УӘДЕ ОРЫНДАЛА БАСТАДЫ

Азаматтар мен  әлеуметтік топтардың  және қоғамның  мүдделерін шынайы саяси үрдіске айналдыра алатын партиялардың  қазіргі адамзат өмірінде рөлі зор. Бұл әсіресе, демократиялық тәртіп жағдайында жүзеге асырылса тіптен құба-құп.

Осы орайда, алдымен партиялардың мәні мен мағынасына қысқаша тоқтала кеткен жөн сияқты.

Партия дегеніміз, біздің пайымдауымызша, мемлекеттік билікті қолға алуға немесе билік жүргізуге қатынасуға бағытталған, ортақ мүдде, бір идеология негізінде құрылған адамдардың ерікті одағы, қандай да бір таптың немесе оның қабатының мүдделерін көрсететін, белсенді және ұйымдастырылған бөлігі. Алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грекияда пайда болыпты. Ал қазіргі біздің түсінігіміздегі саяси партиялар Еуропада XIX ғасырдың  екінші жартысында пайда бола бастаған. Бірақ осы саяси партиялар бірден көпшілік, бұқаралық партия бола қалмаған. Мысалы, неміс ойшылы Макс Вебер саяси партиялардың дамуында аристократиялық үйірмелер, саяси клубтар,  көпшілік партиялар секілді ұйымдық құрылымдардың кезеңдерін атап көрсетеді.  Экономист, тарихшы, ірі әлеуметтанушы ретінде ол қоғамдық мүдделерді жинақтау мен оларды саяси шешімдерді қабылдау жүйесі шеңберіне ұйымдасқан және бағытталған түрде енгізуді саяси партиялардың негізгі міндеттерінің бірі санаған. Саяси партиялар билік үшін бәсекелестік күресте қоғамдық қолдауды жұмылдырушы құрал ретінде қызмет жасайды.

Партиялық жұмылдыру арқылы азаматтар қазіргі заманның саяси үрдісінің белсенді мүшесіне айналады. Партиялардың қоғамдық мүдделерді қалыптастыруда белгілі бір рөл атқаратыны сондықтан. Осы бағыттағы саяси партияларды француз саясаттанушысы, әлеуметтану ғылымының ірі өкілі Морис Дюверже өзінің «Саяси партиялар» атты кітабында сайлаушылар мен белсенділер санына байланысты  маманданған партия және бұқаралық партия деп жіктегенін білеміз. Маманданған деп қатарында сайлаушылардың он пайыздан кемі ғана болатын, мүше саны аз партияны айтады. Бірақ ол ұйымдастырылуымен және тәртібімен көзге түседі. Ал бұқаралық партияда оны үнемі жақтап дауыс беретін сайлаушыларымүшелерібелсенділері көп болады. Бірақ олардың ресми мүшелері болмайды.

Біздің мемлекетіміздегі қазіргі жетекші саяси партиямызды осы екі жіктеудің ең дамытылған екі түріне бірдей жатқызуға болады деп ойлаймын. Өйткені,  ұйымдастырылуымен де, тәртібімен де ерекше назар аудартар «Nur Otan» партиясы бұл күнде үнемі жақтап дауыс беретін сайлаушыларының да, мүшелерінің де, белсенділерінің де көптігімен кәсіби мамандандырылған  қалың бұқаралық мәнге ие болып отыр. 

Ширек ғасырға жуық тарихында терең мамандандандырылып әрі тиімді  бұқаралықтандырылып, ең жоғары орталықтандырылумен сипатталатын «Nur Otan» партиясы  өзінің барлық мүшелерінің партияның жұмысына белсенді қатынасуын талап ететін авангардтық партия.

Ең алғаш бір мың тоғыз  жүз тоқсан тоғызыншы жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Отан» партиясы атанып дүниеге келген  президенттік саяси партия партия мүшелері қабылдаған толық ережелер жиынтығы – өз Жарғысы негізінде табанды түрде жұмыс атқарудан айныған емес. Мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді және атқарушы органдарында азаматтардың, түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғай отырып, олардың саяси еркін білдіретін Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігі ретінде «Нұр Отан» партиясы саяси жұмыс әдістерімен азаматтық қоғамның дамыған институттары, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар экономикалық мықты, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жеткізуді мақсат тұтты.

