Алматыдағы ауруханалардың бірінде ата-анасы жарты жыл бұрын тастап кеткен баланың оқиғасы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. 1,5 жасар Тәңірберген жайлы ауруханада қызымен емделіп жатқан Айдана Аллажарқызы айтып берді. Ол тележүргіуші Тимур Балымбетовпен тікелей эфирге шығып, болған жайтты баяндады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Айдана Аллажарқызы ауруханаға өткен аптаның бейсенбісінде түскен. Алғашқыда терезесі жоқ, тар бөлмеде жалғыз жатқан сәбиді көргенде түсінбеген. «Анасы сыртқа шығып кеткен болар» деп қасынан өте барған. Бірақ бірнеше күн бойы ешкімді байқамағандықтан, өзге науқастардан, мейірбикелерден ол жайлы сұрап-білген.
Айтуынша, бала 2021 жылдың 22 қыркүйегінен бастап ауруханада жатыр. Түскен кезде 1,2 жаста болған. Қазір шамамен 1,5 жаста.
«Басында түсінген жоқпын. Неге ол бала есікке қарап тұрады? Су, ойыншық сұрап тұрады? Мамасы бар шығар деп қасынан өтіп кететінмін. Бірақ кеше асықпай қарап тұрсам, жанына ешкім жақындаған жоқ. Су сұрады, тумбаның үстінде ойыншық тұрды, соны сұрады. Бердім», – дейді Айдана Аллажарқызы.
Айтуынша, бала жатқан палатаға өзге науқастардың кіруіне, оны камераға түсіруге тыйым салынған.
«Балаға жақындамаңдар, жөтеліп тұр, мұрны ағып тұр. Сіздерге жұғады, дейді», – дейді Айдана.
Куәгер баланың дәл қазіргі уақытта аздап суықтағаны болмаса, дені сау екенін айтады. Барлық балалар сияқты ойнағысы келеді, күлімдейді, адамдарға тартылады, дейді.
Тәңірберген туралы ақпаратты желіге жариялағаннан кейін, аурухана әкімшілігі Айданаға қысым көрсетіп жатқан ұқсайды. Айтуынша, аурухана меңгерушісі, заңгер, дәрігер мен бір ата-ана оны кабинетке шақырып, жасаған ісінің құқықбұзушылық екенін айтқан. Тіпті, бір ата-ана «пиар үшін осындай әрекетке барған алаяқ» деп жала жауыпты.
Алайда Айдана бар болғаны қараусыз қалған бала үшін уайымға салынғанын айтады. Үш баланың анасы тар бөлмеде 5 айдан бері жалғыз отырған Тәңірбергенге бей-жай қарай алмаған. Айдана ол туралы желіге сала бастағаннан, мейірімді жандар көмек қолын ұсынған. Баланың керек-жарағына деп осы уақытқа дейін 480 мың теңге жинап беріпті.
«Бір ата-ана: «Сен неге сбор ашасың? Бұл деген құқықбұзушылық, алаяқтық», – деп айып тақты, дауыс көтерді. Мен ешқандай алаяқ емеспін. Өзімнің шотымды бердім. Ешбір тиынына тиіспей, депозит ретінде салып берсек деп отырмыз. Қазір керек-жарақ, ойыншық алып беретін болсақ, ол балада қалады деген сенім жоқ.
Халық өзі көмектескісі келеді. «Жіберейікші, алып берейікші» деп жазып жатыр. Ақша жинауды доғарайық деп жазсам да, әлі жіберіп жатқан адамдар бар», – дейді Айдана.