Тіл жанашырларына құрмет

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай «Тіл – татулық тірегі» апталығының ашылу рәсімі өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ең алдымен облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова сөз алып, көпшілікті тіл мерекесімен құттықтады.
– Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың қыркүйекте туғанын білесіздер. Жеті тіл білген Мұстафа Шоқай, орыс тілінен еркін аудармалар жасаған ұлы ойшыл Абай Құнанбаев – ана тіліміздің беделін асқақтатқан тұлғалар. Сондықтан мемлекеттік тіліміздің тамыры тереңде жатыр. Осы апталықтың ашылуында бірқатар байқаулардың қорытындысын шығарып, жүзден жүйріктерді марапаттағалы отырмыз. Топтан озғандардың жүлдесі құтты болсын, – деді басқарма басшысы.
Мұнан соң Рахия Сейтбекқызы бірқатар тіл жанашырларын арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасына М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, ономаст ғалым Зиба Құламанова, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Медет Әтен, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова ие болса, аталған министрліктегі Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасын журналист, «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Табиғат Абаилдаев иеленді.

Осыдан бірнеше ай бұрын, журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында аталған басқарма дәстүрлі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауын жариялаған болатын. Байқаудың қазылар алқасы құрамында ғалым Сәмен Құлбарақ, белгілі қаламгер Мейрамбек Төлепберген, Қазақстанның құрметті журналисі Сапарғали Әлібай, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Хамит Есаман болғанын айта кеткеніміз жөн. Аталған байқаудың «Үздік мақала» аталымы бойынша «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы жеңімпаз атанды. Бұл аталым бойынша республикалық «Aıqyn» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Саятхан Сатылғанов екінші, Жуалы аудандық «Jańa ómіr» газетінің тілшісі Айгүл Аманқұл үшінші орынды иеленді. «Үздік сайт мақаласы» аталымы бойынша Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық жеңімпаз атанса, М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің доценті Асима Нүсіпова екінші, «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі, әріптесіміз Арайлым Шабденова үшінші орыннан көрінді. «Үздік радиобағдарлама» аталымы бойынша облыстық «Jambyl» радиосының тілшісі Лаура Сыздықова жеңімпаз атанды.Марапат төрінен көрінген жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды. Сондай-ақ «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының жеңімпаздары – облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Анжелика Пронина, Тараз қаласындағы №37 «Бәйтерек» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Эльвира Никошенко, Тараз қаласы №34 орта мектептің оқушысы Милана Гребенюкке арнайы сыйлықтар мен Алғыс хат табысталды.

Жиын барысында ғалымдар Сәмен Құлбарақ, Зиба Құламанова мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы тереңнен толғанды. Іс-шараны облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова қорытындылап, БАҚ өкілдерін белсенділік танытуға, мемлекеттік тіл мәселелерін үнемі қозғап, ана тіліміздің жанашыры болуға шақырды.

Comments (0)
Add Comment