Қолданбалы ғылым ел экономикасын дамытуға, сол арқылы мемлекеттің әлеуметтік жағдайын жақсартуға едәуір ықпал ете алады. Ғылымның осы бағытын ілгерілетуге зерттеушілер мен өндіріс өкілдерінің күш біріктіргені ауадай қажет-ақ. Мұны тәжірибелі ғалымдар да, өндірушілер де жиі айтып жүр, осыған қоса сөзден іске көшудің одан да маңызды екенін мүмкіндігінше көрсетіп келеді.
Осының бір үлгісін металлургия және байыту институтының ғалымдары мен «KazNewTech» компаниясының бірлесіп шығарған терраса тақтасынан байқадық. Ол ағаш-полимерлік композиттен өндірілген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, жоба елдің құрылыс нарығында елеулі орын алады. Патенттелген технология бойынша жасалатын терраса тақталары жеке тұрғын үй, коммерциялық, әкімшілік секторларды салуда, сондай-ақ үй аумақтарын абаттандыруда кеңінен қолданылады. Ашық террасалар, балкондар мен шатырлар құрылысына да пайдаланылады.
Жоба жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Эльнар Кенжалиев тақталардың инновациялық жағы, жоғары сапада жасалуы, сонымен қатар экологиялық тұрғыда қауіпсіз болуы өнімнің басты артықшылығы екенін атап өтті. «Біз шикізатқа бірегей рецептуралар жасаймыз, осыған қоса ағаш-полимерлік композит бұйымдарының теңдессіз сапасын алуға мүмкіндік беретін шешімдерді әзірлейміз. Біздің өндірісте тұрақты сипаттамалары, біртекті құрамы, сапасы, белгілі бір дисперсиялығы, ылғалдылығы бар полимерлер пайдаланылады. Бұл сапа мен геометрияны сақтай отырып, параметрлер, экструзия жылдамдығына әсер етеді. Материалдың беріктігін, қаттылығын, ылғалға төзімділігін арттыру үшін антиоксиданттар, аддитивтер, антипирендер және бояғыштар сияқты әртүрлі қоспа қолданылады. Мұндай параметрлермен жұмыс істеу өндірістегі ақауды барынша болдырмайды», – деді Э.Кенжалиев.
Ғылым мен бизнес ынтымақтастығының нәтижесінде дүниеге келген өнімнің сапасы қазіргі таңда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ғылыми зертханаларында сынықтан өткізіліп жатыр. Өндіріс отандық шикізатпен жұмыс істейді, оның ішінде қайталама шикізат – қайта өңделген пластиктер, ағаштар пайдаланылады. Өндірісте өнімнің сапасы, нормативтік құжаттарға сәйкес жасалуы бақыланады. Барлық бұйым сертификатталған, тиісті сынақтан өткен. Осы жұмыс ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде іске асырылып жатыр.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
журналист