Тіл – ұлттың өзегі

Кез келген этностың тарих сахнасында өмір сүруінің басты алғы шарты тіл десек қателеспейміз. Тілін сақтай алмаған, тарихтың еншісіне еніп кеткен этностар қаншама?! Осындай қауіп қазақ тілінің басында да өткен ғасырдың өн бойында тұрды. Қазақ тілінің тағдырын, ұлтымыздың мәңгілігін тәуелсіздігіміздің арқасында сақтап қалдық.

Президент Қ.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында тіл және мемлекетіміздегі өзекті мәселелер жөнінде қадап айтты. Бірақ жүрегі сыздап, тіліміз өзінің мемлекеттік мәртебесіне көтеріле алмай келе жатқандығын меңзеді. Дегенмен әлі де болса, мемлекеттік тіл қоғамда өз деңгейінде қолданылмай жатқандығын аңғарамыз. Жасыратыны жоқ, күнделікті өмірден байқайтынымыз, қоғамдық саладағы мекеме, ұжымдарда: банк, дүкен, қоғамдық көліктер, базар және т.б. орындарда мемлекеттік тілдің қолданысы, іс жүргізу, қарым-қатынас заң талаптарына жауап бермейді.
Президент Қ.Тоқаев: «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал», – деп айтты. Әрине, бұл – құптарлық пікір. Өйткені әлі тілі, сөздік қоры толық дами қоймаған кішкентай бүлдіршін балабақшадан бастап ағылшын тілімен оның ойлау қабілетін, психологиясын, ұлттық санасын шатастырып алатыны айқын. Қазіргі жаңа заманда қаладағы қазақ мектептерінде оқитын оқушылар мемлекеттік тілден гөрі орыс тілінде шүлдірлеп жүретіні айтпаса да түсінікті. Ал ағылшын тілін қажеттілігіне қарай әрбір азамат өзі үйреніп те алады. Сондықтан мектепте ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап оқыту туралы пікірі жөн деп білемін. Орыс тіліне келер болсақ, қазақ тілінің кезінде Одақты мекендеген басқа ұлттардан айырмашылығы Қазақстан Ресеймен 7,5 мың км (барлық шекарамыздың 52%) шекараласып жатыр. Орыс тілі Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілінің бірі болып есептеледі. Бұл тілдегі ғылымның, технологияның, медицинаның, экономиканың, мәдениеттің, т.б. дамуын әлемдік деңгейдің шыңынан көретінімізді жасыру қиын. Сондықтан орыс тілі, бір жағынан, қазақ тілінің өкпесінен қысып жатса, екінші жағынан, ағылшын тілі екені анық. Мысалы, өзбек, әзірбайжан, түркімен тілдерінің тәуелсіздік аясында жедел дамуы, ол мемлекеттердің Ресеймен тұтаспай, шекарасының жоқтығында болса керек. Мұндай жағдайда тіл табиғатында консервативтік құбылыс болғандықтан, оның дамуын жасанды жолмен жеделдетуге болмайды. Онда саясатқа қайшы келеді. Сондықтан оның дамуы қоғамның экономикалық, саяси-әлеуметтік, мәдениеттің деңгейіне тікелей байланысты. Бауырын жаза алмай келе жатқан тіліміздің көсегесін тез көгертеміз деп талпынғанмен, тілдің дамуы өзінің ішкі заңдылықтарынан таймай келеді. Бірақ ішкі және сыртқы, орыс факторы бар екен деп қолды қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Қазақ тілінің өмірде қажеттілігін арттыру керек. Оның механизмдері баршылық: қызметке, оқуға, т.б. қазақ тілінен емтихан міндетті түрде тапсырған ләзім. Елімізде қазақ этносының санын жуық арада 80%-ға жеткізу керек.
Болашақта латын негізді қазақ жазуының орфографиясын қиындатпай, оңтайлы, тіл үйренуге жеңіл, Абай айтқандай, «жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы» дегендей болуы қажет. Әрине, бұл – тіл мамандарының алдында тұрған жауапты міндет. Халықаралық терминдерді жөнсіз аударуды тоқтату қажет. Өйткені кейбір терминдердің елімізді мекендеген барлық этностарға ортақ болуы – объективті заңдылық. Олай болмаған жағдайда әлемдік тілдермен астасып жатқан терминдердің елімізде қолдану аясы тарылады да, нәтижесінде, ресми (орыс) тілдің «мұрты бұзылмай» кеңінен қолданылады. Сондықтан басқа этностар мемлекеттік тілді керегіне жаратпай, оны айналып өтуде. Осы тұрғыдан алып қарағанымызда, қазақ тілі оқшауланып, мемлекеттік тілді меңгеруде біраз қиындықтар тудырады. Қоғамда, күнделікті тұрмысымызда қажеттілікпен қолданылып жатқан көрнекі ақпараттардың ағылшын тілінде кеңінен етек алып бара жатқандығына шек қоятын уақыт жеткен сияқты.
Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел», «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында, т.б. айтылғандарды мұқият жауапкершілікпен орындап отырсақ, қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұрмай, болашаққа нық қадам басамыз. Ол – елім, жерім, тілім дейтін ұлттық намысы бар әрбір Қазақстан азаматының қолында!

Тәуекел Жаңақұлов,
Зиба Құламанова

Comments (0)
Add Comment