С.А.Терещенко (наурыз, 1999ж. – қараша, 2002ж.), А.Д.Ермегияев (қазан, 2002ж. – наурыз, 2004ж.), Б.Т.Жұмағұлов (2005 – 2008 ж.ж.), Д.А.Калетаев (2008 – 2009 ж.ж.), Н.З.Нығматулин (19қараша 2009ж. -24қыркүйек 2012ж.), Б.Ә.Сағынтаев (қыркүйек, 2012ж. – қаңтар, 2013ж.), Б.Қ.Байбек (қаңтар, 2013ж. – 8тамыз 2015ж.), А.И.Мырзахметов (8тамыз 2015ж. – 6мамыр 2016ж.), М.А.Құл-Мұхаммед (6мамыр 2016ж. – 1ақпан 2018ж.), М.С.Әшімбаевтардай  (1ақпан 2018ж. -29маусым 2019ж.) көрнекті тұлғалар басқарған партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымын қазіргі таңда Бауыржан Байбек абыроймен алып келеді.

Халқымыздың қасиетті құндылығы – Тәуелсіздік – біздің егемен Қазақстанымыздың бар бақытының бастауы. Тұрақтылық пен бірлікке, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты даму мен халықтың барынша кең топтарының жағдайын жасауға негізделген орталықшылдық, яғни центризм саясатын жүргізу басты саяси тұғырнамасы саналатын партиямыз тарих алдындағы, болашақ ұрпақтар алдындағы елдігімізді қорғау парызын қашанда алдыңғы орынға қояды. Партияның жоғары басшы органы Партия сьезінен бастап, партия төрағасы, партияның басшы өкілді органы  – партияның саяси кеңесі мен орталық бақылау-тексеру комиссиясы, партияның басшы органы – партия саяси кеңесінің бюросы, партияның атарушы органы – партия орталық аппараты, аймақтық, аумақтық партия ұйымының жоғарғы органы – аймақтық, аумақтық партия ұйымының конференциясы, аймақтық, аумақтық партия ұйымының басшы органы – аймақтық, аумақтық партия ұйымының саяси кеңесі, аймақтық, аумақтық партия ұйымының бақылау-тексеру комиссиясы, аймақтық, аумақтық партия ұйымының атқарушы органы – аймақтық, аумақтық партия ұйымы саяси кеңесінің бюросы, бастауыш партия ұйымының жоғарғы органы – бастауыш партия ұйымының жиналысына дейінгі осынау тізбекті субординациялық аралықта жүйелі байланыстар орнатылған.

Нұрлы болашақ жолындағы ілімі мен теориялық жүйесін  ХХІ ғасырдағы миссиясына орайластырып, адам, бостандық, заң үстемдігі, әділеттілік, ынтымақшылдық, болашаққа ұмтылыс, отбасы және дәстүр негізінде, әрбір қоғам мүшесінің мемлекетпен  арасындағы өзара іс-қимыл қағидаттары арқылы қалыптастырған партия өзінің саяси Доктринасында жалпыға ортақ табыстың «бірлік пен келісім», «төл мәдениет пен руханилық», «қуатты экономика», «әділетті әлеуметтік саясат», «зияткер ұлт», «тиімді мемлекеттік басқару», «әлемге ашық Қазақстан» сынды факторларын алғышарт етіп алған болатын. Алдағы кезде де ел өміріндегі өзінің басым рөлін сақтауға бекінген жетекші партия әр азаматтың әлеуетін, жасампаздық күш-қуатын, болашаққа деген сенімі мен білімін өз Отанымыздың игілігіне жұмсау үшін, ортақ игілікке бірге қолжеткізу үшін барлық партиялар мен бірлестіктермен белсенді үнқатысуға, сындарлы пікір алмасуға және ой бөлісуге әрқашан да дайын болды.

Соның бірден-бір мысалы – елімізде тұңғыш рет партияішілік іріктеу арқылы ұйымдастырылған праймериз және одан кейінгі өткізілген партиялар сайлауы.

ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне сақадай сай тұруға, елдің дамуы мен халықтың келешегі үшін жауапты болуға ең бірінші өзін міндетті санаған  «Nur Otan» партиясы бұл саяси науқандарда да өзінің нағыз халықтық партия екендігін тағы да бір дәлелдеді. Екі мыңыншы жылдары  164 041  адам болған  мүшелерінің саны екі мың он үшінші жылдың өзінде-ақ 900 030-ға дейін жеткен «Nur Otan»    биылғы саяси додаға аса үлкен жауапкершілікпен қатысқандықтан да жеңістің жоғары тұғырына бірінші болып көтерілді.

Тәуелсіз ел атанып, өз алдымызға жеке мемлекет болғанымызға биыл отыз жыл толады.

