Тоқпанов театры

Қазақстан өзінің театр өнерін дамытуда тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылға жуық аралықта біраз шаруа тындырды. Басқа елдер барынан айырылып, өнер ордаларын жауып жатқанда, Елбасымыздың өзінің жеке қамқорлығымен, тікелей қатысуымен кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа 10-нан астам театр ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады.

Бұл салада жасалып жатқан іргелі істерге, елеулі жетістіктерімізге көңіл марқая отырып мәдениетіміз бен өнерімізде, соның ішінде рухани өміріміздің ажырамас серігіне, қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің айнасына айналған театр өнерін өркендетуде әлі де болса қиюы келмей жатқан тұстарды терең ашып қарайтын кез келген секілді. Қайта құру, кеңестік мемлекеттер құрылымының ыдырауы, өтпелі кезең қиындықтары, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы қаржылық дағдарыстарға қосарлана бұрынғы мәдени байланыстары үзіліп, әбден қан-сөлінен ажырай бастаған театр өнері қазір жаңаша қарқынмен дами бастады. Жұмыс жасау негізі репертуарлық театр болып қалыптасқан Қазақстан театрларының бүгінгі жеткен белесін, бағындырған көркемдік деңгейін сақтап қалу қажеттілігі күн тәртібінен түскен жоқ. Оның зымыраған уақыт тынысын сезетін, замана тыныс-тіршілігімен қатар соғар жүрек дүрсілін айқындайтындай толыққанды жұмыс жасауына жағдай жасау, қоғам өміріндегі орнын құқықтық тұрғыдан қайта қарауды, заң шығару және атқарушы билік мекемелерімен қайшылыққа түспей, керісінше, түсіністікпен, шығармашылықпен жұмыс жасауына мүмкіндік беретіндей етіп реттеу қажеттігі – бүгінгі күннің басты мәселесі.
Хош. Енді Жамбыл облыстық қазақ драма театрына жаңа атау беріп, жаңа белеске қадам жасау турасында айта кетсек. Аталған театрға осыдан жиырма жыл уақыт бұрын ұлтымыздың кәсіби режиссурасының негізін қалаушы, тұңғыш кәсіпқой режиссер, талантты актер, ұлы ұстаз, профессор Асқар Тоқпановтың есімін беру туралы ұсыныс жасалып, шешімін тапты.
Тұлға туралы айтар болсақ, әрине, оның өмір жолына үңілеміз. Асқар Тоқпанов 1915 жылы 13 қазанда Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келіп, 1994 жылы 22 қарашада Алматы қаласында бұл фәни жалғанмен қоштасты.
Оның талантты кәсіби режиссер, театр саласын зерттеуші-қаламгер, драматург, аудармашы, өнер саласында жүздеген шәкірт дайындаған тәлімгер ұстаз ретінде еліміздің театр өнерінің қалыптасып, дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Асанәліні жұлдыз қылған, Тұңғышбайды құндыз қылған да осы Асқар Тоқпанов қой.
Асқар Тоқпановты талантты режиссер ретінде танытқан сахналық қойылымдары өте көп. Әсіресе, дүниежүзі драматургтерінің – орыс, қазақ, шетел классиктерінің, туысқан елдер қаламгерлерінің туындыларын барынша қамтып сахналауға үлкен мән берген режиссер. Ол сахналаған спектакльдердің жанры да, тақырып аясы да сан алуан. Мәселен, әр жылдары ол сахналаған Шекспирдің «Асауға тұсауы», Д.Гоу мен Д.Юссонның «Терең тамырлары», А.Штейннің «Намыс соты», Н.Кеккерилидің «Батыл хикая туралы аңызы», Н.Гогольдің «Ревизоры», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысы», Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесі» мен «Көктем желі», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарині», Ә.Тәжібаевтың «Майрасы», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», Б.Майлиннің «Майданы» – режиссердің театр саласына сіңірген еселі еңбегін дәлелдейді. Сондай-ақ Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналаған қойылымдардың ішінде де бүкілодақтық және республикалық байқауларға қатысып, жеңіп алған жүлделі орындары да баршылық. Мысалы, Н.Погодиннің «Кремль куранттары» драмасы бойынша қойған спектаклі 1970 жылы Бүкілодақтық театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Тоқпановтың өзі сол спектакльде В.И.Лениннің рөлін ойнаған. Енді Асекең туралы айта берсек, таңнан-таңға жырлауға болады ғой. Асекең нағыз қазақ театр өнерінің «Ленині» ғой.
