Темір тұлпарды тізгіндеп…

Тамыз айының бірінші жексенбісі – көлік қызметкерлерінің төл мерекесі. Биылғы жылы көлік саласына қатысы бар адамдардың бұл мерекесі 1 тамыз күніне сәйкес келіп отыр.

Арайлым Бақытжанқызы

Таң қылаң атысымен алғаш жұмысқа асығатын жандардың бірі – көлік жүргізушілері. Такси қызметі болсын, қоғамдық көлік қызметі болсын, халыққа қызмет етуді абырой санайтын сала мамандары туралы мереке қарсаңында толығырақ айтпақпыз. Өз мамандығын халыққа қызмет етуге арнаған жандардың бірі – Жұмағали Таукенов. Ол 2005 жылдан бері жүргізуші қызметінде еңбек етеді.

– 16 жылдан астам уақыт мен көлікті тізгіндеп келемін. «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-інде №47 бағыттағы қоғамдық көлікті айдаймын. Аптасына 2-3 рет қала ішінде автобус айдасам, қалған уақытта «Тараз-Шығанақ» бағытында адам тасимын. Әрине, әр мамандықтың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Таңмен таласа жұмысқа шығып, кешкі 19.30-ға дейін халыққа қызмет етеміз. Пандемия кезінде жұмыс істеу қиынға соққаны белгілі. Көпшілік қатынайтын бағыт болғандықтан, алдымен денсаулыққа қауіп төнгені жасырын емес. Десек те, біз жұмысты тоқтатпадық. Айлығымызды уақытылы аламыз. Бүгінде халық арасында қоғамдық көлік жүргізушілеріне деген оң көзқарас әлі қалыптаспаған. Кінәлі болмасаң да ұрыс іздеп, шамыңа тиетін жолаушылар көп. Тіпті жолақыны төлемей түсіп кеткісі келетін жандарды да көрдік. Бірақ барлығына сабырмен қарап, көпшілік ішінде айқай-шу шығармауға тырысасың. Жұмыс істеген уақытымда серіктестікке менің атымнан ешқандай ескерту немесе заң бұзушылық тіркелмеді, – дейді жүргізуші Жұмағали Таукенов.

Иә, жазда +40 градуста, қыста -40 градуста көлік тізгіндеу – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Дүниені дүрбелеңге салған дерттің кесірі бұл саланы да айналып өтпеді. Пандемияға дейін қала бойынша 10 жолаушы тасымалдаушы кәсіпорынға тиесілі 429 автобус 42 бағытта, атап айтсақ, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС – 17 бағытта, «Саяхат-99» ЖШС мен «ДамРус» ЖШС – 5, «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС мен «СапарТранс-2012» ЖШС – 4, «ТаразТрансМоторс» ЖШС – 3, «Мерей-2002» ЖШС, «ТаразПассТранс» ЖШС, «Саят» ЖШС және «Экспресс-05» ЖШС-нің әрқайсысы бір-бір бағытта ғана қызмет көрсеткен. Жиі сынға ұшырайтын қоғамдық көліктің саны карантин уақытында 50-51 пайызға, яғни 429 автобустан 220-230 автобусқа қысқарыпты. Пандемия кезінде жүргізушілердің жұмыста тұрақтамауы көптеген бағыттардың жабылуына әкеліп соққан. Елде әлі күнге дейін карантиндік шаралар жұмсармады. Десе де, қалаішілік автобустардың бағыты реттеліп, қызметке қайта көшті.

Қала бойынша тасымалдың 45 пайызын қамтамасыз етіп отырған серіктестіктердің бірі – «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС. Мұнда 15 бағытта 120 кесте бойынша тұрғындарға қызмет көрсетіледі.
– 1981 жылдан бері халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеміз. Пандемияға дейін 130 кесте бойынша қызмет көрсеттік. Жаз айында негізі халық саны аз болады. Жүргізушілер таңғы 6-дан кешкі 8-9-ға дейін жұмыс істейді. Бұл орайда жүргізушілердің еңбегі зор. Пандемия кезінде ештеңеге қарамай халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, тасымалдауды тоқтатпадық. Жалпы 5 га жері бар серіктестікте 200-ден астам адам қызмет етеді. Екі ай бұрын жолақысы 85 теңгеге көтерілгені халық арасында біраз наразылық тудырды. Десе де, бүгінде жанар-жағармай күн санап өссе, автокөлік бөлшектері де қымбаттауда. Тіпті 1 автобустың құны 55 млн теңгені құрайды. Қала бойынша неге қоғамдық көлікті жаңартпайсыңдар деген ұсыныстар мен арыз-шағымдар күнде түседі. Бірақ оны ауыстыру үшін де қаражат қажет. Бүгінде 10-20 автобусты несиеге алу жоспарда бар. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жасалуда, – дейді «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС директоры Рашид Пірманов.

