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы болып қана қоймай, дипломатияның, бітімгершілік пен халықаралық дамудың ірі орталығы. Мұндағы жетістіктің барлығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік және ғаламдық деңгейде сенімділікті, қауіпсіздікті және өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған дәйекті саясаты жатыр, – деп бас қаланың жылдан-жылға бұдан да биіктей түсетініне сенім артып, гүлденуіне тілектестігін білдірді.
Осы орайда, оқу орнының бірқатар қызметкерлері де конференция тақырыбы аясында баяндама жасады. «Дүниежүзі тарихы, экономика және құқық» кафедрасының меңгерушісі Аурика Серубаева «Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі» тақырыбындағы баяндамасында: «Қоғамның саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да барлық сала біз егемендік алғалы бері дамып келеді. Америкалық саясаткер Бжезинский «Ұлы шахмат тақтасы» атты еңбегінде біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, діни ахуалына және басқа да мәселелерді алға тартып, Қазақстанның болашағына, мемлекет болып қалыптасатынына күмән келтірген. Алайда Елбасының сарабдал саясатының арқасында сын кезеңнен аман өттік. Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары мен түрлі жобалар аясында қыруар жұмыс атқарылғанының куәсі болдық», – деді.
Одан кейін сөз алған «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадырова «Ұлы дала төріндегі әсем қала Нұр-Сұлтан» тақырыбында сөз қозғаса, ғылыми-инновациялық қызмет бөлімінің басшысы Гүлнұр Исабекова өз баяндамасын «Nursultan in reflection» тақырыбында ағылшын тілінде өрбітті.

Comments (0)
Add Comment