Билік пен бұқара арасындағы алтын көпірдің жанкешті иесі журналист екені белгілі.
Толғанай АТАБАЙ
Жанкешті дейтініміз сол, көпшілік көкейіндегі кейбір мәселелерді көтеру барысында талай жиыннан табылып, түрлі оқиғаны бастан кешесің. Бір жолы редакциядан тапсырмамды алып, қалалық прокуратураға аяңдадым. Тұрғындар базынасын тыңдауға арналған жиын десті. Зал толы орта жастан асқан азаматтар. Жиын басшылары келгенше қатысушылар абыр-дабыр орындарына жайғасып бітті. Басшы келді, отырыс басталды. Ана тілде шымылдығы ашылған жиынды залда отырған бір азамат орыс тілінде жалғауын өтінді. Өтініші айтылғаны сол-ақ еді, артымнан «гүр-гүр» еткен жуан дауыс шықты. «Неменеге орысша айтуы керек, түсінбесеңдер қазақша үйреніңдер!» деп дүрсе қоя берді. Андағы жерде кішігірім жанжалдың куәсі болдық. «Қой-қой»-мен нүктесі қойылған жиындағы тіл жанашырының «қазақша үйреніңдер!» дегені жақпасы бар ма?!
Шынында, көп жиындарға барамыз, 10 адамның бірі орыс бола қалса бітті 100 пайыз орыс тілде өткізуге даяр. Неге біз осы мемлекеттік тілді өзгелерге құрметтеуді үйретуден бастамаймыз? Сәл өтінді екен деп тілді бұрап кете баратындарына қайранмын. Дұрыс әрине, орыс тілде ресми тілдер сапында ғой. Бірақ, ЗАҢ бәріне ортақ. Бірде Қазақстанда жұмыс істейтін қытай компаниясының жұмысымен танысуға барған Бердібек Сапарбаев ондағы аудармашының тілге шорқақтығына қарап: «Қазақстан да тұратын әрбір шетел азаматы қазақ тілін – мемлекеттік тілді білуі міндет екенін ескертіп: Мәселен, Қытайда тұратын қазақстандықтар қытай тілін біледі. АҚШ-та тұратын қытай азаматы ағылшын тілін біледі. Жұмыс істеп, өмір сүріп жатқан елді және оның заңдарын құрметтеу керек. Сіздің аудармашыңыз да, өзіңіз де қазақ тілін үйреніңіздер», – деп ескерткен еді. Міне, АЗАМАТ! Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің аймаққа да осындай қағидаларды ұстанып жүрген дұрыс шығар! Бұл бір ғана жиындағы түйгеніміз ғой. Журналист болған соң көп жүресің, көпті көресің.
Тілдің жайын жазсаң, түйткілдері өзі-ақ тізіліп тұрады ғой, шіркін! Тәуелсіздігімізді еншілегелі отыз жылға төңіректеп қалды. Ал ана тілдің жайы сол баяғы таз кепеш. Неге десеңіз, тіл тазалығы ата-тегімізді түзеуден де тұрмаушы ма еді? «-Ов-ова, ев-ева, евна-овна»-лардан арылатын күн қашан? Қазір бұған қоғамның көз де, құлағы да үйреністі. Қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан қазақ есімдері «-ов», «-ев» деп емес, «ұлы», «қызы» деп жазылсын деген қаулы шығартады. Бірақ 1924 жылдан кейінгі саясаттың өзгеруіне байланысты бұл ұсыныс жүзеге асырылмай қалды. Міне, тілдің күйінің болмауы ұлтқа төнген қатер емес деп көріңіз. Қайда бас сұға қалсаң да осы қисық қағидадан арыла алмайсың. Оған мемлекеттік мекемелердегі құжаттардың орыс тілінде даярланатынын қосыңыз. Әйтеуір, алашұбар тілдік ахуал. Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ-сессиясында (2006 жылы) «Аюдың да тіл үйренетін кезі жетті» деп қадап айтып, мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білмейінше қызметке алынбайды десті. Расында, осы дүмпуден күтілген нәтиже көп екені жасырын емес еді. Алайда….сол, бәрі қаз қалпы қайта. Тіпті, тілшілік тіршілікте жүріп, сұхбаттасу сәтінде «орыс тілінде айта берейінші, еркін жеткіземін» дейтін шенеуніктердің шындығын айтқанында шеріңді ішке бүгіп қалатын кездерге жиі ұшырасасың. «Қанекей, сөйле қызыл тіл» деп Нұртуған бабамыз жырлаған тілдің хәлі мосқал тартса елдігімізге сын емес пе? Қазақтығымыздан не қалды? Осы орайда, Мұрат Мөңкеұлының: «Мен қауіп еткеннен айтамын!» деген жұмыр жауабы бүгінгі күннің ащы ақиқаты дерсің!