Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті Жолдауында «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес» деген болатын. Әрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңадан «Су ресурстары және ирригация» министрлігі құрылды.
ХХІ ғасырдың ең өзекті проблема-сы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі. Себебі Азиялық өлшеммен алып қарасақ, Қазақстандағы тұщы суға қатысты ахуал алаңдатарлық-ақ. Өйткені, елдегі су ресурсының 40 пайыздан астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендер жағынан шығыста Қытайға, оңтүстікте Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға, батыста Ресейге тәуелдіміз. Себеп – еліміздің аумағына ағып келетін ірі өзендердің бәрінің басы аталған елдерден басталады. Осылайша, трансшекаралық өзендер мәселесі күрмеуі қиын түйткілдерге толы.
Мемлекет басшысы су мәселесіне арнайы тоқталып, алаңдаушылық білдіргені өте орынды. Баршамызға мәлім, ағымдағы жылы облысымыздағы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында қалыптасқан өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Себебі аталған аудандарда ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы туындады. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің ортақ проблемасына айналған су мәселесі аймақта барған сайын қиындап бара жатқанын тағы да бір рет аңғартты. Қырғызстандағы «Киров» су қоймасында су азайып, бұрын-соңды болмаған деңгейге түскеннен кейін Қазақстанның оңтүстігінде суармалы жері күйіп кеткен шаруалар орасан зор шығынға батты. Сонымен қатар облысымыздағы үш бірдей ауданның ортақ айдынына айналған Билікөл көлі тартылып барады. Қазірдің өзінде көл суы жағалаудан 1 шақырымға тартылған. Жергілікті халық көл суының сарқылу себебін оның басқа арнаға бұрылғанынан көреді. Айдынды айнала қоршаған 12 ауылдың халқы, экологиялық апат қауіпі төніп тұрғанын айтып дабыл қағуда.
– Көл тартылса алапат апат болады. Билікөлге су келмейтін болса, Асаның суы құйылмайтын болса, баяғы Аралдың кебін киеді. Бүкіл тұзы, көлдің түбіндегі фосфор ұшады да, ел сол фосфордың зиянын шегеді. Бұл деген табиғаттың заңына қарсы шы- ғу, – дейді Қарабастау ауылының тұрғыны Жаңабек Садықов.
Жоғарыда айтылғандай су мәселесімен жеке айналысатын арнайы министрлік құрылды. Бұл жөнінде Президент «Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады», – деген еді.
Су мәселесі туындағанда ойымызға бұл саланың мамандары неге тапшы деген сұрақ туады. Жалпы 90-шы жылдардың басында аталған салада 38 мың маман еңбек етсе, бүгінде ол 7 есеге кеміген екен. Бүгінгі түлектердің біліктіліктері өте төмен. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде дайындалған 11 500 маманның 25-і ғана су саласына тиесілі болса, олардың 9-ы ғана аталған салада қызмет етіп жатқан көрінеді. Бұл – стратегиялық маңызды секторға жеткілікті көңіл бөлінбеуінің көрінісі. Сарапшылардың болжауынша, 2040 жылға қарай 25 мыңға тарта маман қажеттілігі туындайды екен.
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры Кенжеғали Шилібектің айтуынша, кадр тапшылығының артуына біріншіден, су шаруашылығындағы білім беру бағдарламаларына сұраныстың аздығы себеп болуда
– Мемлекет бөлген, облыс әкімі бөлген білім беру гранттары жыл сайын игерілмеуде. Айталық, биыл бөлінген 338 орынның тек 29 пайызы игерілді. Былтыр бұл 31 пайыз еді. Бүгінде Дулати университетінде су ресурстары бағытында 70 студент білім алса, мелиорация және агрономия саласында 111 студент оқып жатыр. Биылғы оқу жылында екі сала бойынша 43 бітіруші диплом алып шықса, 70-ке жуық студент 1-курсқа қабылданды. Бұл алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір көп. Оқуды аяқтаған соң, түлектер өз мамандығы бойынша «Қазсушар» филиалдарына, бассейндік инспекцияларға жұмысқа орналасады. Алайда ондағы айлық жалақыға ұзақ уақыт тұрақтамайды. Еңбек ақысы өте төмен. Мәселен, жаңадан жұмысқа кірген жоғары білімді су саласы маманының айлы-ғы – 86-94 мың теңге аралығында. Бұл еліміз бойынша орташа еңбекақы – 350 мың теңгемен салыстырғанда, 3-3,5 есе төмен.