Осы Тәуелсіздікке жету жолында біздің еліміз талай қиындықты бастан өткергені көз алдымызда. Қаншама еңбекпен, қаншама қиыншылықпен, төгілген маңдай термен ата-бабаларымыз аңсаған, өзіміз армандаған бостандығымызды алып, егемендігімізді жер-жаһанға жариялаған қуанышты күн күні кеше ғана сияқты артта қалды. Осылай көзді ашып-жұмғанша өте шыққан отыз жыл уақытта қаншама өзгерістер, қанашама жаңалықтар болды десеңізші.

Басқасын айтпағанда, мемлекетіміз мына басты жеті жетістікке  партиямыздың көшбасшылығымен жетті:

1.Тарихымызда тұңғыш рет халықаралық деңгейде мойындалған шекарамызды шегендедік.

2.Семей полигонын жаптық, Арал апатына тосқауыл қойдық.

3.Этносаралық бірлік пен дінаралық келісімді нығайттық, соғыс пен қантөгістерге жол бермедік.

4.Нарықтық экономика қалыптастырдық, бизнестің өркендеуіне жол аштық.

5.Демографиялық дағдарысты еңсердік.

6.Экономиканың жаңа салаларын, заманауи көлік және әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастырдық.

7.Ел тәуелсіздігі мен дамуының символы – жаңа астанамызды салдық.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында Қазақстанның әр облысы, қаласы мен ауылына, түкпір-түкпірдегі үлкенді-кішілі елді мекендеріне дейін қамтып, әр өңірлер мен аймақтардың, ауылдар мен елді-мекендердің аумақтық, табиғи, экономикалық ерекшеліктеріне орайластыра, арнайы бөлек-бөлек бағдарлама жасаған  «Nur Otan» партиясы  өзге  әріптестерінен  осы ерекшелігімен де дараланды десек, қателеспейміз деп ойлаймын.

Алдағы бес жылда ауылдарда, немесе облыста қандай жұмыстар жүргізіп, қандай мәселені шешетіндігін нақтылаған, яғни,  алыстағы  бұлыңғыр болжам емес,  күнделікті тіршілікте халыққа қажетті шараларды  қолжетімділікпен шешетіндігін жоспарлаған партиямыздың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезеңіне, одан бұрынырақ, қыркүйек айында ұйымдастырылған партияішілік іріктеу кезеңдеріне осы жолдардың авторы – өзім де қатысқан болатынмын.

