Трансшекаралық суға тәуелділік төмендейді

Су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасының мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Осы ретте облыстың трансшекаралық су пайдалануға тәуелділігін төмендету мақсатында су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өтіп жатқан баспасөз конференциясы барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

– Біріншіден, көлемі 650 млн текше метрді құрайтын жұмыс істеп тұрған 2 су қоймасында қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек көлемі 166 млн текше метрді құрайтын тағы екі су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Екіншіден, 2025 жылға дейін көлемі 46,2 млн текше метрді құрайтын 13 су қоймасының құрылысы жоспарлануда. Оның 3-еуі ірі, 10-ы шағын болады. Ағымдағы жылы көлемі 1,4 млн текше метрді құрайтын 3 су қоймасының құрылысы жүргізілуде.

Үшіншіден, Жамбыл ауданындағы гидрологиялық бекетке күрделі жөндеу жүргізілуде. Нысанды қалпына келтіру Талас өзенінің бассейні бойынша Мемлекетаралық бөлімшені жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, 2027 жылға халықаралық институттар қаражаты есебінен 361 су нысанын қайта жаңарту жоспарлануда, – деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек бүгінгі таңда облыстың 6 ауданында каналдарды қайта құру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Онда суармалы алаң жоспарланған 69 мың гектардың шамамен 34 мың гектарын құрайды. Суармалы су көлемін ұлғайту үшін жоспарланған 646-дан 103 ұңғыма бұрғыланған. Нәтижесінде вегетациялық кезеңде суармалы трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті 3 жылда 50 пайызға дейін төмендету жоспарлануда.

Comments (0)
Add Comment