Талдықорғанда мейрамханалардың бірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ораза ұстағандарға ауызашар өткізілді. Ақпаратты Талдықорғанның бас имамы Алмас Сағидолла растады деп хабарлады turkystan.kz.
Бейнежазба Telegram-дағы Zhest_kz арнасында жарияланды. Кадрларда ер адам мейрамханада жайылған дастархандарды көрсетіп, екі күн қатарынан Мемлекет басшысының атынан мұнда ауызашар өтіп жатқанын хабарлайды. Үстелдерге Президенттің атынан тілек жазылған қораптар мен ашық хаттар қойылған.
Telegram арнаның дерегінше, Президент атынан ауызашар Шымкентте де өткізілген.
Sputnik Қазақстанның жазуынша, мемлекеттік органдар ресми түсініктеме бермеген, бірақ бұл ақпаратты Талдықорғанның бас имамы Алмас Сағидолла растады.
«Қасиетті Рамазан айында еліміздің түрлі облысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ораза ұстайтын 1000 мұсылман үшін ауызашар беріледі. Талдықорғанда бірден 1000 адамға арналған мейрамхана болмағандықтан, 500 адамға арналған ең үлкен мейрамхана таңдалды. Ауызашар екі күн қатарынан өткізілді. Ауызашарға келген, бірақ, ішке сыймай қалған адамдарды қайтармадық, оларға сыртта ас-су берілді», – деді Алмас Сағидоллаұлы.