Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің биылғы атқаратын негізгі міндеттері, сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономиканы дамытуға көшу шаралары жөнінде және оның сыртқы сын-тегеуріндерге төтеп беруіне қатысты ақпарат берілді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауы аясында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту жөнінде нақты міндет жүктеді. Қазіргі уақытта комиссия жасақталып, жаңа облыстарды құру жұмыстарының алгоритмі әзірленді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу, экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту, сондай-ақ тұрғындар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөнінде бірқатар тапсырма берді.