Еліміздегі барша халықтың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету мемлекеттік саясаттың басым бағыттардың біріне айналды. Мұндағы басты мақсат – қазақ тілінің толыққанды қызметін қамтамасыз ету, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, тіл мәдениетін арттыру, тілдік капиталды дамыту.
Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жергілікті атқарушы органдарға тиесілісі – 1 индикатор, 5 нәтижелі көрсеткіш. Аталған индикатор, нәтижелі көрсеткіш бойынша қорытынды әр жылдың соңында әлеуметтік зерттеу бойынша жарияланады.
Бүгінде Тараз қаласы әкімдігіне қарасты 14 бөлімнің құжат айналымындағы қазақ тілінің жағдайы үнемі бақылауда. Бөлім ай сайын және тоқсан сайын мониторинг жүргізеді. Айталық, ағымдағы жылдың І тоқсаны бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 100 пайызды құрап отыр. Бөлімнің жұмысында мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, оны рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеу – маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында – 5, қазақ тілінің латын негізді әліпбиіне көшуі бойын- ша – 6, ономастика саласы бойынша 9 іс-шара ұйымдастырылғанын айта кетейік. Сондай-ақ әлеуметтік желіде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» жобасы жүзеге асырылуда. Челлендж форматындағы жобаға 57 адам қатысып, видеолары әлеуметтік желіге жариялануда. Жоба нәтижесі бойынша ең көп лүпіл жинаған қатысушы арнайы марапатқа ие болады.
Бұған қоса «Менімен қазақша сөйлес!» атты акциясы жарияланып, қала бойынша сауда орталықтары, шағын және орта бизнес субъектілеріне, банктер мен халыққа қызмет көрсету мекемелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілуде.
Қазіргі таңда Қазақстан дамуында өзге елдердің де назарын аудартып отырған маңызды реформалардың бірі, рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары. Әліпбидің жаңа нұсқасы мақұлданған, бірақ нақты бекітілмегені көпшілікке мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында жүргізіледі. Сондай-ақ жаңа қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасын халық арасында жан-жақты түсіндіру, жаңа әліпбиге бейімдеу, насихаттау, диарктикалық таңбалармен таныстыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында қала тұрғындары арасында «Латын әліпбиі – болашықтың кілті», «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты акциялар өткізілуде. Жаңа әліпби нақты бекітілген соң тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп дағдыландыру, оқыту жұмыстары қолға алынады.
Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударар тағы бір сала – ономастика. Республика көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстары ҚР Үкіметінің №138 қаулысының талаптарына сәйкес және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» – 555, «Тарихи жер-су атаула- ры» – 380 және «Дәстүрлі атаулар» 298 тізімін басшылыққа ала отырып жүргізіледі. Өткен жылы жүргізілген жұмысты жалғастыру мақсатында биыл Тараз қаласының бірқатар құрамдас бөліктеріне тарихи тұлғалар, жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен атау бойынша 77 көшенің ұсынысы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ономастика комиссиясының қарауына жолданып, оң қорытындыға ие болған. Сонымен қатар өткен жылдың 14 желтоқсанында облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен қаулы және шешімі шығып, Әділет министрлігінен тіркеуден өтті. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер – 36, бұрылыс-тар – 8, тұйық – 1, өтпе жол – 1, қайталанатын атаулар – 2, атауы жоқ жаңа көшелер 29-ды құрап отыр. Ал 2022 жылдың 14 шілдесінде көше тұрғындарынан түскен өтініштерге сәйкес, 10 көше оң қорытындыға ие болды. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер – 1, бұрылыстар – 2, қайталанатын атаулар – 2, бұры- лыстар – 3, атауы жоқ жаңа көшелер – 1, жаңа алқап – 1. Жаңадан атау берілген көшелерге және тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстарға сәйкес, үлгіге сәйкес аншлагтар әзірленіп ілінеді.
Бүгінде қала бойынша геонимдер саны – 1 442. Оның ішінде қазақша тарихи тұлғалар саны – 575, жер-су атаулары – 185, дәстүрлі атаулар – 278, орысша кісі есімі – 209, мағынасы ескірген орысша атаулар – 195. Жалпы көшеге атау беру барысында бірінші кезекте мағынасы ескірген орысша атаулар бойынша қайта атау жұмыстары жүргізіледі.
Екінші кезекте елімізге қатысы жоқ, Кеңес Одағы уақытында қойылған орысша кісі есімдерімен аталған көшелер бойынша зерделеу жүргізіліп, атау беру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта ойшыл, революционер, суретші, саяхатшы, көсемдердің тағы басқаларының есімімен аталған көше атаулары – 103, Кеңес Одағының Батыры, ҰОС ардагерлері, көрнекті жазушы, ақындардың тағы басқаларының есімімен аталған көшелер – 92.
