Тілім болды тілім-тілім…

Жалпы қазіргі таңда екінің бірі орысша сөйлейді.Тіпті қазақша сөздерге орысша сөздерді араластырып айтатынымыз бар. Өзім де таза қазақша сөйлеймін деп айта алмаймын. Әрине бұл мақтауға тұрарлықтай нәрсе емес, біз қанымыз қазақ болғандықтан, абыройымызды асқақтатып, қазақ тілін дамытуымыз қажет.

Қазақ тілі ұлы, әрі бай тіл. Кез келген адам осы тілде еркін сөйлесіп кете алмайды. Себебі, көптеген бүлдіршіндердің «қ,ң,ғ,ә,» сынды әріптерге тілі келмей жатады. Логопедке жүгініп жүрген ата-аналарды, еліміздің түкпір-түкпірінен байқауға болады. Сондай-ақ балалар тек орысша мультфильмдерді қарайды. Ал қазақша мультфильмдер қызықсыз деп ойлайды. Расымен де кейбір қазақша мультфильмдерді қарасақ, нақтылығы жоқ, аудармасы да түсініксіз болып келеді. Егерде балаларға арналған қазақ тілін дамытатын, сапалы дүниелер шығарылса, әр бала ана тілін құрметтеп, халқын сүйетін азамат болып өсері анық. Ата-аналар баланы ең алдымен орыс балабақшасына, мектебіне беруді жөн көреді. Болашақта баласының орыс тілін жетік меңгеруін қалайды. Ал ең бастысы өзіміздің ана тілімізді ұмытпауын, білу керектігін көп ата-ана ойлай бермейді.Қазіргі кезде орысша мен қазақша араласқан фильмдер, музыкалар тағы басқа жобалар көп шығып жатыр. Бәлкім, қаралым көбейетін жақсы жақтары бар шығар, десек те мұндай дүниелер халыққа ерсі көрінеді. Орыстардың жобаларында, ешбірі қазақша араластырып, немесе ағылшын тілін қолдана бермейді. Сол секілді неге бізде де тек қазақша дүние шықпасқа деп ойлаймын. Көп ұлттымыз, дегенмен Қазақстанда тұрып жатқан соң, қазақ тілін білуді басты міндет етіп, шетке ысырып тастамауымыз керек. Бізде «орыс тілін білмесек, нан таппаймыз, ең бірінші орыс тілі қажет» деген қағида қалыптасқан. Нағыз ұлтын сүйетін азаматтар бұл ойдан аулақ болып, көркем тілімізді қадірлеуі керек. Ұялы телефоннан хабарлама жазған кезде де, қазақ тілінде қате жазатын адамдар өте көп. Ал орыс тілінде қатесіз жазуға тырысып, «ұят болады», – дейді. Сондағысы қазақ бола тұра, өз тіліне бей-жай қарайтын адамдарды «өз елінің патриоты» деп айтуға келе ме? Жалпы телефоннан жазар кезде де, сауатты әрі қатесіз жазған дұрыс деп ойлаймын. Қазақ тілін ең басты мақсат етіп, әрбірі қазақ тілінде сөйлеуі қажет дейтін заң шықса елімізге үлкен пайдасы тиер еді. Өйткені, өзге ұлттарды алып қарасақ, олар тек өз ана тілдерінде сөйлейді. Оларға қарап, кез келген адамның қызығушылығы оянады. Сол сияқты бізде кино, музыка жағынан, басқа да жобалар тек қазақ тілінде болса, мәдениетімізге, тілімізге деген қызығушылығымыз артып, дархан қазағымның туы желбіреп көкке ұшар еді.

Лаула Сейділда,
Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

Comments (0)
Add Comment