Ішінде 35,5% – әйелдер, 28,8% – 35 жасқа дейінгі жастар, мүмкіндігі шектеулі 8 азамат және  28-і көпбалалы аналар, барлығы 767 кандиат қатысқан партияішілік іріктеуде «Праймериз» жүйесіне тіркелген жамбылдық партия мүшелерінің 88,8%-ы партияішілік  сайлауда дауыс беріп, өз белсенділігін танытқанын баса айтқым келеді.  Бір айға созылған үгіт-насихат жұмыстары кезеңінде өңіріміздің үміткерлері 88 мыңнан аса адамды қамти отырып, 3 мыңнан астам кездесу өткізіпті. Оның ішінде бастауыш партия ұйымдарында 2 мыңға жуық кездесу өтіпті. Кездесу барысында праймериз қатысушыларына халықтан 1,5 мыңға жуық ұсыныс пен аманат түсіп, облыс бойынша кандидаттарға арналған 176 жария пікірсайыс ұйымдастырылған. Елде тұңғыш рет өткізілген Праймеризге қоғам алдындағы өз жауапкершілігін сезіне отырып, додаға алғашқылардың бірі болып қатысу кім-кімге де оңай болған жоқ. Айға жуық уақыт жұмсап, осы аламанда бағын сынап көргендердің бәрі сарыуайымға түсіп,  сабырсыздана үміт пен күдікті қатар басынан кешті. Дей тұрғанмен, партияішілік іріктеудің алғашқы кезеңінің нәтижесі мен үшін ойдағыдай аяқталды. Аудан бойынша алпыс төрт үміткер арасынан  жеті ер азаматтан кейінгі 8-ші орынға шықтым. Алғашқы ондыққа кірдім. Жиырмаға жуық ауданның іскер әйелдерінің көшінің басын ұстадым. Көп ұзамай алдағы болатын партиялар сайлауында бақ сынау үшін тағы да мүмкіндік бұйырылып, партиялық тізімге ендім. Талас аудандық маслихат депутаттығына үміткер болып тіркелгендігім жөнінде  куәлік берілді де, өзім сықылды партиялас әріптестеріммен бірге  белгіленген мерзім аралығында партиямыздың сайлауалды бағдарламасымен  ел ішін ақпараттандыру,  түсіндіру жұмыстарын үздіксіз атқарып шықтық.Үгіт-насихат барысында «Есіктен-есікке», «Канвассинг», «Экспромт», ZOOM, онлайн, оффлайн, тікелей эфир форматтарын пайдаланып, аудан тұрғындарына «Nur Otan» партиясының бағыты тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру болып табылатынын айтып, ел еңсесін түсірмей ұстап тұрған алтын бесік ауылдың да жағдайы назардан тыс қалмайтынын жеткіздік. Біреу біреуден  жақсылық көрсе, соны жан-жағына ризалықпен айтқысы келіп тұрады. Ол – оның жарнамасын жасау емес, жақсының жақсы екендігін тани білу, көзімен  көру деген сөз. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген сөзді атамыз Қазақ осындайдан қалдырған. Біздің халқымыздың көпшілігі «Nur Otan»  партиясының қамқорлығын көріп, жанашырлық шуағына бөленген жандар. Олардың әрқайсысы шын жүректен осы өздерімен бірге жасасып келе жатқан халықтық партияның алдағы сайлауда қалайда жеңімпаз болғанын қалады. Сәттілік тіледі. Осы орайда ауданымыздағы Саду Шакиров ауылдық округіне қарасты С. Шәкіров  пен Тамабек ауылдарынан бастап, Үшарал, Көшек, Есейхан, Тамды,  Көктал, Ақкөл, Ойық, Бостандық, т.б. секілді елді-мекендер тұрғындары өздерінің сайлаушы ретіндегі жауапкершіліктерінің жоғары екенін танытты. Қайсысымен жолықсақ та, өздерінің  таңдауларын әлдеқашан жасап қойғанын және ол таңдауларының жетекші партия «Nur Otanға» түсіп тұрғанын бүкпесіз айтысты. «Алла қаласа, сайлауға келеміз, жанұямызбен барып дауыс беруге тырысамыз, билік партиясын – Nur Otanды қолдаймыз» – дескен  таластық жерлестеріміз партиямыздың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жасап жүрген біздерге рақметтерін білдіріп, ұсыныс-пікірлерін де айтты. Шағын және орта бизнестің дамуына жағдай  туғызып жатқан «Nur Otan» партиясының жастарды ауылда, өз отбастарында тұрақтандыру шараларына жұмыспен қамту бағдарламасының, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының рөлі зор екенін, және осы жұмыспен жастарды қамтудың көбірек әрі жиірек жүзеге асырылуына кедергілер болмаса екен деген сынды ауыл мәселелеріне қатысты көптеген өз тілек-өтініштерін жеткізді. «Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының әлеуметтік желілердегі жарияланымдарын парақтағанда да, партиямыздың аз шаруа тындырмағанына көңілдері толып, ел келешегінің бұдан да кемел болатынына көздері айқын жеткен сайлаушыларымыз сайлау ануқанының нәтижесінде «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген асқақ ұранды ту еткен нұротандықтармен қашанда бірге әрі мақсаттас және мүдделес екендіктерін көрсетті.

Биылғы саяси науқанның тағы да бір ерекшелігі, партиялық тізім бойынша ҚР Парламенті мәжілісі мен мәслихаттарға өткен депутаттардың арасында қаламгерлер мен зиялы қауым мүшелері көптеп қамтылды. Біздің аудандық мәслихат депутаттары ішінде Жазушылар одағының мүшесі ретінде мына менің де рөлім басым болатынына сенімім кәміл. Өйткені, сан ғасырлар бойы көшпелі қазақ қоғамында заң шығарушылық қызметті билер атқарғанын және шынайы халықтық үлгідегі дала парламенті жұмыс істегенін тарихтан білеміз. Хандықтағы билер кеңесі мемлекеттің саяси-құқықтық, әскери-дипломатиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайын тек әдеттегі қалыппен ғана емес, елдің рухани-мәдени салт-дәстүрімен ұштастыра отырып қамтамасыз еткен. Күлтөбенің басында қабылданған «Тәуке ханның Жеті жарғысында» афоризм, мақал-мәтел, қанатты сөздердің көрініс табуы соның дәлелі. Билер «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» заңдар жинағындағы негізгі қағидалар мен нормаларды толық меңгеріп қана қоймай, ел-жұртының әдет-ғұрпын, шежіресін, тарихын, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізе алатын дара жандар болған. Болашақтың соны сүрлеуін бабалар салған жолдан іздеп, бүгінгі таңда да от ауызды орақ тілді ақын-жазушылар мен тіл, әдебиет, тарих саласындағы ғалымдардың, ел зиялыларының  депутаттыққа көбірек барғандары дұрыс болды деп отырғаным сондықтан. Қазақтың тілін, әдебиетін, тарихын жете түсінетін, ұлттық құндылықтары мен қасиеттерін терең бағалайтын тұлғалар билік пен халық арасын жақындатуға бірден-бір әсер ететін ықпалды күш болмақ.

