Талайғы тарихтың куәсі, көне дәуірлердің естелігі болған Тараз қаласының адамзат мәдениетінің биігінде алар орны жоғары. Ұлы даланың ұлағатты өркениетінің негізі де осы жерден бастау алады десек, артық емес. Уақыттар алмасып, дәуірлер алға жылжыса да екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардың келбеті көмескі тартпай, керісінше жыл өткен сайын жаңғырып келеді.
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан сәттен өңірлердің екінші тынысы ашылып, тамырына қан жүгіргені белгілі. Осы тұста Тараз қаласы да тотыдай таранып, дамудың даңғыл жолына қадам басты. Әсіресе, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің бастамасымен әзірленген шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған Даму картасы аясында атқарылған айшықты жұмыстар жетерлік. Осы арқылы өзекті мәселелер де өз шешімін тауып жатыр.
Бүгінде облыс орталығында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Біріншіден, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында көпір құрылысы басталды. Атап айтсақ, Абай даңғылындағы теміржолдың үстімен өтетін көпір мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды. Қазір көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлермен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтажына қайтаруға 1,8 миллиард теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Маңызы зор, ауқымды жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Екінші жоба Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралықты қамтиды. Мұнда Тараз қаласындағы теміржол, өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салуға басымдық беріліп отыр. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «Горбатый мост» атанып кеткен көпірдегі көлік кептелісі едәуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына, №14 шағынауданға тікелей қатынауға мүмкіндік туады.
Тағы бір ірі жоба – кәріз суын тазарту кешені. Жалпы, дәл қазір қала аумағынан шыққан кәріз суы көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылып жатыр. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша «Жол картасы» әзірленді. Оған сәйкес Еуропа Қайта құру және даму банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кешеннің құны 47 миллиард теңге, қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр шайынды суды тазартуға жетеді деп болжанып отыр. Жобаны қаржыландыру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, оның еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылады деп көзделген.
Бұдан бөлек, Тараздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қаланың Бас жоспары қайта қаралып, оған толықтырулар енгізіліп, Үкіметтің 2024 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бекітілген еді. Осы Бас жоспар көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды жер учаскесімен, пәтермен қамтамасыз ету, шаһар аумағын абаттандыру, көгалдандыру, сәулеттік келбетін жаңғырту, туризмді дамыту секілді негізгі бағыттарды қамтиды.
Нәтижесінде биыл облыс орталығымен іргелес жатқан Байзақ, Жамбыл аудандарынан бірнеше елді мекен қала аумағына қосылып, облыс орталығында Әулиеата және Жібек жолы аудандары құрылды. Екі ауданның құрылуы нәтижесінде жер көлемі 19 мың гектардан 31 мың гектарға дейін ұлғайып, халық саны 437 мыңнан 482 мыңға жетті.
Шаһарда екі ауданның құрылуы қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыру, төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, Байзақ ауданынан Талас ауылы, Талас стансасы мен Қызылжұлдыз елді мекендері қосылды. Жамбыл ауданынан Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Сұлутөр, Кемел, Түрксіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым ауылдары қала құрамына кірді. Бүгінде бұл тұрғын алқаптар толығымен құжаттандырылды. Десек те, қосылған ауылдардың мәселесі де жоқ емес. Қазірде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешу жөнінде тиісті жұмыс атқарылып жатыр.
Қаланың аумағы кеңейген соң, халықтың тұрғын үйге сұранысы артатыны анық. Бүгінде шаһар бойынша 23 мыңға жуық азамат коммуналдық-тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Бұл, әрине, қоғамдағы аса өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан қазір қалада осы мәселені шешу мақсатында ауқымды құрылыс қолға алынып жатыр.
– Бүгінде «Шапағат» шағынауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданды. Қалған 4 үйдің құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ аталған шағынауданның егжей-тегжей жоспарлау жобасы бойынша 351 жеке тұрғын үй құрылысы, 82 бес қабатты, көппәтерлі тұрғын үй, жалпы білім мектебі, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимараты, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, саябақ, инженерлік, коммуналдық қойма құрылыстарының аумақтары, коммерциялық қызмет көрсету нысандары, перзентхана, спорт кешені, мәдениет үйі, мешіт қарастырылған.
Сондай-ақ «Ұлы дала» шағынауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға тапсырылып, қалған 22 үй салынып жатыр. Ал «Балауса» шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп келеді. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, мұнда 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат, Салтанат сарайы, инновациялық шығармашылық орталығы, денешынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кәсіпкерлік нысандар қарастырылған.
Бұған қоса шаһарымыздағы А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алабына қосымша 66 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Бұл жөнінде республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.
Ерекше атап өтерлігі, «Қарасай» шағынауданының жоспарлау жобасын да әзірледік. Бұл жерде де көпқабатты тұрғын үйлермен қатар түрлі әлеуметтік, коммерциялық нысан халыққа қызмет көрсетеді.
Жеке инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобалар да қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Атап айтқанда, Жамбыл даңғылының бойында бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған қоса 120 бөлмелік «Hilton» қонақүйінің құрылысы да жоспарланған.
