Тоқаевтан сөгіс алған министр жиын өткізді

Экология министрлігінде киіктердің популяциясын басқарудың жаңа тәсілдері талқыланды деп хабарлады turkystan.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының биылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің төрағалығымен киіктердің популяциясын басқарудың жаңа тәсілдерін қарау мәселесі бойынша кеңес жиыны өтті. Оған ғылыми ұйым мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдар, сондай-ақ аңшылардың қоғамдық бірлестіктері қауымдастықтары қатысты.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Зоология институты мен Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілдері әр популяцияның оңтайлы санын анықтау, тиімді мониторинг және тұрақты басқару үшін Қазақстандағы киік популяциясы ареалындағы экожүйелерді кешенді бағалау бойынша терең ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігі туралы ұсыныс айтты.

Киікті сақтау тұрғысынан, оны қорғай отырып, орынды пайдалану кезінде киік таралымының барынша мүмкін болатын мөлшерін ұстап тұру неғұрлым орынды болады.

«Мұндай популяцияны басқару мұқият дайындықты қажет етеді. Аталмыш жұмыс басталып кетті және министрлікпен, барлық мүдделі тараптардың бақылауымен, жұртшылықты хабардар ете отырып жүргізілетін болады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жиында Серікқали Брекешев Ауыл шаруашылығы министрлігіне жабайы аңдар келтірген зиянды есептеу әдістемесін әзірлеу және фермерлерге келтірілген залалды өтеу мәселелерін қарау қажет екенін атап өтті.

Еске салсақ, Президент киіктер мәселесіне байланысты Серікқали Брекешевке сөгіс жариялағаны жайлы жазғанбыз.

Comments (0)
Add Comment