№8 Өтеген батыр атындағы
орта мектебінің 11 сынып оқушысы.
Қордай ауданы
Қазіргі таңда TikTok әлеуметтік желісі жастар арасында ең танымал платформалардың біріне айналды. Бұл қолданушыларға қысқа видеолар арқылы өз шығармашылығын көрсетуге, көңіл көтеруге және жаңа достар табуға мүмкіндік береді.
Бірақ TikTok-тың жастар өміріне әсері екіжақты: бір жағынан ол шығармашылықты дамытып, жаңа идеяларға жол ашса, екінші жағынан уақытты тиімсіз пайдалануға әкеліп әрі ондағы ақпарат сенімділігіне күмән туады. Оның ықпалы жастардың мәдениетіне, көзқарасына, тіпті күнделікті өмір салтына әсер етуде.
Статистикаға жүгінсек, Қазақстандағы 16-25 жас аралығындағы жастардың 70 пайызы TikTok-ты қолданады. Олардың көпшілігі күніне бірнеше сағат осы платформада уақыт өткізеді. Бұл кейде оқу мен жеке дамуға кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар TikTok арқылы жастар жаңалықтарды, мәдени және әлеуметтік трендтерді тез меңгереді. Бұл олардың әлемге деген көзқарасын кеңейтеді.
Қазақстанда TikTok пайдаланушыларының саны 14 миллионнан асты. Бұл көрсеткіш жастардың осы платформаны белсенді қолданатынын көрсетеді.
Екінші жағынан TikTok арқылы жастар ұлттық киімдер мен дәстүрлерді насихаттап, отарсыздану тақырыбын көтеруде. Мысалы, Әлішер Хасенғали сияқты контент жасаушылар қазақы нақыштағы киімдерді киіп, ұлттық мәдениетті дәріптейді.
Желінің білім-ғылымға әсерін де айтпасқа болмайды. TikTok-тағы #KitapTok сияқты хэштегтер арқылы жастар кітап оқуға қызығушылық танытып, әдебиетке бет бұруда. Бұл платформа жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Алайда әлеуметтік желіде кітап оқуға құштар жастар саусақпен санарлық.
TikTok-та теріс контенттер де бар. Жасөспірімдер арасында әдепсіз әрекеттерді насихаттайтын бейнелер, суицидке шақырулар және басқа да зиянды ақпараттар таралуда. Бұл жағдай ата-аналар мен қоғамды алаңдатуда.
Сондай-ақ ұзақ уақыт экран алдында отыру көзге, ұйқыға, тіпті психологиялық жағдайға кері әсер етеді. 2023 жылы жүргізілген зерттеуге сәйкес, TikTok пайдаланатын жастардың 4 пайызы уақытты тиімді пайдалана алмайды және оқу үлгерімі нашарлайды.
Сонымен қатар платформадағы кей видеолар жастарды дұрыс емес мінез-құлыққа итермелеуі мүмкін. Биік жерден секіру немесе автокөлікпен қауіпті маневр жасау секілді қауіпті іс-әрекеттерді қайталауға шақыратын контент те кездеседі. Мұндай видеолар жастар арасында жарақат алуға әкелуі мүмкін. Сондықтан TikTok-ты қауіпсіз қолдану маңызды.
Алайда TikTok-тың пайдасы жоқ деп айту мүмкін емес. Ол жастарға шығармашылық пен өзін-өзі таныту мүмкіндігін береді, әлемдік мәдениетті тез қабылдауға септігін тигізеді. Мысал ретінде Қазақстандық жас әнші Димаш Құдайбергеннің TikTok-тағы танымал видеоларын айтуға болады. Ол арқылы қазақтың дәстүрлі музыкасы мен мәдениеті әлемге таралып, жастар арасында ұлттық рухты көтеру үрдісі пайда болды.
TikTok – жастар мәдениетінің айнасы. Ол арқылы жастар өз ойларын білдіріп, шығармашылықтарын көрсетеді. Дегенмен, оның теріс әсерлерін де ескеріп, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан, ата-аналар мен мұғалімдер балалардың TikTok-тағы әрекеттерін бақылап, қажет болған жағдайда бағыт-бағдар беруге тиіс. TikTok-тың жастар санасына әсерін оң жаққа бағыттау үшін ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі өте маңызды. Жастарға уақытты тиімді пайдалану мен саналы контент таңдау туралы үйрету керек.