Тараздықтар тарапынан жер кезегіне байланысты өтініш жиі түседі. Оның үстіне қалаға жаңа елді мекендердің қосылуы бұл мәселені күн тәртібіне қайта шығарғаны белгілі. Осы сәтті пайдаланып, осы мәселеге жауап бере кеткім келіп отыр. Бүгінде шаһарда тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2025 жылдар аралығында 130 479 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564,6 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізуге ден қойдық. Соның нәтижесінде А.Асқаров көшесінің соңында – 312 гектар, «Хамукат» алқабында – 126 гектар, «Қарасай» алқабында 126,6 гектарға тұрғын алабын орналастыру мақсатында 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыс жүзеге асырылып жатыр, – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Бұдан бөлек, шаһарда тұрғын үйлерді жөндеуге де ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда Тараз қаласының тұрғын үй қорында қазіргі таңда 1 438 көппәтерлі үй бар. Оның 151-і – барак типтес үйлер, 1 287-сі – екі қабатты және одан жоғары үйлер. Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 553 үй жаңғыртылса, қалған 550 үй жөндеуді қажет етеді. Осыған орай 2024 жылы 5,1 млрд теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үй жаңа кейіпке енді. Сонымен қатар қайтарым қаражат есебінен 870 миллион теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Биыл 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілген.
Қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. 2025 жылы Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі. Қазір 8 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары басталып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Кейінгі бірер жылдың бедерінде қыс айларында еліміздің солтүстік аймақтарында болған төтенше жағдайлар жылу желілерін жаңғырту жұмысын жеделдету қажеттігін көрсеткен болатын. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да нақты тапсырмалар жүктеді. Президенттің осы тапсырмасы Таразда ойдағыдай орындалуда.
Атап айтсақ, жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 2024 жылы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жүргізіліп, 4 602 метр жылу құбыры ауыстырылды. Биыл Төле би даңғылының қалған бөлігіндегі 1 536 метр жылу құбыры қайта жаңғыртылды.
«Ұлы дала» шағынауданындағы магистралдық, орамішілік жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, Жамбыл даңғылы мен Төле би даңғылының қиылысынан бастап, Д.Қонаев, С.Сейфуллин көшелері бойындағы «М-3» жылу магистралі қайта жаңғыртылып, Төле би, Әйтеке би көшелерінің белгілі бір бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталды. Қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу құны 27,3 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім берілді. Осы жобалар толығымен іске асырылған жағдайда шаһарымыздағы жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді.
Мемлекет басшысы жүктеген тағы бір маңызды міндет – 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз ауызсумен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар да – басты назарда. Осы мақсатта шаһар аумағында 2023-2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық, облыстық бюджеттің қолдауымен 10,2 миллиард теңгеге 641,7 шақырым су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызылабад», «Жиделі», «Қарасай», «Тектұрмас», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуренец», «Шалғай Қарасу-1, 2, 3, 4, 5, 6, 7» тұрғын алаптарындағы 11 258 аула мен 56 мыңнан астам тұрғын сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, екі ауданнан қосылған Бектөбе, Қызылшарық, Түрксіб елді мекендеріне орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылғанымен, іске қосылмаған. Қазіргі кезде аталған су ғимараттарын ауданнан қабылдап алынған. Ақаулары анықталып, су беруге қатысты жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр шаһар аумағында 9,8 шақырымға созылған 10 көшенің ауызсу құбыры жергілікті бюджет есебінен жаңартылды. Жаңадан бұрғыланатын су желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Магистралдық су құбырларының тозығы жетуіне байланысты, Айша бибі көшесінен Ы.Сүлейменов көшесіне дейін «Төрткөл» алабының су құбырын, бас су мұнарасынан магистралдық су құбырларын жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Бұдан бөлек, Абай даңғылы, Қолбасшы Қойгелді, А.Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан, Е.Ниетқалиев көшелеріндегі магистралды су құбырларын қайта жаңғырту жөнінде сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жіберілді.
Тараз қаласындағы «Алматы теміржол су» мекемесінен қабылданған М.Тынышбаев, Б.Пірманов, Локомотив, С.Шаумян көшелері, «Песочный» алабындағы су құбыры желілері мен ұңғымаларын қайта жаңғырту туралы сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жолданды. №16 шағынауданды ауызсумен қамтамасыз етудің екінші кезеңі де аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қала аумағында 2022-2023 жылдары жүзеге асқан нысандардың жобаларында деректерді қашықтықтан беру есептегіш құралдары қарастырылған. Бұл құралдар жобаға сәйкес су құдықтарына орнатылған. Биыл «Ақылды қала» жобасын ауызсу саласында дамыту үшін су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне қолжетімділікті ұйымдастыру жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарға 44 миллион теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы мердігер анықталып, жұмыс басталды. Яғни енді тұтынушылардың су есептегіштерінен деректерді тікелей «Жамбыл су» мекемесіне жолдауды қамтамасыз етеді.
