Вирустың екпіні бәсеңдеуінен облыстық көпбейінді аурухана мен Байзақ аудандық орталық ауруханасында ашылған инфекциялық стационарлар жабылды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Олар апта басынан жоспарлы режимде бейінді медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ Жамбыл аудандық орталық ауруханасы мен Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында инфекциялық төсектер саны қысқартылды.
Дәл қазір коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша өңірде барлығы 19 425 жағдай тіркелген. Оның 18244-і дертінен сауығып шықты. Инфекциялық стационарларда – 702, жансақтау бөлімінде 81 науқас ем қабылдап жатыр.
Өткен тәуліктерде КВИ-дің 56 (тәуліктік өсім – 0,3%), пневмонияның 6 жағдайы (тәуліктік өсім – 0,1%) тіркелді. Вирус жұқтырғандардың саны төмендеуіне байланысты инфекциялық төсектер саны 2274-тен 1810-ға дейін азайды.
Бүгінде вакцинаның бірінші компонентін 453347 адам салдырса, бұл егілуге жататын 582 мың адамның 77,9 пайызы. 316 915 адам екі компонентін де қабылдады. Вакцина алғандар тарапынан денсаулығына теріс әсер беріп, шағым келтіргендер жоқ.
Тағы бір айта кетерлігі, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында 27 қыркүйектен бастап той жасауға рұқсат берілді. Яғни «жасыл» аймақтағы өңірлер толтырылуы 50 пайызға дейін, 100 орыннан артық емес мейрамханаларда қуаныштарын атап өте алады.