Токио Олимпиадасын тез ұмытқың келеді

Төртжылдықтың айтулы аламаны Токио Олимпиадасы мәресіне жетті. 16 күн 206 мемлекеттің 11 мыңға жуық спортшысы бақ сынаған бәсекеде ел спортшылары сегіз қолаға ғана қол жеткізді. Бұл – ұлттық құраманың ең сәтсіз көрсеткіші. Бізді тіпті Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан түгілі Фиджи, Сан-Марино, Намибия сынды мемлекеттердің өздері шаң қаптырды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Жасыратыны жоқ, Қазақстан құрамасы бұған дейін бірде-бір Олимпиададан алтынсыз қайтпаған болатын. Ең құрығанда, қоржынымызға жоғары сұрыпты бір жүлде түсуші еді. Алайда бұл жолы алтын түгілі күмістің өзі арман болды.

Рас, әлемдік пандемияға байланысты көптеген іріктеу турнирлері өтпей, Қазақстан Токиоға 98 жолдамамен ғана барды. Бірақ бұл аз дей алмаймыз. Себебі Косово сынды мемлекеттер төрт спортшымен де барып, алтыннан алқа тақты.

Біздің ақсаған тұсымыз ауыр атлетика болғандай. Олай дейтініміз, допинг дауынан кейін Токио Олимпиадасында ерлер салмағы қысқарды. Нәтижесінде ұлттық құрама тек екі зілтеміршісін ғана апара алды. Десе де, Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло ерлеп, екі бірдей қоланы қоржынға салды. Әттең, егер Токиоға толық құраммен барғанда, бұдан да биік нәтиже көрсетер ме едік? Бәлкім, алтын дәл осы ауыр атлетикадан келер ме еді деген ой да маза бермейді. Оған қоса, допинг дауына қатысы бар деп кінә тағылған бапкер Ержан Болтаев қазір Өзбекстанның ауыр атлеттерін баптап жатыр. Оның шәкірті Токиода Олимпиада рекордын жаңартып, өзбек халқына алтын медаль алып берді.Осының өзі терең ойға қалдырады.

Бокс державасы саналған Қазақстан боксшылары бұл жолы білгенінен жаңылды. Турасы, жерге қаратты. Арлен Лопес, Хулио Сесар Ла Крус секілді боксшылары бар кубалықтар өз салмақтарында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанып кетті. Ал бізде екі дүркін Олимпиада чемпионы атымен де, затымен де болған емес. Тіпті Токиода бір алтынға зар болғанымызды айтудың өзі ауыр.

2000 жылы Сидней төрінде 12 салмақ бойынша екі қазақ чемпион болғанда, Кубаның төрт бірдей боксшысы алтын медаль жеңіп алды. Бүгінде ерлер боксы сегіз салмаққа қысқарды. Соның өзінде Куба боксшылары төрт алтын алып, Сиднейдегі жетістігін қайталады. Осы нәтиже кубалықтардың Бейжің Олимпиадасында бірде-бір алтын ала алмай қалған қателіктерін жуып-шайды. Егер біз де келесі Олимпиадада топырлатып алтын алып тастасақ, боксшыларымызға деген өкпеміз жазыла ма? Оны енді уақыт көрсете жатар.

Бір анығы, жаңа бапкер Ғалымбек Кенжебаев ұлттық құрамаға келгелі бокстың салы суға кеткендей. Олай дейтініміз, Токиода сегіз салмақтың барлығында біздің боксшылар өнер көрсетті. Алайда екеуі ғана қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл тұста төрешілерге өкпе арта алмаймыз. Себебі Рио Олимпиадасына қарағанда Токиода қазылар әділ төрелік етті. Тек Сәкен Бибосыновтың жолын байлады демесеңіз, қалғаны дұрыс.

Негізі, соңғы жылдары бокс мәнері түбегейлі өзгерді. Бұрынғыдай желіп жүріп, тактикалық тұрғыдан қарсыласыңды тұқырта алмайсың. Бүгінгі бокс нағыз төбелеске айналған. Тіпті төрешілердің өзі төбелескіш боксшыларға бір бүйрегін бұрып тұратындай. Токио бізге осыны көрсетті. Алайда оны ескеретін бізде бапкер болмады. Нәтижесінде уақытты созып, жеңіліс тауып жаттық. Ал бұл әдісті Куба мен Ресей боксшыларын айтпағанда, Бразилия, Өзбекстан, Филиппин және АҚШ мемлекеттерінің былғары қолғап шеберлері жетік меңгергені анық аңғарылды.

«Қазақ – батыр халық» деп балуандарымызға қаратып айтқаннан жалықпаймыз. Әрине, Қажымұқан Мұңайтпасов бастап, даңқты Жақсылық Үшкемпіровтей балуандарымыз жалғап отырған қазақ күресінің тарихы тереңде. Алайда ел егемендігін алғаннан кейін балуандарымыз ала-құла өнер көрсетуде. Грек-рим күресінен 1996 жылғы Атлантада Юрий Мельниченко тәуелсіз Қазақстан үшін алтын алып бергенімен, содан бері оның ерлігін ешкім қайталай алмауда. 2004 жылы Афинада Георгий Цурцумия қолда тұрған Олимпиада алтынынан айырылып, күмісті қанағат тұтса, Мхитар Манукян қола жүлде иеленді. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Нұрбақыт Теңізбаев күміс медаль жеңіп алып, 2012 жылы Даниял Гаджиев үздік үштіктен көрінді. Ал Рио мен Токио Олимпиадасында Бақтияр Байсейітов баптайтын грек-рим шеберлерінің қоржыны бос қайтты.

Әсет Серікбаев баптайтын еркін күрес шеберлері Токиода бес салмақта белдесіп, Нұрислам Санаев қола жүлдегер атанды. Еркін күрес шеберлерінің 1996 жылдан бергі нәтижелеріне көз салсақ, тек Рио Олимпиадасында ғана жүлде ала алмадық. Осыған қарап, шүкірлік етуге болады. Алайда балуандарымыздың алтын медаль алуларына да шамалары бар. Тек жеңіске деген жігер керек. Бапкерлер болашақта осы бағытта жұмыс жасайды деп сенеміз.

Бұған дейін жеңіл атлеттеріміздің жетістігі бір ғана Ольга Рыпаковаға байланысты болғаны жасырын емес. Алайда үш Олимпиадада олжа салған Ольга тұңғыш рет Токиода жүлдесіз қалды. Есесіне спорттық гимнас-тикадан Милад Каримидің өнер көрсетуі көңілге қонды. Жалғыз өзі жеті жолдама жеңіп алған Милад Олимпиаданың іріктеу сынында үш жаттығу бойынша финалға өтіп, Қазақстанда ұмыт болып бара жатқан бұл спорт түрінің бойына қайта қан жүгіртті. Оның алғашқы Олимпиадасында бесінші орын алғанына қарап, болашағы алда екеніне бек сенімдіміз.

Жарыс қожайындары Жапония 27 алтын, 12 күміс және 17 қола медаль жеңіп, Токио Олимпиадасында үздік үштіктен көрінді. Бұл – Күншығыс елі үшін бұрын-соңды болмаған дәреже. Әрине, олар мұндай керемет нәтижеге бірден жеткен жоқ. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында медальдер саны жөнінен үздік ондықтан көрінбегеннен кейін, жетістікке жету үшін жылдар бойы еңбек етті. Спортты дамытумен ғылыми тұрғыда айналысты. Әрбір спортшының намысын оятты. Спортқа деген осындай саясат көп ұзамай жемісін бере бастады. Риода жапондықтар өз тарихында тұңғыш рет 12 алтын медаль алса, Токиода, міне, әлемнің үздік үштігіне енді.

Дәл осындай бағдарлама бізге де керек секілді. Әрине, біз спорт саласының жілігін шағып, майын ішіп отырған маман емеспіз. Алайда Токио Олимпиадасы спортқа жауапты құзырлы құрылымдардың шынайы сипатын және қандай деңгейде жұмыс істеп жатқанын көрсетіп бергендей. Нәтижеге қарап, шұғыл түрде жүйелі ізденіс пен кешенді шешімдер керек екені байқалады. Токио Олимпиадасынан спорт саласына жауапты шенділер бір сабақ шығарады деп сенеміз.

Әрине, ел спортының ертеңіне үмітпен қарайтынымыз анық. Сондықтан Токио Олимпиадасын тез ұмытқың келеді.

Comments (0)
Add Comment