Тіршілік нәрінен таршылық жоқ

Су – тіршілік нәрі. Онсыз адам өмір сүре алмайды. Сондықтан да ауызсуды үнемдеу әлем бойынша ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осыған баса мән беріп, бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырма берген болатын.

–Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді.
Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе.
Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз, – деген еді Президент.
Бүгінде бұл тапсырма Жамбыл облысында жүйелі жүзеге асырылуда.
Осыған сәйкес, бүгінгі таңда өңіріміздегі тұрғындарды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асуда.
Жамбыл облысында осы бағытта өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 54 нысанның құрылысына 13,6 млрд теңге бөлінген.
Нәтижесінде, 28 елді мекен тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізген.
Ал ағымдағы жылы 49 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына 21,7 миллиард теңге қарастырылған. Ал жыл соңына дейін 25,7 мың адам қоныстанған 43 ауылды толыққанды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment