Теміртау қаласындағы әскери бөлімде қаза болған сарбаз Сержан Оңғардың туыстары әділдік сұрайды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, рота командирі сарбаздардан ақша жинап келген. Әскери бөлімде тәртіп пен тәрбиенің жоқтығы сарбаздың өліміне әкеліп соққан дейді. Сарбаздың жақындары ресми орындардың жауабына сенбейді. Сондықтан олар осы жағдайға жол берген барлық шенділерді де жазалауды сұрайды.
Бұл отбасына қаралы хабар кеше түн ортасында жеткен. Қапияда ұлынан айырылған ана баласының өліміне әскердегі бассыздық пен салғырттық себеп болғанына сенімді. Айтуынша, Теміртаудағы 5516 әскери бөлімшесінде талай былық бар. Тіпті соңғы рет баласымен сөйлескенде ол рота командирінің ақша жинайтынын білген.
“Тамағының астынан атқан 5-еуі де басына атылған. 5 оқ атқанша ол қимылдамаған ғой. Мен ол экспертизаның әділ болатынына да сенбеймін. Бұл қастандық. Күнделігі болатын. Ол да жоқ. Жоқ қып жіберген. Мама бізге 3700 теңге ақша беріледі, мама аяғыма крем алам деп сұрап алатын. Ол ақшаны рота командирі жиып алып кетіп өзі алады екен. Қалтасына басып алады, сол жердегі бар баладан сұраңыз. Ата-аналар білмейді”, – дейді марқұмның анасы Гүлжан Қасымбекова.
20 жастағы Сержан Оңғар өткен түні 1 жарым сағат шамасында Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде қарауылда тұрған. Сол мезетте мерт болған. Алдын ала жасалған ресми болжам бойынша өзіне өзі оқ атқан.
“Қатардағы жауынгер Оңғаров ішкі қарауылда қызмет атқарып жүріп өзінің басына өзіне бекітілген автоматтан оқ атып қатты жарақат алғаннан кейін жедел түрде қалалық ауруханаға жеткізілген болатын. Өкінішке қарай, сол ауруханада көз жұмды. Қазіргі таңда Орталық әскери тергеу басқармасымен сотқа дейінгі тергеу іс-шаралары өткізіліп жатыр”, – дейді Ұлттық Ұлан “Орталық” өңірлік қолбасшысының орынбасары Қанат Беляков.
Сержан Оңғар отбасындағы алты баланың екіншісі. Түркістан облысындағы Мақтарал ауданы Мақтажан ауылынан 10 ай бұрын әскерге аттанған. Алматыда медицина колледжінде фельдшер мамандығының 3-інші курсында оқып жүргенде, әскерге шақырту алыпты. Өз еркімен борышын өтеуге бел буған. Әскери бөлімде үздік жауынгерлер қатарынан да көрінген.
“Ол өте жақсы, барлығымен бірдей араласатын. Ондай жаман қылықтары да жоқ. Бірге қызметке де шығып жүрдік. 10 ай біргеміз таңнан кешке дейін. Ондайды күтпедім, шынымды айтайын. Өте сыпайы, өте мейірімді болды”, – дейді Теміртау қаласы 5516 бөлімшесінің қатардағы жауынгері Бауыржан Шариполлинов.
Сарбаз қазасынан 2 сағат бұрын ғана, туыстарымен телефон арқылы тілдескен. Дауысы жайдары болды дейді. «Аяқ астынан өзін атып салуы мүмкін емес» деп отыр.
“Қазақстанның әскери бөлімдерінде ешқандай тәртіп жоқ. Тәрбие жоқ. Сол тәртіптің жоқтығынан. Командир бола ма, сержанты бола ма? Міне, өзіне-өзі қол жұмсады деп менің інімді өлтіріп отыр. Бірақ менің інім өзіне-өзі қол жұмсайтын бала емес”, – дейді марқұмның әпкесі.
Қазір әскери бөлімшеде қызметтік тексеріс тағайындалды. Қазаға себеп болған командир ма жоқ па оны тергеу орындары анықтамақ. Ал Сержанның денесін туыстары Қарағанды облысынан туған үйіне автобуспен апара жатыр.
Еске салсақ, Теміртаудағы Ұлттық ұлан әскери бөлімінен сарбаздың денесі табылған.