Туристік әлеует артуда

Жамбыл облысында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер мен көркем табиғатты тамашалауға келетін туристердің саны артқан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,4 пайызға артып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова мәлімдеді.

Думан САХИ
Суретті түсірген Юрий КИМ

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Туризмді дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Бұл сала Жамбыл облысында да жергілікті биліктің жіті назарында. Туризм саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыста туристер легінің өсу динамикасы байқалуда. 2019 жылғы қаңтар-наурыз қорытындылары бойынша өңірге табан тіреген туристерді орналастырумен шұғылданатын арнайы орындардың саны 181 бірлікке жеткен. Ондағы орындар саны 2005 бөлме, бұл ретте біржолғы сыйымдылық 3872 төсек-орынды құрайды. Нәтижесінде 30 984 адамға қызмет ұсынылып, туристер саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 21,4 пайызға артқан. 2019 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша резидент емес келушілердiң саны 17,9 пайызға өскен. Ал өңірдегі ірі инвестициялық жобалар турасында сөз қозғаған Қарлығаш Әмірқызы олардың туристік әлеуетіне де кеңінен тоқталып өтті.
– Жамбыл облысында екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – «Қаралма» тау-шаңғы базасы, екіншісі – «Шахристан» этно-мәдени кешені. «Қаралма» тау-шаңғы базасы жобасының құны 3 миллиард 355 миллион теңгені құрайды. Кешен Талас Алатауының 3200 метр биіктігінде орналасқан. Бүгінгі таңда құрылысқа 274 гектар жер телімі бөлініп, электр қуатымен жабдықтау, газ бен су құбырын жүргізу инженерлік коммуникациялары өтетін жерлер анықталып, автожол құрылысы аяқталды. Техникалық сипаттамалар бойынша арқанды жолдың ұзындығы 2050 метрді құрайды. Кешеннің құрамына 20 коттедж, 100 орындық 1, 70 орындық 2 мейрамхана, 30 орындық кафе, бақылау мұнарасы, қызмет көрсету орталығы, 100 автокөлікке арналған автотұрақ, бассейн және басқа да сауда ойын-сауық орындары кіреді. Ал екінші жоба Тараз қаласының орталығынан ашылады деп күтілуде. «Шахристан» этно-мәдени кешені» жобасы 13 863 шаршы метр аумаққа орналасатын болады. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард 768 мың теңге. Оның ішінде Руханият орталығы, музей, көрме орталығы, сурет галереясы, арбат қарастырылған. Сонымен қатар ежелгі салт-дәстүрлерді жаңғырту мен облыстағы кәдесый өнімдерін өндіруді дамытуды көздейтін «Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығы орналасатын болады, – дейді Қарлығаш Аралбекова.
Басқарма басшысының баяндауынша, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің туристік компанияларымен жазғы маусымда Ыстықкөлден туристерді «Көне Тараз шеберлері» қалашығына әкелу қарастырылған. Іс-шараға қазіргі таңда барлығы 5565 адам тартылған. Олардың 500-ден астамы Германия, Италия, Жаңа Зеландия, Жапония, Болгария, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен келген шетелдік туристер.

Comments (0)
Add Comment