Топта көш бастап тұрмыз

Футзалдан Нидерландыда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Ұлттық құраманың оғландары топтық кезеңдегі екінші ойында Финляндия құрамасын тізе бүктірді. Осылайша, біздің жігіттер «В» тобында көш бастады.

Жалпы футзалдан Ұлттық құраманың ойыншылары талай байрақты бәсекелерде мерейімізді үстем еткен еді. Десек те, Еуропа біріншілігіне осал командалар қатыспайтынын ескерсек, жігіттерге босаңсуға болмайды. Бұған команданың чемпионаттағы алғашқы ойыны дәлел. Есте болса, Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы ойынын Словенияға қарсы өткізіп, абырой болғанда ұтылып жатып, таразы басын теңестіріп кеткен еді. Жалпы «В» тобында Италия, Словения, Финляндия командалары күш сынасуда. Ұлттық құраманың үздіктері күні кеше Финляндия құрамасын 6:2 есебімен жеңіп, жанкүйерлерін қуантып тастады. Ойынның алғашқы минуттарынан финдер мінез танытып, тіпті алғашқы голды да соғып кеткен. Алайда ойын соңына дейін Біржан Оразов таразы басын тең түсірсе, финляндиялықтар екінші таймда тағы алға шықты. Араға бірер минут салып қақпашымыз Игита есеп айырмасын тағы қысқартты. Игита осы кездесуден кейін үш бірдей Еуропа чемпионатында гол соққан қақпашы ретінде тарихта қалды. Ойын соңына дейін отандасымыз Арнольд Кнауб дубль авторы атанса, Біржан Оразов та қарсылас қақпасына екінші голын соқты. Ал алтыншы голды Азат Валиуллин өз еншісіне жазды. Әзірге Ұлттық құраманың үмітін арқалаған аяқдопшылар екі ойыннан кейін төрт ұпаймен көш басында тұр. Біздің жігіттер топтық кезеңдегі үшінші ойынын 28 қаңтар күні Италия құрамасына қарсы өткізеді. Ендеше, жерлестерге бірге жанкүйер болайық, ағайын!

Сәндібек Піренов

Comments (0)
Add Comment