Конференция лигасының 3-іріктеу кезеңіндегі матчта «Тобыл» босниялық «Зриньски» командасымен тең түсті деп хабарлады turkystan.kz Prosports.kz-ке сілтеме жасап.
Боснияда өткен бірінші матчта «Зриньски» 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сондықтан қарымта ойында қостанайлықтарға тек жеңіс қажет болды.
Дегенмен, үзіліске дейін қонақтар алға шықты. 34-минутта Марио Чуже есеп ашқан. Ал екінші таймда қостанайлықтар есепті теңестіре алды. қазақстандық клуб құрамында Серж Дебле көзге түсті.
Ал матч соңына қарай қорғаныстағы қателіктен соң қақпашы Александр Мокин ойын тәртібін бұзуға мәжбүр болып, алаңнан қуылды.
Осылайша, «Тобыл» өз алаңында жеңе алмай, Конференция лигасымен қоштасты. Еурокубоктарда қазақстандық клубтар қалған жоқ. Бұған дейін «Астана» мен «Қайрат», ал бүгін «Қызыл-Жар» еурожорығын аяқтаған еді.