Телефонға телміру – ұрпаққа төнген қауіп

Қазіргі күні айналамызға назар салсақ, ғаламтор шырмауына түскен жастар жетерлік. Сан түрлі технологиялар мен техникалардың дамуы адамзатты үлкен жетістіктерге жеткізгенімен, бізге беретін кері әсері де аз емес.

«Таяқтың екі ұшы болады» дегендей, кез келген дүниенің де жақсы және жаман жақтары болады. Жаңа технологияның дамығаны соншалық, адам баласын тілсіз басқара алатындай дәрежеге жетті. Турасынан айтқанда, ғаламтор торына түскен тұтқындай болдық. Бұлай жалғаса берер болса, ел болып интернет ауруына шалдығарымыз сөзсіз. Бүгінгі күні осы мәселені көтерген кезде адамдардың ойы екіге бөлінеді. Бірі «ол қазіргі заманға керек, барлық ақпарат пен мәлімет, жаңалықтарды ғаламтордан аламыз» десе, оған қарама-қарсы пікір айтып, «бұрынғы өміріміз жақсырақ еді, монитор алдында телміріп отыру – ең алдымен денсаулыққа зиян әдет» дейді. Шынында да, мұндай жағдайлар жасөспірімдер арасында өте көп белең алып тұр. Бұл тұрғыда мен де жағдайды жақсы түсінемін. Себебі өзім де жасөспірім оқушымын. Көп дүниелерге қызығып, құмарлық танытатын уақытымыз болады. Дегенмен күн демей, түн демей ғаламторға телміру үлкен қауіпке әкеліп соғады. Осы сөзіме дәлел – бір-бірімізбен ашық сөйлеспеуіміз, тіпті тамақтанып отырған кездің өзінде интернетке, сабақ үстінде білім алудың орнына керексіз әлеуметтік желілерге кіріп отырамыз. Сондай-ақ ғаламтор тек бала психикасына ғана емес, жалпы ересек адамдардың психологиясына кері әсерін тигізеді. Байқап қарасақ, жақсы жағынан гөрі жаман жағы көбірек екен.
Әрине, ата-анамыз бізді заман талабына сай білімді адам ретінде тәрбиелегісі келеді. Кез келген дүниенің шегі болады. Сол шекарадан шығып кетсек, өзімізге ғана емес, қоғамға да зиянын тигіземіз. Өрмекшінің торына түскен құмырсқадай жағдайымызды түсінетін жастар болса қанекей. Бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндердің өзі ұялы телефонның не екендігін білгені – бізге төнген қауіптің де соншалықты ауқымды екендігінің айқын көрінісі.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, ел болашағы білімді жастардың қолында. Білімді дегенім, күні бойы ғаламторға кіріп, үңілу емес, достар! Өз-өзіне алаңдамаған, денсаулығы жайлы ойына да кіріп-шықпайтын жастардан не күтуге болады? Өзге емес, өзін сыйламаған адам қалай ел іргесін мықтамақ? Көпке топырақ шашудан аулақпын. Шынына келгенде, бұл тек Қазақстандағы мәселе емес. Интернетке үйренген адам баласын бір сәтте одан айыру мүмкін емес. Шешу жолы тек біреу – тәуелділіктен арылайық! Тек қажетті кезде ғана қолданайық!
Негізі, адам баласының санасына жақсы ақпараттардан гөрі жағымсыз ақпараттар тез сіңеді. Ел ішіндегі балалардың психикалық аурулары, экстремизм, терроризм, суицид, құмар ойындарға кіріп кету – барлығымызды алаңдатарлық жағдай. Мүмкін осы уақытқа дейін дәл осы тақырыптың қайта-қайта қозғалуы бұл тұстағы жастардың жүз ойланып, мың толғанбайтынында болар? Сондықтан ойланайық, замандас!

Әсем Саятқызы,
№54 орта мектептің оқушысы

Comments (0)
Add Comment