Тоқаев кредитті төлеп берсе, суицид пен несие алатындар саны азая ма? (видео)

Қазақстанда кредит алуға қарағанда қарызды төлету қиын. Қордаланған қарыздың кесірінен банк, шағын несие беретін ұйымдар, сот орындаушы мен борышкердің басынан дау арылмайды. Пайызы көп несиені беретін банк қыруар олжаға кенеледі. Мәселен, биыл қаңтар мен маусым аралығында небәрі алты-ақ айда банктер 355 миллиард таза пайда тапты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда бай мен кедей арасындағы алшақтыққа жол беруге болмайтындай деңгейге жеткенін айтқан еді.

 

 Фото:akorda.kz

Президенттің айтуынша, бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

Фото: akorda.kz

«Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша  теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», – деді Президент.

Фото: Akorda.kz

Кейінгі 10-15 жылда бір басында бес-алты кредиті бар адамдардың қарасы күрт көбейді. Себебі табысы күнкөрісіне жетпейді. Күнделікті ішіп-жейтін азық-түлікті де ауылда дүкеннен қарызға, қалада кредитке алып, бөліп төлейтін деңгейге түсті. Қаңтар оқиғасынан кейін тұтынушыға қарағанда банкке пайдасы көбірек заңдарды Сенат пен Мәжілістің депутаттары өзгертті. Қоғамдағы келеңсіздіктің алдын алу үшін толықтырулар енгізді. Сондықтан бұдан былай, қарызды қайтара алмасаңыз, банкрот болу қиын емес.

Осыдан кейін қарызға батқандарды тығырықтан шығарудың жолы қайсы? Әлеуметтанушылар мен экономистердің айтар уәжі ұқсас. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Алаяқтарды тұсау үшін заң талабын күшейту, жазаны қатаңдату. «Тауарды бүгін алып, ақшасын кейін төлейсің…» деген жөн-жосықсыз жарнаманың шырмауынан алып шығу. Полицияның «әлеуметтік желідегі алаяқтардың аз уақытта қыруар пайдаға кенелтемін деген құрғақ уәдесіне сенбеңіздер» дегеніне құлақ асу. Бұл мәселе төңірегінде бұған дейін де Банктердің қиянатына ел көнуге мәжбүр екенін егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.

Қазақстанның қаржы нарығын қадағалайтын Ұлттық банк те алаяқтардан сақ болуды жиі ескертеді. Себебі өзі алмаған кредитті төлеп жүрген, аяқ-қолы тұсаулы адам жетерлік. Кредиттің кесірінен суицидке бейім, құзырлы органдардың қақпасының алдына барып, өзін-өзі өртейтіндер көбейді.

Тіпті, Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев құзырлы органдардың ресми дерегіне сүйеніп, әскерилер арасындағы суицидке де кредиттің тікелей қатысы барына дәлел келтірді. Ахмедиевтің айтуынша, биыл бес айда Қазақстанда жалпы 4 318 суицид дерегі тіркелді. Суицидке оқталу әрекетінің жалпы саны – 4 942.

Сол үшін Ұлттық банк «Мобильді қосымшалар арқылы Қазақстанның «мемлекеттік қорынан», «Ұлттық ресурстардан» немесе қаржы нарығын динамикалық болжаудан тез пайда табуды ұсынады. Мұндай мүмкіндіктерді төлем жасаған қолданушыға ғана беретінін айтады. Алаяқтар алдымен оның жеке деректерін қолды етеді. Сөйтіп, телефон арқылы хабарласып, ақшаны өз реквизиттеріне аудартып алуға тырысады», – деп тұрғындардың жиі есіне салады. Банк пен полициядан азаматтардың жеке дерегін сұрап хабарласпайтынын естен шығармаған абзал.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кейінгі жылдары елде алаяқтық көбейгенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, алаяқтық дерегінің жартысы интернет арқылы жүзеге асырылған.

«Мұндай жайт несие тарихының 15 жұмыс күні ішінде жаңартылуына байланысты болып отыр. Сондай-ақ бір адам түрлі банктен бірнеше несие алғаны анықталды. Несие берушілер тұрғындардың қарызы көп екенін көрмей қалады. Оны жалпы есептей алмайды», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы сыннан кейін Бірінші кредиттік бюро азаматтар несие есебіне қатысты қандай да бір ақпаратпен келіспесе, оны  жоққа шығаратын өтініш жасауға жағдай жасады. Бірінші кредиттік бюро өтінішті қарастырып, деректерді жан-жақты тексереді. Несие тарихындағы ақпаратты даулау үшін кемінде 15 күн бұрын алынған несие туралы нақты есеп және мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріңіз болуы қажет.

Сан рет  айтылса да, интернет арқылы алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалғандардың саны көбеймесе, азаймады. Оған 2016 жылы мыңға жуық алаяқтық факті тіркелсе, 2021 жылы 21 мыңға дейін көбейгені дәлел.

Осы проблеманы шешу үшін күні кеше Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ішкі істер министрі Марат Ахметжановпен бірге интернет алаяқтыққа қарсы мәселені талқылады.

 

Фото:polisia.kz

«Біз қазір байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Бүгінде алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйек айының соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады.

Цифрлық даму министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді қарастыруда. Осылайша, біз телефон нөмірлерінің бөтен адамдарға тіркелу жағдайларының алдын алғымыз келеді», – деді.

 

 

 

Бағдат Мусиннің айтуынша, алаяқтыққа қарсы ақпараттық түсіндіру бағытында банктермен тығыз жұмыс істеп жатыр. Өйткені алаяқтық фактінің көпшілігі банк операцияларымен тікелей байланысты. Банк қызметкерлері тұрғындарға хабарласқан уақытта, оның шынымен банктен хабарласып тұрғанына көз жеткізу үшін SMS хабарламалар арқылы сәйкестендіру жүйесін енгізуге болады.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл – өте өзекті тақырып.

 

Фото:akorda.kz

«Алаяқтықтың алдын алу – Мемлекет басшысының жіті бақылауында тұрған тапсырма. Интернет алаяқтықтың өршіп тұрғанын мойындау керек. Жыл сайын олардың саны артып келеді. Былтыр 21 мың, биыл 11 763 қылмыс тіркелді. Бұған пандемия кезінде қашықтан сауда-саттық жасау және ақша аудару да әсер етті. Ғаламтор арқылы сауда жасау, ақпарат алмасуды технология тілін меңгерген алаяқтар бас пайдасына жаратып отыр. Биыл алаяқтардың кесірінен 7 миллиард теңге шығын келді. 571 күдікті, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды», – деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Қаржы министрлігі Бюджет кодексіне өзгеріс енгізіп, 90-жылдары кәсіп ашуға берілген кредитті кешіру мәселесін қарастырып жатыр. Несиесін 30 жылдан бері төлемеген кәсіпорын иелері табылмаса, онда заңды тұлғаның қарызы жойылады. Мұндай несиенің мөлшері қазір 120 миллиард теңгеге жеткен. Шенеуніктердің айтуынша, 90-жылдары көп кәсіпорында «бизнесті сәйкестендіру нөмірлері» болған жоқ. Бірақ бұған экономистер қарсы. Экономист Бейсенбек Зиябеков 31 арнаға берген сұхбатында  кәсіпкерлер емес, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын қарастырған жөн екенін айтты.

«Өмірде түрлі жайттар болады. Әрине, несиені кешіру керек. Бірақ заңды тұлғалардың емес, жетім-жесірлер, көпбалалы аналар мен ауылдағы жағдайы келмегендерге қарастырған жөн. Осы мәселе бойынша үлкен тексеріс жүргізу керек. Себебі қаржыны бюджет емес, банк беруі керек, – деді экономист.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2019 жылы 554 мың адамның кепілсіз тұтынушылық несиесі кешірілді. Мемлекет жалпы 115 миллиард теңге қарызды төлеп берді. Несиелік қарыздарды кешіру бір-ақ рет жасалған жеңілдік. Мұндай рақымшылықты қайталау бүгінде жоспарда жоқ.

Шарт бойынша:

– көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылуына байланысты төлемдер алатын отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, 18 жастан асқан мүгедектер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар; жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелетке толмай жатып ата-анасынан айырылған балалар;

– несие бойынша жалпы қарызы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспайтындар;

– негізгі борыш пен оған есептелген пайыздардан тұратын қайтарылатын қарыз сомасы 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша бір қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспайтындардың кредиті кешірілді.

Осы науқаннан кейін де кредит алатындардың саны көбеймесе, азайған жоқ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл маусымда экономикадағы кредит 2,7 пайызға ұлғайып, 20,1 триллион теңгеге жетті. Inform.kz-тің дерегінше, жеке тұлғаларға несие 2,9 пайызға, яғни 11,97 триллион теңгеге дейін артты. Заңды тұлғаларға несие 2,4 пайызға, 8,08 триллион теңгеге дейін өсті.

Маусымда ұлттық валютадағы кредит көлемі 1,9 пайызға, 18,25 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Шетел валютасындағы несие сомасы 11,8 пайызға, 1,8 триллион теңгеге дейін артты.

Биыл 1 шілдедегі дерек бойынша теңгемен берілген несиенің үлесі – 91 пайыз. 2022 жылғы маусымда 2,03 триллион теңгеге жаңа кредит берілді, мұны мамыр айымен салыстырғанға 10,9 пайызға артық. Маусымның нәтижесі бойынша банктер несиенің өнеркәсіпке – 10%, сауда – 26%, құрылыс – 4%, көлік алуға 5%-і тиесілі екенін айта кеткен жөн.

Президенттің тапсырмасымен қаржы нарығын реттеу мен дамыту үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда борышкерлердің мәселесі күннен-күнге ушықпаса, шешімін табатын кезі сирек. Әлеуметтік желі арқылы халықтан қаржы жинап, жетім-жесірлерге қол ұшын созатын азаматтар да бар. Алайда кең таралған мұндай «қайырымдылық» интернет арқылы қайыршылықты насихаттап, масылдыққа үйретіп жатқан жоқ па? Мешіт, әкімдік  жағалап, айқай-шу шығаратындар бала-шағасына қандай үлгі көрсетеді? Әлде, Қазақстан халқынан қаржы сұрайтындарға «Кредитті қалай алдың, солай төле» деп қамшылайтын бір Жәмішев керек пе?..

aikyn.kz

борышкеркредитнесиесуицидтокаевтоқаев
Comments (0)
Add Comment