Қолымызда мандат. Иығымызда жауапкершілік жүгі. Халқымыздың сенімін арқалап,  үмітін ақтауды мойнымызға алған менің де, менің барлық үлкен-кіші өңірлердегі әріптестерім де бұл мақсатқа жұмылған жұдырықтай еңбек етуді бастадық.

 Елімізде сайлауалды міндеттемелерді орындаудың  Жол картасы іске қосылды.

«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы кезеңдері елдік сипат алуда. Жол картасы сайлауалды бағдарламаның төрт бағыты бойынша үшжүзалпыс екі іс-шараны қамтиды. Олар жылдарға белгіленген және қаржылық тұрғыдан бекітілген. Жол картасы бойынша атқарылатын іс-шаралардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ экономика мен өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған. Сайлауалды бағдарлама  негізінде өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы  депутаттық фракциясы отырысында да талқыланып, бекітілді. Жалпы, бағдарлама өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық салаларын қамтитын жеті басымдықтан тұрады. Бұл басымдықтардың барлығы да кандидаттар мен сайлаушылардың кездесуінде көтерілген ең өзекті мәселелерді қамтиды. Олардың қатарында елді мекендерді сапалы ауыз сумен, табиғи газбен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, жұмыс орындарын ашу, бизнес-идеяларды қолдау, мәдени-тынығу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыру, спорт нысандарын қолжетімді ету сынды мәселелер бар. Мысалы, бағдарлама ықпалымен 19 инвестициялық жоба қолға алынады деп күтілуде. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда 84 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Тағы бір атап өтетін жайт, 2022 жылға дейін 7 жаңа су қоймасы іске қосылмақ. Бұл 34,5 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Тараз, Жаңатас, Қаратау қалаларында кемінде 35 жоба іске асырылып, 2 600 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші несиеге қол жеткізеді. Сондай-ақ 125,8 мың тұрғыны бар 119 елді мекенді сапалы ауыз сумен және 128 мың адам тұратын 107 ауылды газбен қамту  жүргізілмек. Тараз қаласы мен аудандарда 156 тұрғын үй пайдалануға берілетіні де бағдарламаның баяндылығын көрсетіп отыр. Өңірдегі үш ауысымды 9 мектептің, апаттық жағдайдағы 2 мектептің орнына жаңа ғимараттың құрылысы қолға алынып,  77 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бағдарламаның білім саласына тигізер тағы бір пайдасы – М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде, Абай атындағы Жамбыл  гуманитарлық колледж мен  Жамбыл жоғары медициналық колледжінде, Меркі ауданындағы №9 колледж жалпы сыйымдылығы 1700 орын болатын 5 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін 125 оқу орнының маңындағы көшелер толықтай жарықтандырылады.

Демек, бұл –  5 жылға жоспарланып отырған бағдарлама аясында партия сайлаушылары алдында берген өз уәдесін толықтай орындайды деген сөз.

«Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда, әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық»,- деді  өзінің жақында ғана жариялаған мақаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев  «Тәуелсіздік бәрінен Қымбат» атты бұл мақаласында тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырғанда, оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрды. Азаттықтың алғашқы онжылдығын «Жаңа Қазақстанның  іргетасын қалау кезеңі» деп атаған Қасым-Жомарт Кемелұлы екінші онжылдыққа  «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» деген ат береді.Үшінші онжылдық «Мерейлі мемлекетке айналған кезең». Осы кезеңдердің басы-қасында әрдайым қазақстандықтармен бірге жасасып келе жатқан саяси жетекші күш «Nur Otan» партиясы тұр.

Ендеше, мерейлі мемлекетке айналған кезеңіміздің бағасын біліп, қасиетті Тәуелсіздігіміздің құрметін арттыра беру – бүкіл отандастарымыздың ортақ міндеті.

Үміт  Қыранқызы БИТЕНОВА, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жетінші шақырылған Талас аудандық мәслихаты «Nur Otan» партиясы  депутаттық  фракциясының мүшесі, Құқықтық тәртіп, мәдени-әлеуметтік салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрайымы, Жамбыл облысы.

Comments (0)
Add Comment