Тілсіз жаумен күрес толастамайды

Әрбір елдің күш-қуаты тек экономикасымен немесе саясатымен ғана өлшенбейді. Оның нағыз құндылығы – адам өміріне деген құрмет пен қамқорлықта. Осы қасиетті міндетті иығына артқан мамандықтардың бірі – төтенше жағдайлар қызметі.

Құтқарушы болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Бұл жолда абырой, атақ-даңқ іздейтіндер жоқ. Өйткені олар үшін ең үлкен марапат – аман қалған жан, қайта соққан жүрек, көзіндегі жасын қуанышқа айналдырған отбасы. «112» нөмірін терген әрбір адам құтқарушыға сенім артады. Сол сенімді ақтау үшін темірдей төзім, сергек ой, берік жүрек қажет. Олар – үрей мен сабырдың, қорқыныш пен батылдықтың арасындағы таразыны тең ұстайтын жандар.
Бүгінде Тараз қаласындағы төтенше жағдайлар қызметі – осы қағиданың айқын дәлелі. Олар тек апат кезінде көмекке келмейді, сонымен бірге қоғамға қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөледі. Өрт қауіпсіздігі бойынша дәрістер өткізіп, балаларға алғашқы көмек көрсетуді үйретеді, табиғи апатқа дайын болуды насихаттайды.
Мәселен, Тараз қаласында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты «Тараз қаласы әскери госпиталі» аумағында шартты өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Жаттығуға қаладағы өрт сөндіру бөлімшелерінен 9 техника мен 48 қызметкер, Апаттар медицинасы орталығынан 1 техника және 3 маман, Жедел құтқару жасағынан 1 техника мен 5 құтқарушы тартылды. Сонымен қатар «Тараз қаласы әскери госпиталі» РММ-нен 60 адам қатысты.
Оқу-жаттығу барысында 4 газ-түтіннен қорғау буыны құрылып, құтқарушылар шартты өрт ошағынан 5 адамды құтқарып, 45 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Шара кезінде өртті сөндіру, адамдарды эвакуациялау, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және өрттің таралуына жол бермеу бойынша кешенді іс-шаралар атқарылды.
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері профилактикалық рейд жүргізді. Тұрғындарға пеш пен мұржаны уақтылы тазарту, жарамды жылыту құралдарын пайдалану және тұрмыстық өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау қажеттігі ескертілді.
Сондай-ақ шаһардағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Оңтүстік жүйеаралық электр тораптары» филиалының 500 кВ «Жамбыл» қосалқы станциясында жоспардан тыс өрт-тактикалық сабақ өткізді.
Бұдан бөлек, «Cambridge Line Taraz» лицейінде және «Тараз теміржол көлік және коммуникация» колледжінде жоспардан тыс өрт-тактикалық сабақтар өткізілді. Лицейдегі оқу-жаттығуда асхана бөлмесінде шартты өрт туындап, оны сөндіруге 3 техника мен 15 қызметкер жұмылдырылды. Барлығы 45 қызметкер мен 450 оқушы қауіпсіз аймаққа көшіріліп, асхана ішінен 2 қызметкер мен 1 оқушы құтқарылды. Шартты өрт аумағы 30 шаршы метрді құрады.
Ал колледждегі жаттығуда жеке құрам нысанның құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, өртті дер кезінде сөндіру және зардап шеккендерді құтқару бойынша тәжірибе жинақтады.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай елімізде «30 игі іс» жобасы жүзеге асуда. Осы бастама аясында Тараз қаласында «Батыр Qvest» командалық ойыны ұйымдастырылды.
Шараға Тараз мамандандырылған колледжінің студенттері қатысып, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, Апаттар медицинасы орталығының мамандары, Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары және «Қызыл Ай» қоғамының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Жастарға төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер мен алғашқы көмек көрсету тәсілдері түсіндірілді.
Сонымен қатар атаулы жыл аясында №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері студенттермен бірлесіп, қала көшелерін және арықтарды қоқыстан тазалау, ағаштардың құрғақ бұтақтарын кесу, шөп шабу сияқты экологиялық шаралар атқарды.
Иә мұндай жүйелі шаралардың барлығы төтенше жағдайлардың алдын алуға, адамдардың өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен қауіпсіздік – ең алдымен әрбір адамның өз жауапкершілігінен басталатынын естен шығармаған абзал. Құтқарушылар осыны күнделікті еңбегімен дәлелдеп келеді.

Карина КАРТАШОВА,
облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,
азаматтық қорғау аға лейтенанты

Comments (0)
Add Comment