Республика бойынша елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау мәселесі бекітілген тізімге сәйкес жүргізілетіндіктен, қала тұрғындарынан үнемі жазбаша хат ретінде және әлеуметтік желі арқылы облыс, қала көлемінде танымал тұлғалардың есімдерін көшеге беру туралы ұсыныстар түсуде. Аталған ұсыныстарды жинақтап «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасына жолданған. Аталған ұсыныстар облыстық ономастика комиссиясында қаралып, іріктеліп, республикалық ономастика комиссиясына жіберілді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2016 жылғы 20 шілдедегі №6-1 бұрыштамасына сәйкес, аншлагтарды ауыстыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Соған орай, ағымдағы жылы жаңадан атау берілген және аншлагтары түсіп қалған, ескірген көшелердің аншлагтарын ауыстыру үшін бюджеттен қаржы қарастырылып, қазіргі таңда жаңа үлгідегі аншлагтар әзірленуде.
Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе. Тіл – ұлттың тірегі, ең асыл құндылығы. Демек тілге жанашырлық таныту ұлтқа қамқор болумен тең. Елімізде сонау 1997 жылы жарық көрген Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-бабына өткен жылдың желтоқсан айында оң өзгерістер енгізілді. Мәселен, бұған дейін заң деректемелер мен көрнекi ақпараттардың мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде болуын міндеттесе, ендігі жерде мемлекеттік тілде міндетті түрде жазылуы, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруы қарастырылды. Атап айтатын болсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне деректемелер мен көрнекі ақпараттарын тек мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.
Әрине, жарнама сауатты жазылып, емле мен пунктуация ережелеріне ғана емес, мазмұнға да мән берілуі тиіс. Сондықтан сауаттылық мәселесімен қатар, жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да ерекше екпін түсіріп, ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек игі іс болар еді. Алайда қазіргі таңда қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен көрнекі ақпараттар кездесуде. Әсіресе көшелерде, сауда, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рәсімделген немесе сөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштер, хабарландыру және басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туындатады. Алайда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі нысан иелері мен жарнама агенттіктерінің қызметкерлеріне тек қана әдістемелік көмек көрсету, семинар, дөңгелек үстел мен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізумен және жеке тұлға құзырлы органдарға шағымданған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес, тек қана ескерту берумен шектеледі. Солай екен деп қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Нақтырақ айтсақ, осы жылдың І тоқсанында «Қала келбе-ті – 2023» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты айлық өткізіліп, жеке кәсіпкерлер, қала тұрғындарына әдістемелік көмектер көрсетіліп, заң талаптары жазылған парақшалар таратылды. Айлық барысында 2 665-ке жуық нысан зерделеніп, қателіктер анықталған нысан иелеріне ауызша ескертіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Кейбір нысан иелері анықталған кемшілікті дер кезінде қалпына келтірген. Олардың қатарында«ABC» кеңсе тауарлар мен балалар киімдер дүкені бар. Сонымен қатар «Дәмді себет», «Фиркан» супермаркеттер желісінің баға көрсеткіштері тілдерді дамыту бөлімі тарапынан мемлекеттік тілге аударылып, сөзбе-сөз аударылған тауар атаулары ретке келтірілуде. Әлбетте, баға көрсеткіштерін аудару барысында сөзбе-сөз жеткізіліп, көңілге қаяу түсіретін атаулар да кездесті. Атап айтсақ, «сельд под шубой» – «пальто астындағы көксерке», «пьяная виш-ня» – «мас шие», «торт «муравейник» – «құмырсқа» деген сияқты жағымсыз мәтіндер аз болған жоқ. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жуырда «Жарнама тілі – қоғам тәрбиесі» атты семинар өткізілді. Аталған басқосудың мақсаты – көрнекі ақпарат, деректемелер бойынша аударма жасауға, жарнаманы тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес дұрыс рәсімдеуге көмек көрсету.
Қазір кейбір азаматтар кітап оқымауы, газет-журналға жазылмауы мүмкін, бірақ көшедегі жарнаманы міндетті түрде көреді, зер салады. Ал визуал дүние адамның жадында міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды. Сол себепті жарнама берушілерден көрнекі құралдарындағы мәтінге мұқияттылық танытып, қате кеткен жағдайда түзетуге дайын болып, бірлесе жұмыс істесек, мемлекеттік тіліміздің мерейі артып, кемшіліктер түзелер еді.
Біздің тарапымыздан жеке бизнес өкілдерімен үнемі етене жұмыс істеу барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін Call-center құрылып, жауапты маман бекітілген. Соның арқасында есепті мерзімде 143 жеке кәсіпкерге жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын тексеріп және аударма жасап бердік. Көрнекі ақпараттардағы әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмек жыл сайын артып, күшейтілуде.
Қазіргі таңда шаһар көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Жыл басынан бері жүргізілген айлық, зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірқатары түзетілді.
Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Оның ұлт болмысын ұғындырып, жалпақ жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші құрал екені де айқын. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі екенін де ескерген жөн. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына уақыт өткен сайын көзіміз жетуде.
Бақыт Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы