Кез келген қаламгердің қарымы жете бермейтін, өмірдің өткір қанжары іспетті сатира жанрында өзіндік өрнегін қалыптастырған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Әлімқұлов биыл қыркүйек айында 60 жасқа толады. Осы орайда қарымды қаламгер, жүйрік журналист әріптесімізді мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, оқырман назарына әлі еш жерде жарық көрмеген, ащы мысқыл арқылы сананы селт еткізетін бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.
Бақытжан ӘЛІМҚҰЛОВ,
сатирик ақын,
«Асқақ рухты Әулиеата» республикалық конкурсының,
Ш.Смаханұлы атындағы республикалық сатириктер байқауының
бас жүлдегері
БІЗ ҚАНДАЙ ЕЛ ЕДІК?
Жетімі мен жесірін
жылатпайтын ел едік!
Қыз баласын қорғаштап,
40 үйден тыйым сап,
Еңсесін еш құлатпайтын ел едік!
7 атасын білетін,
Түзу жолмен жүретін,
«Тәйт» деген бір зіл сөзге
Тұрақтайтын ел едік!
Қайтып келер есікті
Қатты жаппайтын ел едік!
Қымыз, шұбат болмаса,
Арақ, шарап дегенді
Бір тарпайтын ел едік!
… Ал бүгінде не болдық?
Ата салтын ұмытып,
Ұлтсызданған ел болдық.
Жылап-сықтаған жесірлер,
Көбейіп кетті «вешірлер».
Тірі әкесінен айырылған
Өсіп жатыр жетімдер.
Ағылшын, негр, араб деп
Өз ұлтына «талақ» деп
Кетіп жатыр кесірлер.
«Өзге ұлтқа тигенім –
Қазаққа жау тапқаным.
Балаларым мен сүйгенім
Айбалтасын ала кеп
Көргім келмейд шапқанын!
Қош бол, жақсы көргенім,
Жүрегімде жерледім.
Ұлтым үшін құрбан боп,
Оданша жақсы өлгенім!»
Осылай дейтін қыз қайда?!
Жүрегің, айтшы, сыздай ма?
Бұрынғының қыздары
Қайтып келер ме ед мұндайда!
…Эх, өкініштен өзек өртенді.
Жалайтын айтшы тұз қайда?
Қарып түсер тілімді,
Тауып берші, мұз қайда?!
P.S.
Шет елге кетсе қызымыз –
Шіріген бір жұмыртқа.
Жиендер бірақ келмесін
Кесірі тиер бір ұлтқа!
ҰЛТСЫЗДАНУ – ӨЗ ТІЛІН ҰМЫТУ!
«Құлдықтан құтылғысы келмеген құл мәңгі құл болуға лайық».
Д.Дудаев
Орыс генералы шешеннің
ұлт батыры Джохар Дудаевқа:
– Осы сен Ауғанда соғыстың,
Мен де Ауғанда соғыстым.
Екеуміз де ел намысын бермедік,
Қырғын соғыста аман қалдық, өлмедік.
Бізге оқ боратып ұмтылған
Талай моджехетті
жермен-жексен еттік, жерледік.
Ерлікпен көзге түсіп солай,
Бір-бірімізді құтқарып едік талай.
Кеудеміз толып медальға,
Ресей Батыры да атандық.
Ал ендігіміз қалай?
Бір-бірімізге қару кезеніп,
Соғысып жатырмыз безеріп.
– Біз бейбіт елміз, жүрген тек.
Сендер ғой соғыс ашқан бізге кеп.
– Жарайды, сөз қысқа,
Мәмілеге келейік осы тұста.
Сені аяймын, ажал құшпа!
Қаруыңды тастап,
Бұзықтарды жасқап,
Біз жаққа өт
Өз халқыңды бастап!
– Мен орысты жек көрем!
– Неге?
– Енді қара,
Шешенстанда жүрген орыс бала
Өз тілінде сөйлейді.
Шешен баласы
Өз елінде, өз жерінде жүр.
Әйтсе де ана шегіркөз үшін
Өзге тілде сөйлеуге мәжбүр.
Бұл – бір. Екінші, өмір бойы
Осы елде жүрген,
Нанын жеп, суын ішіп өмір сүрген.
Бір орысты көрсетші
Шешен тілін білген!
Тіпті, маскүнеміне дейін, алқаш,
«На понятном языке говори» дейді,
Байқаш.
«Не понятный языгы» –
Сонда менің баба тілім ба?
Алдына тосып азығын,
Жалаң аяқ, жалаң бұт келген
Ата-бабаларыңды
Аман алып қалғаны ма жазығы?
Сондықтан да мен өзіме
Бердім серт,
Өліп кетсем де бүгін, мерт.
Шайқасып өтем сендермен.
Болды, сөз бітті. Қош бол. Кет!
P.S.
Ресейге бодан болғаны,
Халықтың жоқ оңғаны.
Қазақтың тең жартысы қырылып,
Аштықтың болды құрбаны!
Асын ішіп, аяғын тепкен.
Бұлар нас еді неткен?!
Салтанат құрсын ана тіл!
Бодандық дәуір өткен!
Досқа күлкі,
Дұшпанға таба болмайық!
Қазақ тілін қазақ болып қорғайық!
ҚЫС ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛАҒАН ЖЕМҚОРЛАР!
Кеше:
– Қысқа дайындық қалай?
– Зың.
– Асыра сілтемеңдер тым.
– Жоқ, шынында да күшті.
Құбырларды ауыстырып,
Қазандықты да жаңаладық, тіпті.
– Екібастұз ТЭЦ-не
22 миллиард теңге бөлініп ед(і).
– Ол ақша кеткен жоқ тек.
Шет елден қазандық алдық,
Ескісін лақтырып,
Су жаңасын салдық!
– Жарайды, күн суытқанда көреміз.
Бағасын сонда береміз.
Бүгін:
– Әй, мынау ел тоңды ғой.
ТЭЦ-ің мес болды ғой.
– Басеке, саспаңыз.
Құбырлар жарылса,
Қуана бастаңыз.
– Әй, не оттап кеттің?
Бетіне қалай қараймыз көптің?
– Біз де байбалам салайық,
Жаурады деп халайық.
Бәрі тозған, «ремонт» деп,
Тағы ақша алайық.
– Әй, осы сенің басың – бас,
Болсаң да жап-жас.
Бірақ бере ме екен үкімет-тас.
– Береді.
«Шәпкісін» алды ғой, көнеді.
– Онда өзің баста,
Жоғарғы жаққа түсініктеме жазып
таста.
– Иә, бәрін қатырамыз.
– Тексеріп келсе ше?
– Онда қарамызды батырамыз.
– Қайда?
– Шетелге,
Ақша жегендердің барлығы жүр ғой
шетелде!
– Улап-шулаған халық ше?
– Олар да көнеді,
Азар болса, екі-үшеуі өледі.
«Жаңа коронавирус» дей саламыз,
Ақшаны опырып жей саламыз.
P.S.
Міне, осылайша бөлінген ақша
желге ұшып жатыр.
Жемқорлардың қалтасына түсіп
жатыр.
…Біздегі тірлік осылай,
Несін айтасың, досым-ай?!
КАЗИНО
Үкімет:
– Казино деген не пәле?
Астана, Алматы қаласының
қақ ортасында тұр, әне.
Оған барғандардың қалталары
қағылып шығып жатыр.
Отбасын ойрандап құрып жатыр.
Казиноны құрту, жою керек.
Құмар ойынды қою керек!
Қарсы кім бар?
Ешкім жоқ па?
Казино ашқандарды енді
береміз сотқа!
Депутаттар:
– Дұрыс. Дұрыс! Дұрыс!!!
Осылайша бітіп еді бір іс!
Ал енді не болды?
Араға бес жыл салмай,
Сілтедік бәріне қолды.
Үкімет «қайта ашамыз» дейді оны.
– Казиносыз болмайды екен
Қазынамыз қаржыға
чтолмайды екен.
Ел көп баратын жер –
Каспий теңізі мен Алакөл.
Алматы облысындағы Талғар да,
Сонан соң Зайсандағы Марқакөл –
Міне, осы жерлерде ашамыз.
Туристерді дем алуға шақырып,
Құмар ойынға тартамыз.
Олар ұтылсын, мейлі, «ах» ұрып,
Біздің кеңіп қалар арқамыз!
Түскен ақша,
Елді мекенге кетеді,
Біраз нәрсеге жетеді.
Жарық жағып, жолды салып,
Өркендетеміз өлкені!
P.S.
Қазақтың ең көрікті жері –
Каспий, Алакөл мен Марқакөлі!
Отандық демалушылар үшін емес,
Шетелдіктер жиналатын,
жын-пері
Ордасына айналатын болды ғой…
Бұған не дер екен Қазақ елі?!
…Арам ойға айла жоқ,
Арам ақшадан пайда жоқ!