Мәселені шешу үшін суды үнемдейтін озық технологияны енгізу аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту, 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3 500 шақырымдық каналды жаңғырту-ға білікті кадрлар өте қажет. Сондықтан да саланың материалдық жағдайын жақсарту және кадр тапшылығын жою үшін еңбек ақыны көтеруді, су саласында оқитын студенттердің шәкіртақысын жоғарылатуды, су мамандарын бір жоғары оқу орнында дайындауды, ғалымдарды шоғырландыруды, оқу-зертханалық базаларды жаңғыртуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгені жөн, – дейді институт директоры.
Расында, ауыл шаруашылығының дамуына су тапшылығы қатты кедергі болып отырғаны сөзсіз. Әрі бұл ұлттық қауіпсіздіктің мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Тиімсіз пайдаланудың салдарынан судың 40 пайызы жерге сініп жатыр. Сондай-ақ каналдардың тозығы 60 пайызға жетіп, цифрландыру мен автоматтандыру денгейі де төмендеп кеткен. Ғылыми негіздемелер жоқ, мамандар тапшылығы тағы бар. Осы орайда 2040 жылға қарай мемлекетімізде су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Ал, «Байтақ» жасылдар партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Қойбақов су мамандарын дайындау үшін арнайы гранттар бөліп, стипендия төлемін жоғарлатқан дұрыс деп санайы. Сондай-ақ, оның айтуынша ауыл шаруашылғы саласындағы кооперативтерлерді ірілендірсе суды тиімді пайдалануға болады екен.
– Шыны керек, 20 кооперативтің орнына бір ұжым болса, әр кооператив өз өзіне суды бұрмаламай бір жүйеге келіп, ұқыпты жаратуға мәжбүр болар еді. Облысымызда 230 астам кіші өзен мен бұлақ бар. Енді осыларға түгендеу жұмыстарын жүргүзу қажет. Әр өзен бұлақтан, кіші өзеннен басталатынын ескерсек, олардың көздерін ашу, тазалау жұмыстары жүргізілсе, судың көбейуіне өз ықпалын беретіне толық сенімдімін. Бүгінгі таңда облыстың коммуналдық меншігінде 113, республикалық меншікте 7 су қоймасы бар. Оның ішінде 90-ға жуығы балық шаруашылығы өндірісіне бекітілген. Вегетация кезінде су тапшылығын ескерсек, 113 су қоймасынан сыйымдылығы 136,6 миллион текше метр каналдарды сумен толықтыруды жұмыстарын толықтай жүргізуге болады. Алайда балық шаруашылығына бекітіп алған табиғат пайдаланушылар, балық сумен бірге ағып кететіне күмәнді. Сол себепті суды бергісі келмейді. Өйткені «Балық қорғау құрылғыларын орналастыруды жауапты ұйым жүзеге асыруға тиіс» деп көрсетілген. Яғни су қоймасы мекемесі. Осы орайда, Су кодексіне өзгерістер енгізіп, балық шаруашылығының, табиғат пайданушылардың Ережесін қарастырып, екі тарапты да қанағаттыратын шешімді табу керек. Суды тиімді пайдалануды мақсатында, кесте бойынша дұрыс бөлу, дақылдардың кезектігін, суару уақытын анықтау мурабтармен реттелуі керек деп санаймын. Осы ретте мураб мектебін жандандыру қажет. Осы арқылы су саласындағы мамандардың, шаруалардың көкейінде жүрген проблемалар өз шешімін табатына үміттіміз. Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық бастамаларын толығымен қолдаймын және табысқа жету бәрімізге байланысты екеніне сенімдімін, – дейді С. Қойбақов.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің мәліметінше су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігіне осы жылы «Еуропалық Қайта Құру және даму банкі» және «Дүниежүзілік қайта құру және даму банк» желісі бойынша жобаларды іске асыруды аяқтау, 2023 жылы 3 су жаңа қойма салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу және 2024 жылы құрылысын бастау, Тасөткел су қоймасын реконструкциялау туралы ұсыныстар енгізілген.
– Бұл іс-шаралар болашақта қосымша 220 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Жасөркен» гидрологиялық бекетін қалпына келтіру жұмыстарын бастау және аяқтау өз кезегінде Талас өзені арқылы келетін су көлемін бақылауға оң ықпал етеді, – дейді ол.
Қысқасы, келешекте кемелді елге айналудың бір ғана жолы бар. Ол су ресурстарымен өлшенеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуы бағдарламасын қабылдап, онда сумен тұрақты қамтамасыз ету, басты көрсеткіш деп таразылады. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де кезек күттірмес мәселе. Яғни таяу болашақта елдің дамуында су ресурстарының қолжетімділігі бірінші орынға шығады.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