Толағайларға пәтер кілттері табысталды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Асланбек Шымбергенов пен күміс жүлдегері Дулат Бекбауовты арнайы марапаттады.

Айта кетейік, аталған байрақты бәсекеге Қазақстан құрама командасынан 13 спортшы қатысса, оның екеуі жамбылдық – 67 келі салмақ дәрежесіндегі Дулат Бекбауов пен 71 келідегі Қазақстан құрама командасының капитаны Асланбек Шымбергенов.
Салтанатты шара барысында жамбылдық жанкүйерлер, жас спортшылар жеңімпаз спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетті.
Айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов спортшыларға арнау айтып, жеңістерін жырға қосты.
– Әлемдік бәсекеде көк туымызды биікке көтерген өрендеріміз Асланбек пен Дулатты айтулы әлемдік жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Жамбыл бокс мектебінің жарқын дәстүрін сақтаған спортшыларымыз өздерін нағыз шебер боксшы екенін осы әлем біріншілігінде айрықша көрсете білді.
Бүгінгі бокс әлемінде өздерінің дара талантымен талайды мойындатқан Асланбек пен Дулат кешегі Жамбыл боксының даңқын төрткүл дүниеге паш еткен Серік Қонақбаев, Болат Жұмәділов, Ермахан Ыбрайымов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов, Олжас Сәттібаев, Әбілхан Аманқұл сынды хас шеберлердің жеңісті жолдарын табысты жалғастырды.
1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында Болат Жұмәділов алтыннан алқа тақса, араға 24 жыл салып Асланбек Шымбергенов сол жеңісті, сол ерлікті қайталап отыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, жоғары мәртебе.
Боксшыларымызды үлкен рингке баулып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне көтерген Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков пен Ермек Ертаевтардың ерен еңбектерін де айрықша атап өткім келеді, – деген Нұржан Молдиярұлы боксшылардың ата-аналарына да ризашылығын жеткізді.
Сондай-ақ аймақ басшысы Асланбектің алтын, Дулаттың күміс медалі алдағы Париж Олимпиадасының алтын медаліне ұласуына ниеттестігін білдірді.
Содан соң облыс әкімі спорт-шыларды марапаттап, сый-сияпаттарын табыстады.
Атап айтсақ, әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтердің кілті, оның жеке бапкері Ермек Ертаевқа 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал әлем чемпио-натының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2 бөлмелі пәтерге, оның жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков 3 миллион теңгенің сертификатына қол жеткізді.
Салтанатты шара барысында қоғам қайраткері, Жамбыл облысы бокс федерациясының тұңғыш президенті Қайрат Шотпақов та өз құттықтауын жеткізіп, спортшылардың елеулі еңбегін атап өтті.
Келесі кезекте әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов те өзінің әсерімен бөлісіп, қолдау білдіріп, тілеулес болған барша жанкүйерлеріне алғысын айтты.

Жұмаш Жолболды

Comments (0)
Add Comment