«Режиссер білімі актерден бір саты жоғары тұрмаса, бәрі бекер» деген екен Асекең. Әкем артист (бұрынғы актер Асан Омарбеков) Асқар Тоқпанов біздің театрға келген 1968 жылы жұмысқа кірген. Тоқпановтың тоқпағын көрген артистердің бірі ғой. Менің шешемді (мәдениет қайраткері Несіпкүл Омарбекова) осы Тоқпанов жұмысқа қабылдаған екен. Мен өзім негізі осы театрда туып өскенмін. Мен де мектеп қабырғасын бітіре салып, әке-шеше жолын қуғандай осы театрға жұмысқа кірдім. 1968-1972 жылдары осы театрда қызмет атқарған режиссер Асқар Тоқпанов туралы әке-шешем жыр қылып айтып отыратын. Енді Тоқпановпен қалай алғаш кездескенімді айта кетейін. Театрда жұмыс істеп жүрген кезім ғой. 1988 жылы астанамыз Алматыға оқуға түсуге бардым. Сөйтіп, құжаттарымды архитектура институтына тапсырдым. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жылдар ғой. Желтоқсанның ызғары басылмаған. Дәл сол желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбеков оқыған институтқа барыппын. Барсақ, не керек, «ойбай, оңтүстіктен ешкімді қабылдамайды екен, тек Орал, Атырау, солтүстік жақтан келгендер өтеді екен» деген сыбыс сөздің ызғары есіп тұрды. Содан, ол архитектура институты болмады да, құжаттарымды кино техникумына тапсырып, емтихан күндерін күтіп жүргенмін. Бір күні жанымда 3-4 жамбылдық жігіттер бар, театр көркемсурет институтына қыдырып барғанбыз. Сол жақта бір көшемен келе жатқанбыз. Жаспыз ғой, көз шекеде, алақ-жұлақ етіп салып ұрып келе жатырмыз. Алдымызда таяқ ұстаған бір кісі келе жатты. Жылдам жүріп, сол кісіні қағып кете жаздап алдына шығып бара жатқанмын. Бір кезде артымнан таяқпен сарт еткізді.
– Қайтеді екен мыналар! – деді.
Сасқанымнан «извените» деппін. Бірден танымадым.
– Қайдан жүрсіңдер, не жүріс? – деді саңқ етіп.
– Жамбылданмын, – дедім.
– А-а-а, Асанәлінің ауылынансың ба, әлде Тұңғышбайдың ауылынансың ба? – деді.
– Тұңғышбай ағамен бір ауданнанбыз ғой. Тұңғышбай Жаманқұловтың ауылынанмын, – дедім.
– А, бәсе, көзің шақшиып, шашың додаланып, неғып жүрсің бұл жақта домаланып? – деді.
Осы кезде мен ол кісіні таныдым.
– Алматыға архитектура институтына түсуге келгенмін, ол болмады. Содан, құжаттарымды алып, кино техникумына тапсырдым. Консультацияларына барып қоямын, енді емтихан күндерін күтіп жүрмін, – дедім.
– А-а-а, киноны жағалайын дедің бе? – деді қатқыл даусымен.
– Иә, енді… – деп не айтарымды білмей кібіртектеп қалдым.
– Е-е-е, қайда жүрсең де өнердің азаматы бол! – деп таяғымен санымнан сарт еткізді, бара бер дегендей. Мен жылдам басып, жолдастарымды іздеп кете бардым.
Кейін осыны әкеме айтып едім.
– Е-е-е, Тоқпановтың таяғы саған да тиген екен ғой, – деп күлді.
Сол Тоқпановтың таяғының әсері ме, отыз жылдай осы театрда тапжылмай қызмет еттім. Сахна жұмысшысынан бастап жарық беруші, декоратор, ағаш шебері, дыбыс технигі, дыбыс режиссері, тағысын тағы. Не керек, барлық жұмысты да атқара беруші едік. Бір шаңырақтың астында тұрған орыс театрында да параллель жұмыс атқардық. Марқұм актер Спандияр Мұқышев деген ағамыз: «Әй, Фархат, сен осы директорлық жұмыстан басқа жұмыстың бәрін істеген шығарсың, ә?» – деп қалжыңдаушы еді. Иә, театрмен ауырдым. Театрдан кете алмадым. Бір тылсым күш ұстап тұрғандай болатын. Осы театр өнерінің суығына тоңып, ыстығына күйіп, жан-тәнімізбен жұмыс істедік. Сонау 90-жылдардың «топалаңында» да театрды тастамай, айлап айлық алмай, жолкіре де таппай, театрға жаяу барып, жаяу келіп, аянбай еңбек еттік. Мен ұзақ жылдар музыка бөлімінде жұмыс істедім. Небір режиссерлермен бірге шығармашылық қатынаста болдым. Менің ұзақ жыл бойы жұмыс істеген режиссерім Қуандық Қасымов еді. Ол да Тоқпановтың тоқпағын, театрдың соқпағын көрген дарынды да талантты режиссер. Иә, театр туралы, Тоқпанов туралы айта берсек, әңгіме көп. Театр өнері бекзат өнер десек, сол өнердің бекзаты болып өткен Асекеңді өнер халқы бек ұмытпайды. Мен соған сенемін. Заманының заңғары, бекзат өнердің төресі, төмпешіктердің төбесі, тау біткеннің асқары – Тоқпан шалдың Асқары. Мінеки, биыл Жамбыл облысының 80 жылдығы қарсаңында облысымызда біршама істер атқарылып, Тараз қаласы түрленіп, гүлденіп, көшелерге жаңа атаулар беріліп, жаңа нысандар ашылып, оларға жаңа атау беріліп жатқан тұста облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың есімі беріліп, ескерткішін қоюда. Алматыдағы М.Әуезов театрын «Әкемтеатр» дейді. Астанадағы театрды «Қаллеки» дейді. Енді біздің Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Тоқпанов театры» деп аталатын күнге де жеттік-ау!

Әнекей, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының алдында паңданып Асқар Тоқпанов отыр. Театрға кір де, Тоқпанов әлемімен сырласа бер.
Атыңнан айналайын, Асқар ата,
Кәсіби дарынымен асқан ата.
Өзінше өктем болған өнерпазды,
Өзінің мысыменен басқан ата!
Торқалы той құтты болсын, Тоқпанов театры!

Фархат Омарбеков

Comments (0)
Add Comment