Ауызсу желісі жүргізілмеген «Новоджамбулец», «Дорожник», «Талас» алаптарының да мәселесі назардан тыс қалмай, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға ұсынылды. «Дорожник», «Талас» алаптарын ауызсумен қамтамасыз ету жобаларына сараптаманың оң қорытындысы алынды. «Новоджамбулец» алабын ауызсумен қамтамасыз ету жобасына сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Тараз қаласындағы тозығы жеткен су құбырларын жөндеу көзделген. Биыл 6 көшеде ауызсу құбыры тартылады.
Тараздық тұрғындар тарапынан көп қойылатын сауалдың бірі – көше жарығы. Осыған орай былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған еді. Ол жұмыс толығымен аяқталды. Нақтырақ тоқталсақ, 2025 жылы 85 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату көзделген болатын. Оның ішінде 67 көшенің жұмысы биыл аяқталса, 18 көше – 2026 жылға өтпелі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен 2024 жылы қалалық бюджеттен 266 миллион теңге бөлініп, 10 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жарықтандырылды. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жол, 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, С.Сейфуллин көшесінің бойына, Жамбыл даңғылының Қ.Сәтбаев көшесі мен Сыпатай батыр көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Биыл қаладағы негізгі көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыруға мердігер мекеме анықталып, жұмыс басталды. Сонымен қатар С.Сейфуллин көшесінің бір жақ бетіне түнгі жарық шамдары орнатылып жатыр.
Қалаға қосылған 14 елді мекен де назардан тыс қалмай, ондағы 38 көшені 2026 жылы жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткізілген. Бұған қоса 2024 жылы қала маңындағы саяжай алаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғарывольтты желілер мен қосалқы стансалар құрылысы басталды. Құны 8,7 млрд теңгені құрайтын жоба 2026 жылы аяқталады.
– Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында аталған мәселеге баса назар аударылған. Расында, шаһардың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты көрінісі жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі, көлік қозғалысының діттеген бағытына уақытында жетуі де жол сапасына байланысты. Кейінгі 3 жылда Тараз қаласында 420 көшеге асфальт төселді. Бұл да кейінгі жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі.
2024 жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтті. «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Комунальник», «Лето», «Ветеран» тұрғын алқаптарында ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшеге шағалтас төселді. Сондай-ақ былтыр шағынаудандардың ішкі жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл Рысбек батыр, А.Асқаров көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар 96,7 шақырымды құрайтын 113 көше мен жаяу жүргінші жолдары орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, 20 саяжайдағы ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 100 көшеге шағалтас төселді.
Жылдар бойы шешімін таппаған «Бурыл А,Б,В», «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Бурыл А,Б,В» алқабындағы 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Бүгін 66 көшені асфальттау толық аяқталса, қалған 9 көшедегі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, – дейді шаһар басшысы.
Бұған қоса, «Барысхан» тұрғын алқабындағы 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. 10 көшенің асфальт жабындысы толық төселді. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65-тен 72,5 пайызға дейін артпақ.
Қала аумағы кеңейген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныстың арта түсетіні айқын. Бұл мәселе де көне шаһарда оң шешімін табуда. Бақытжан Әмірбекұлы қала әкімі қызметіне кірісе сала өз жұмысын қоғамдық көліктерді жаңартудан бастауы да автобустардың шаһар тіршілігінде ерекше маңызға ие екенін аңғартып тұрғаны белгілі.
Автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықтағы 70 автобустан алу жоспарланған. Нәтижесінде, 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, 2024 жылы 155 қоғамдық көлік пайдалануға берілді. Биылдың өзінде бүгінге дейін 47 автобус әкелінді. Жыл соңына дейін қосымша тағы 82 автобус жеткізу көзделген. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде «Автобусный парк-2020», «Smart City Servise», «RashLau» компанияларында жаңа автобустардың үлесі 100 пайызға жетті. Бұл жоспарланған меженің артығымен орындалғанын көрсетеді.
Өткен жылы халық сұранысына сай 5 маршрут ашылса, биыл олардың қатары тағы 2 жаңа бағытпен толықты. Қазір де қала аумағында қатынайтын 290 бірлік автобус үлкен сыйымдылықты, 3 жылға дейінгі жаңа қоғамдық көліктерге жатады. Бұл қазіргі бағыттарда күнделікті қызмет көрсетіп жүрген автобустардың 75 пайызын құрайды.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жылжымалы құрам саны 330 бірлік автобустан 437 бірлікке дейін артты. Жолаушылар бағыттарына қосымша 11 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 43 бағытқа жетті.
Бұған қоса былтыр шаһар аумағында 80 аялдама орнатылса, биыл 75 аялдама қою жоспарланған. Осы ретте атап өтерлігі, әлеуметтік маңызы бар қалалық, шаһар маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 5,3 миллиард, 2025 жылға 5,2 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
Әрине, көне шаһарды көркейтуге бағытталған жарқын жобалар тек бұлармен шектелмейді. Аулаларды абаттандыру, қаланы көгалдандыру, әлеуметтің тұрмыс сапасын жақсарту және білім, мәдениет, туризм секілді жетекші салаларда жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