Жуырда Достық үйінде терроризмге қарсы қорғалу шараларын ұйымдастыру мәселесі бойынша семинар-кеңес өтті.
Басқосуға облыс әкімі аппаратының терроризмге қарсы қызметті үйлестіру және құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы, облыстық терроризмге қарсы комиссия хатшысы Бақытжан Саданов, облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Асхат Тайтелиев, ҚР ҰҚК облыс бойынша департаментінің қызметкері Айғаным Ахан және кәсіпкерлік нысандарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Әуелі Бақытжан Жаматұлы терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етудегі түйінді мәселелерге тоқталды.
– ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 06 мамырдағы №305 қаулысымен бекітілген террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес, кемінде 30 тәуліктік ақпаратты сақтау жадымен бейнебақылау және құлақтандыру жүйелерімен, сонымен қатар дабыл түймесімен жабдықталуы қажет, полиция бөлімшелерімен келісілген объектінің терроризмге қарсы қорғалуының паспорты болуға тиіс, сондай-ақ профилактикалық және оқу іс-шаралары ұйымдастырылуға міндетті. Біріншіден, объектілердің әкімшілігі оның терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ететін тұлғаны айқындауы тиіс (ішкі бұйрықпен). Екіншіден, практикалық және теориялық сабақтар террористік тұрғыдан осал объектінің меншік иесі, басшысы (күзет қызметі субъектісінің басшысы) бекіткен өткізу кестесіне сәйкес, жылына бір реттен сиретпей өткізілуі тиіс. Аталған іс-шараларды өткізуді хаттама немесе анықтама түрінде құжаттай отырып, терроризмге қарсы қорғау жөніндегі оқу іс-шараларын есепке алу журналына жазба жасай отырып жүргізуге тиіс. Бұдан әрі объектілердің меншік иелері/басшылары терроризм актісін жасау немесе жасау қатерлеріне ден қоюға әзірлікті қамтамасыз ету шеңберінде объект персоналы мен күзет қызметі субъектілерінің іс-қимыл алгоритмін әзірлейді, – деген комиссия хатшысы заң бұзушылықтар анықталған жағдайда олардың меншік иелері айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартыла- тынын баса ескертті.
Келесі кезекте шараның өзге де қатысушылары сөз алып, орамды ойларын ортаға салды.
Бинура Жақыпбай