Толағайларға құрмет толастамайды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев XVII Жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалидің шаңырағына барып, ата-анасына құрмет көрсетті.

Ербол Қарашөкеев жүзу шеберін тәрбиелеп, қолдау көрсеткен ата-анасы мен жақындарына жамбылдықтардың атынан алғыс білдіріп, ризашылығын жеткізді.
– Нұрдәулет Азия рекордын жаңартып, ел қоржынына күміс жүлде сыйлады. Ол қазақстандықтардың мерейін асырып, жанкүйерлерінің сенімін ақтады. Әсіресе Жамбыл жұртының абыройын асқақтатты. Оның жеңісі біз үшін алтынға бергісіз. Спортшымыз осы арқылы бойындағы күшті ерік-жігерін, табандылығын таныта отырып, нағыз ер азамат екендігін дәлелдеді. Ол Паралимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері атанып, айтулы жетістікке жетіп отыр. Бауырымыз, бұйырса, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарында алтыннан алқа тағатынына сеніміміз зор! – деген облыс әкімі спорт шеберінің ата-анасына құрмет көрсетіп, марапаттады.
Өз кезегінде спортшының ата-анасы мемлекет пен облыс басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Парижде түндігін түрген Жазғы Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Айталық, ел спортшылары байрақты бәсекеде тоғыз медаль алып, Токиодағы көрсеткішін жаңартты. Мәселен, пауэрлифтингтен 54 келі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы Давид Дегтярев 188 келі көтеріп алтын медаль жеңіп алды. Дегтярев Токиодағы ойындарда да жеңімпаз атанған. Сөйтіп, ол Қазақстан тарихында екі дүркін Паралимпиада чемпионы болған алғашқы спортшыға айналды. Ал паралимпиадалық дзюдодан 48 келі салмақта Ақмарал Науатбек чемпион атанды. Қазақстан құрамасы алған 9 медальдің бесеуін парадзюдошылар олжалаған. Ақмарал Науатбектен бөлек, Ерғали Шамей күміс, ал Даяна Федосова, Зарина Раифова және Жұрқамырза Шүкірбеков қола медальға қол жеткізді. Одан бөлек, нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміс алса, жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола жүлдеге қол созды.
Осылайша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 39-орынға жайғасты. 2024 жылғы Паралимпиада ойындарына 9 спорт түрінен 33 лицензия алған Қазақстан құрамасы Парижге 44 спортшы алып барған еді. Олардың 4-і жамбылдық жампоздар.
Дүбірлі доданың көшін 99 алтын медаль жеңген Қытай бастаса, екінші орынға 47 алтыны бар Ұлыбритания, үшінші орынға 36 алтыны бар АҚШ тұрақтады. Ал Орталық Азия елдері арасында ең жоғары нәтижеге өзбек спортшылары қол жеткізді. Олар 10 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль иеленген.

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment