Тоқаев ешқандай партияның құрамында жоқ бола тұра сайлауға қатыса ала ма – Министр жауап берді

Президент сайлауына ұсынылатын үміткердің партия мүшесі болуы міндетті емес. Әділет министрі Қанат Мусин Мәжіліс кулуарында осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

«Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлауға үміткер ретінде қатысатынын айтты. Оның «Amanat» партиясының құрамында жоқ екені белгілі. Заң бойынша азамат өзін-өзі ұсына алмайды. Сонда ол сайлауға қандай жолмен түседі?» – деп сұрады БАҚ өкілі.

Министрдің айтуынша, Президент сайлауына үміткерді саяси партия ұсынуы үшін оның сол партияның мүшесі болуы міндетті емес. Алдағы президент сайлауына қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын өзі мүше емес партиялар да ұсына алады.

«Қоғамдық бірлестік болсын, саяси партия болсын, ұйымға мүше емес адамды сайлауға кандидат ретінде ұсына алады», –  деп жауап берді министр.

Comments (0)
Add Comment