Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылысты жазған журналистердің тергеуге алынып, ұялы телефондарының тәркіленуі жамбылдықтардың наразылығын тудырды.
Жалпы облыстық прокуратура мен Полиция департаменті «7-ші арнаның» тілшісі Данияр Әлімқұл мен «Turaninfo.kz» ақпарат агенттігінің журналисі Исламбек Дастанды қорғануға құқығы бар куә ретінде тергеуге шақырған. Тергеуден кейін оларға Қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арнайы сараптама жүргізу үшін Данияр Әлімқұлдың ұялы телефоны тәркіленіп алынған.
Бүгін түстен кейін отызға жуық журналист облыстық Прокуратураның алдына жиналып, өздерінің талап пен сауалдарын жолдады. Журналистер әріптестеріне тағылып жатқан айыптың негізсіз екенін айтып, халыққа қауіп төндіруі мүмкін жарылғыш зат туралы жазғаны үшін жазалатын болса, бұл билікке де, ішкі істер органдарына да ұят нәрсе екенін алға тартты. Бастапқыда журналистерді жүре тыңдап, арыз-шағымдарын жазбаша түрде жәшікке тастаңыздар деген прокуратураның өкілі кейіннен тілшілердің кетпейтінін түсінді ме, бұқаралық ақпарат құралдарының алдына облыстық прокуратураның басқарма басшысы Жомарт Науатов шықты. Ол Данияр Әлімқұл мен Исламбек Дастан бұл істе күдікті емес куәгер ретінде тергеуге шақырылғанын жеткізді. Бұдан басқа ақпарат тергеу амалдарының құпиялығына байланысты айтылмайтынын алға тартқан басқарма басшысы карантин шараларына байланысты екі журналистің ішке қарай кіріп, мән-жайды толығырақ білуге болатынын айтты.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің атынан Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәулет Төленді мен «КТК» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Руслан Әбдіхалық облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаевпен тілдесіп шықты. Әріптестерімізден білгеніміз қос журналиске қатысты тергеу амалдары ұзаққа созылуы мүмкін екен. Сондай-ақ ұялы телефондағы видеоларға жүргізілген сараптамадан кейін олар куәгерден күдіктіге де айналып кетуі бек мүмкін. Алайда прокуратура өкілдері бұл істе барынша әділ болып, барлық жағдайды жіті тексеруге уәде етіпті.
Үндемеу туралы қолхат бергеннен кейін Данияр Әлімқұл мен Исламбек Дастан да әзірге еш мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда Исламбектің қорғаушысы Әлия Арзымбетова іс бойынша күдікті жоқ, тек куәгерлер барын айтады. Сондай-ақ қылмыстық істің қозғалуына не түркі болғаны да белгісіз.