Қала тұрғындарының ең негізгі талабы – қоғамдық көлік. Жүргізушілердің мәдениеті де маңызды. Қоғамдық көліктегі тазалықпен қатар, мәселенің ең бастысы – қаладағы автобустардың кішкентай болуы. Халыққа ыңғайсыз. Таңертең, түсте, кешке болсын адамдар сыймай жатады. Десе де, бұл бағыттағы мәселе біртіндеп шешілуде. Жақында қалаға №8 бағыттағы жаңа автобустар іске қосылды. Жаңа автобустар толығымен заманауи құрылғылармен автоматтандырылған. Және де бұл қоғамдық көліктің көңіл қуантарлығы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандус та орнатылыпты.
– Автобустың ішінде жазда салқындатқыш, қыста жылыту жүйелері жұмыс жасайды. Әрқайсысында 7 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың төртеуі сыртта, қалған 3 камера салонның ішінде. Мұндай жағдай жолаушылардың жеке мүліктерінің ұрлығын болдырмау үшін өте қолайлы. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандус орнатылып, арнайы орын да қарастырылған. Ұзындығы 12 метрлік кең автобуста 28 орындық, 1 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орын, жалпы тұрғандармен қосқанда 90 адамға дейін сыйымдылығы бар. Алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша тағы да осындай жаңа автобустарды алып келеміз, – деді алматылық «CITY-BUS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Нұрлан Елшібаев.
Бүгінге дейін қоғамдық көліктердің жайы күн тәртібінен түскен емес. Пандемияға дейін мереке қарсаңында «Үздік жүргізуші» аталымы бойынша қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үздіктерді марапаттап, салтанатты жиын өткізіп келген. Ал соңғы екі жылда бұл шара тоқтапты. Алайда алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Жүргізушілер күнін тек автобус тізгіндейтін жандар ғана тойламайды. Сондай-ақ такси қызметіндегі азаматтар үшін де атаулы мерекенің өз орны бар. Осы орайда қала бойынша блиц-сауалнама жүргізіп, бұл мерекені өзгелердің қалай тойлайтындығы туралы ойын білдік. Бірақ көпшілік мұндай мерекенің барын да білмейтін болып шықты.
– Шыны керек, бұл мерекенің барын сізден алғаш естуім. Жүргізуші ретінде тойлау жоспарда жоқ. Көлік тізгіндеп жүргеніме он шақты жыл болды. Жұмыстан бос уақытта қала ішінде адам тасимын. Бала-шағаның күнделікті нәпақасын осылай тауып отырмын, – деді такси жүргізушісі Сергей.
– Бұл мерекені тойлаудың жалпы қажеті жоқ деп білемін. Себебі жолда жүрген жолаушы үшін де, жүргізуші үшін де діттеген жеріне аман-есен жетуінің өзі – бір мереке. Бүгінде жол апатынан қаза болып жатқан жандар көп. Жол қателікті кешірмейді. Қала ішінде адам тасып жүргенде көп тұрғын жол белгілеріне қарамайды, орынсыз жерден жолды кесіп өтеді. Көп жағдайда жүргізушілерді кінәлап жатады. Бірақ жол ережелерін сақтамаған, бағдаршамды бағдарламаған жаяу жүргіншінің кесірінен талай келеңсіздіктер орын алып, тіпті аяғы қайғылы оқиғамен аяқталып жатқан жағдайларды күнде көріп жүрміз. Бұл орайда сақтық шараларын ұстануды, жолдан абайлап өтуді әлі де санамызға сіңірмей келеміз. Тіпті кеше көліктің астына өрімдей жас қыз түсіп кете жаздады. Мен өз бағытымда адам тасымалдап жүргенмін, ол қыз жолға ай-шай жоқ жүгіріп шықты. Абырой болғанда тежегішті басып үлгердім. Кейін тоқтап қарасам, достарымен бәстесіп, жүріп келе жатқан көліктің астына түсуді жоспарлапты-мыс. Қарап отырсаң, бір ойынның кесірі қаншама жанға тиер еді. Құдай сақтап, қайта жай келе жатқанмын. Жылдамдықты асырған өзге көлік болса, ол азаматшаны қағатын еді, – дейді көлік жүргізушісі Азамат.
Иә, сан түрлі пікір, сан түрлі ойлар. Көлік жүргізушілерінің басым бөлігі мерекені тойлауды емес, қала ішіндегі тозығы жеткен көшелердің жолын жөндеуді ұсыныс ретінде айтты.
Күні-түні, қысы-жазы бір тынбайтын қоғамдық көлік пен такси қызметінің жүргізушілері болсын, алыс-жақын қалааралық автобустар болсын халыққа қызмет көрсету оңай емес. Көлік тізгіндеген барлық жүргізушілер мен ондағы жолаушылардың діттеген жеріне аман-есен жетуін тілейміз. Жолдарыңыз қашанда ашық болсын!

Comments (0)
Add Comment