Қ.Тоқаев: «Тергеуді жедел жүргізіп, 20 күн ішінде есеп беріңіздер»

Бензин, дизель, сұйытылған газ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы реттеледі.

Өңір әкімдері аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай шешім қабылдайды. Коммуналдық тарифтерді 180 күнге, яғни алты айға дейін көтеруге мораторий енгізіледі. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құны субсидияланады. Денсаулық сақтау және балалар мәселесін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құрылады. Ол мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландырылады. Қасым-Жомарт Тоқаев жиын өткізіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін осындай тапсырма берді.

Мемлекет басшысы әкім, шенді-шекпендіні Ақордаға жинады. Жедел түрде елдегі ахуалды тұрақтандыру керек. Таңда Үкімет отставкаға кетті. Асқар Маминнің міндетін атқару бірінші вице-премьер болған Әлихан Смайыловқа жүктелді. Ата заңға сәйкес Премьер-министр қызметтен босатылған соң бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтайды. Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанша, өз міндеттерін атқара береді. Ендігі жерде қандай шаралар қабылданады? Неге басымдық беру керек?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Инфляцияға жол бермеу – атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі. Бірақ ол орындалмады. Бұл ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты міндеті болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссияға, құқық қорғау органдарына және Маңғыстау облысының әкіміне жағдайды тұрақтандыру жұмыстары үшін алғыс білдірді. Ал сұйытылған газ бағасының өсуіне Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі мен «Қазмұнайгаз» және «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі деді. Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында жарияланған төтенше жағдайдан кейін ахуал біртіндеп түзелмек. Жалпы түптің түбінде осындай проблема туындайтынын Мемлекет басшысы білді. Білді де, былтыр маусымда Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салуға пәрмен берді. Алайда тапсырма дер кезінде орындалмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электрондық сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған.

Елде газ саласын реформалауға қатысты жүйелі әдіс жоқ. Сондықтан салада өзгерістер болады деген Президент алдағы уақытта ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз етуді бұйырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ешкім өзін үнемі шығынға ұшырата бермейтінін түсіну маңызды. Еліміз газ және газ өңдеу салаларында инвестициясыз, тіпті газсыз қалуы да мүмкін. Сондықтан жүйелі, бірақ ойластырылған және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформалардан басқа жол жоқ. Алдағы уақытта газ саласын сапалы түрде қайта қарап, ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз ету керек.

Енді не болады? Жағдайды тұрақтандыру үшін қандай қадамдар жасалады? Президент шешімін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біріншіден, мен Маңғыстау бойынша Үкіметтік комиссияның ұсынған шаралар кешенін мақұлдаймын. Екіншіден, монополияға қарсы органға Кәсіпкерлік кодекстің 119-бабына сәйкес сұйытылған газдың бағаларын 180 күнге уақытша бағалық реттеуді енгізуді тапсырамын. Облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауға тиіс. Үшіншіден, Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырамын. Осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет. Төртіншіден, Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді тапсырамын. Тергеуді жедел жүргізіңіз. Жиырма күн ішінде есеп беріңіз.

Газбен қоса бензин, дизель, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының да бағасы реттеледі. Өңір әкімдері аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай шешім қабылдайды. Коммуналдық тарифтерді 180 күнге, яғни алты айға дейін көтеруге мораторий енгізіледі. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құны субсидияланады. Денсаулық сақтау және балалар мәселесін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құрылады. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң әзірленеді.

Елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық құрылымы өзгермейді. Унитарлық, заң үстемдік құрған мемлекет болып қала береміз. Нарықтық экономика қағидатынан айнымаймыз. Кеңес соңында Президент осылай деді.

24.kz

Comments (0)
Add Comment