Тілшілер мәртебесі өскен күн

28-маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні  қарсаңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті БАҚ өкілдерін айтулы мерекесімен құттықтап, аймақтың әлеуметтік-саяси ахуалын тұрақтандыруға айшықты үлес қосқан сала мамандарын марапаттады. «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде өткен салтанатты жиынға жергілікті басылымдар мен телеарналардың, ақпараттық агенттіктердің журналистері мен республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері қатысты. Жиында өңір басшысы облыстың даму көрсеткішінің артуында БАҚ саласының рөлі зор екендігін атап өтті.

– Журналистика халыққа ақпарат жеткізуші құрал ғана емес, асқан жауапкершілікті, шеберлікті, терең мәдениеттілік пен білімділікті талап ететін мамандық. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегі өте күрделі және қоғамды алға жетелеуші күш десем артық айтпағаным болар. Ел Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне әрқашан қолдау көрсетіп, зор сенім артып келеді. Мемлекет басшысы «Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл атқарады», – деп журналистердің қоғамдағы орнын айшықтап берді.Расында Сіздер елімізді рухани дамытуға, адамгершілік құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келесіздер. Бүгінгі өңіріміздің ақпарат саласында аға буын қалыптастырған сабақтастықты жас журналистер лайықты жалғастырып келеді. Біз осындай үрдісті барынша сақтауымыз қажет. Ағымдағы жылы облыстық «Арай» газетінің 20 жылдығы, ауданның саяси айнасы әрі рухани шамшырағы «Шу өңірі» газетінің 90 жылдығы, «Құлан таңы» газетінің 85 жылдығы аталып өтілуде. Өңірімізден шыққан қазақ журналистикасының қара нарлары Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Бақтияр Әбілдаев, Мұса Рахманбердиев, Баттал Жаңабайұлы ағаларымыздың есімдері тарихта алтын әріппен жазылады. Оларды біз әрқашанда құрметпен еске аламыз, – деген Ербол Шырақпайұлы бірқатар журналистерге мерекелік марапаттарды табыстады.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы «Құрмет» орденімен, «JAMBYL» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ардагер журналист Әбділда Сәрсенбиев пен «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды.

Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен  «Jambyl-Taraz» газеті Бас директорының экономика жөніндегі орынбасары Индира Тайлыбаева, аталмыш министрліктің Алғыс хатымен «Turaninfo» ақпараттық агенттігінің директоры Исламбек Дастан мен «Тaraz 24» телеарнасының дизайнері Мейіржан Ерболатов марапатталды. Ал, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі «JAMBYL» телеарнасының аға режиссері Ұлдана Смаилова, «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсенәлі Молдақұлов, «Шу өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Руслан Искаков пен «Құлан таңы» газетінің оператор-дизайнері Фаризат Кабираеваға табысталды. Бұдан бөлек, өзге де сала мамандарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, этносаралық келісімнің нығаюына қосқан үлесі үшін «Қазақстан халқы ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалі берілді.

         Сонымен қатар, аймақ басшысы күні кеше ғана БАҚ мерекесіне орай өткен Ш.Мұртаза атындағы облыстық спартакиаданың жеңімпаздарына қаржылай сыйақыларын табыстады. Еске сала кетейік спорттық додада жалпы командалық есеп бойынша үшінші орынды «Taraz Press» командасы иеленсе, екінші орынға «Салық тәртібі» тұрақтаған болатын. Ал, ПД баспасөз қызметінің командасы бірінші орын иеленіп, жеңіс биігінен көрінді.

Мерекелік жиында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев те  қалам иелерін айшықты мерекемен құттықтады.

  • Бүгінде еліміздің саяси-экономикалық және рухани жаңғыру жолындағы жетістіктері мен түйткілді мәселелері де сіздердің сарабдал көзқарастарыңыз, орынды сыныңыз және обьективті ақпарат беру қабілеттеріңіз арқылы халыққа жетіп отыр. Жамбыл облысы дамуының өзекті мәселелері мен оң өзгерістері де аймақтық және республикалық БАҚ назарынан тыс қалған емес. Бұл – өз ісіне адал, кәсіби шебер журналистердің тынымсыз еңбегінің айғағы. Қоғам дамуының ажырамас бөлігіне айналған ақпарат құралдары бүгінгі күні демократиялық принциптердің, ашықтық пен жариялылықтың негізгі тетігіне айналды. Осы орайда, сіздердің еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға, жастар тәрбиесіне, қоғамдық пікір қалыптастыруға қосып отырған үлестеріңіз орасан, – деді Абдалы Тоқбергенұлы.

Алдағы уақытта да өзара әріптестік байланысқа ашықтығын жеткізген өкілеттті органның төрағасы журналистерге облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті. Аталмыш марапатты «JAMBYL» телеарнасының шеф-редакторы Наимбек Багбанов пен телеарна директорының орынбасары Айбол Қарашев пен облыстық «Ar-Ai» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева, «Салық тәртібі» газетінің бас дизайнері Әсел Бөлекбаева мен «Taraz 24» телеарнасының дизайнер-монтажері Нұрбол Қыстаубеков, Казинформ» ақпараттық агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Галина Скрипник пен республикалық «Литер» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Шухрад Хашимов, әріптестеріміз – «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен газеттің дизайнер-беттеушісі Оразкүл Әбдікерімова иеленді.

Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы  Жаңабай Миллионов жанкешті кәсіп иелерін қолдаудағы бастамаларға ризашылығын білдірді. Филиал төрағасының қолынан Журналистер Одағының мүшесі Сағындық Ордабеков «Алтын медальмен» марапатталса, «ҚР Құрметті журналисі» атағын ардагер журналист Құрманбек Әлімжан иеленді. Ал, «Жамбыл облысының үздік журналисі» атағын «JAMBYL» телеарнасының редакторы Жансая Дүйсенқұл мен әріптесіміз «Aq Jol» газетінің аға тілшісі Есен Өтеулі алды. Сонымен қатар, Журналистер одағының Құрмет грамотасымен «Aulieata-media» ЖШС цифрлық контент орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Рахымбай, «Знамя труда» газетінің жауапты хатшысы Валентина Прокофьева, «JAMBYL» телеарнасының редакторы Келбет Шәмші, Журналистер Одағының дипломымен «Qaz-auto» журналының бас редакторы Олег Зотов марапатталды.

Осы күні әріптестеріміз – «Aq Jol» газетінің аға тілшілері – Қамар Қарасаеваға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Есет Досалыға аймақ басшының Алғыс хаты берілді. Саатанатты жиын соңы әуенді-сазды  кешке ұласып, мерекелік атмосфераның ауанын сезіндіре түсті.

Нұрболат АМАНБЕК

Comments (0)
Add Comment