Өркениет дамудың бірнеше кезеңдерін бастан өткеріп, жаһанданудың жаңа игіліктерін игергенше, қоғам үздіксіз өзгерумен болды. Құндылықтар ауысты. Ғалымдар адамзатты алға жылжыту үшін технократия керек пе, гуманитария қажет пе деп көп бас қатырды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Гуманитария рухымызды тәрбиелесе, жаратылыстану ми жұмысын жүйелейді. Бұл ретте «Jambyl-Taraz» газеті қазақтың ұлы ойшылы, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында «Ғылым таппай мақтанба» атты жаңа айдар ашып, онда сандар әлемі серігіне айналған өнертапқыштар мен жас технократтарды насихаттайтын болады. Әр мақаладан жастар өздеріне зор мотивация алып, елдегі ғылым саласын әлемдік деңгейге көтеруге қанаттанады деп сенеміз.
Бүгінде әр аттап басқан қадамымыз техниканың игілігімен жүзеге асады. Әрбір шаруамыз қолымыздағы смартфонның көмегімен тындырылады. Осындай жаңалықтар мен технологиялық революциялар үшін адамзат ХХІ ғасырға алғыс айтуы тиіс секілді. Таразда жаратылыстану бағытында тереңдете білім беретін үш бірдей мектеп бар. Олар: Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға және дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернаттары, дарынды балаларға арналған ІТ-лицейі. Мұнымен қоса оқушылар робототехника, бағдарламалау бағыттарында Назарбаев Зияткерлік мектебінде, облыстық техникалық шығармашылық орталығында білім алады.
Техникалық шығармашылық орталықтың компьютерлік графика және анимация пәнінің оқытушысы Андрей Шевляков салыстырмалы түрде аздаған жалақы жастарды оқытушылық қызметпен айналысуға ынталандырмайды, алайда бұл технологияны зерттеуге қызығушылық танытуға кедергі келтірмейтінін айтады.
– Бірнеше жылдық ұстаздық тәжірибемде бүгінгі балалардың өте ақылды екеніне көзім жетті. Жастар кез келген техниканы оңай меңгереді. Себебі бала кезден смартфон мен компьютер сенімді серіктеріне айналған. Тіпті мұндай мүмкіндіктері жоқ аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да қатарларынан қалмай техникаға деген қызығушылығын көрсетіп жатады. Біздің орталықта балалар ең алдымен графиканың әліппесі саналатын «CorelDraw» және «Photoshop» бағдарламасын меңгереді. Әрі қарай біз жалпы құрылғымен және бағдарламалық жасақтамамен танысамыз. Бұдан әрі олар күрделі бағдарламалар мен технологияларды игереді. Бұл машықтардың болашағы зор. Бүгінде менің шәкірттерімнің бірі өз дағдыларын одан әрі дамыту үшін шетелдік жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр. Мен өз оқушыларыма техниканы меңгеру велосипедпен жүру емес, кей дүниелерді өмір бойы есте қалдыру үшін тұрақты тәжірибе мен өзін-өзі жетілдіру қажет екенін әрдайым айтып отырамын. Бір жыл ішінде сен қазір білгеніңнің бәрін оңай ұмытасың, сондықтан ең бастысы – еңбексүйгіштік. Мұндай техника жаңадан пайда болған кезде балаларды оқыту өте қиын еді. Қазір балаларға барлық қажетті жағдай жасалған. Оқытушы жас технократтарды тек қана қызықтырып, дұрыс ынталандыру керек, – деп атап өтті ол.
Бүгінгі таңда IT-саласында табанды қызмет етіп келе жатқан маман Николай Кондратенко компьютерлік бағдарламадағы бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Айтуынша, өз уақытында көптеген бағдарламашылар ЖОО тәмамдағанын растайтын дипломды «бармақ басты, көз қысты» болып алған. Нәтижесінде сиқырлы жәшіктің әліппесін меңгергендердің барлығы шала бағдарламашы болып шыға келген.
– Алысқа барудың қажеті жоқ. Жақында ноутбук сатып алдым. Техникаға төленген соманың 15 пайызы бағдарламалауға жұмсалатынын сонда білдім. Өздеріңіз білетіндей, «WINDOWS» драйверлер пакеті мен дефолтты бағдарламалардан тұрады. Осылардың аражігін ажырата алмайтын мамандарды көргенде, таңданғаннан жағамды ұстадым. Олар тіпті видеокарталардың әртүрлі болатынын, әрқайсысына өз драйвері қажет екенін де білмеген. Кейін мұндай «бағдарламашылардың» өңірде көп екеніне көзім жетті, – дейді маман.
Алайда Николай шаһарда техниканың жілігін шағатын дарынды жастардың да аз емес екенін айтады.
– Мен Тараздан шыққан талай талантты бағдарламашыларды білемін. Мұндай шеберлер сізге кез келген техниканың алғашқы үлгісінен де мінсіз етіп жасап береді. Өкінішке орай, мұндай технократтар Астана, Алматы сынды ірі мегаполистерге қоныс аударып кетеді. Себебі бұл шаһарларда олар өздерінің еңбегіне сай жалақы алады. Өз мақсаттарын айқындап алған жастарға бұл үлкен мотивация, – дейді Николай Кондратенко.
Қазақ – тумысынан математик, дарынды да қарымды халық. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Қай дәуірді алсаң да, қазақтың қайраткерлері айбынымен де, айбарымен де, ақыл-парасатымен де, қарым-қабілетімен де дараланып тұрады. Ғылымды өмірінің мән-мағынасына балаған, мамандығын ар туындай ұстаған Асқар Жұмаділдаев: «Қазақ балалары математикаға өте қабілетті келетіні рас. Қазақ – ілім-білімнің кез келген саласына бейім халық. Оның бір себебі – біздің ұлтымыздың өз тарихында көп сұрыпталғанынан. Небір алапатқа ұшырадық. Мұндай құбылыс адам бойында ширығуды, өмірге, қоғамға икемделе өмір сүруге деген ішкі түйсікті оятады. Ішкі түйсік логикаға, ал логика есепке жетелейді», – деген болатын. Алаштың маңдайына біткен дара академик мұнысымен математикті тәрбиелеу үшін оған дер кезінде көңіл бөлу қажеттігін меңзеп отыр. Ал білім беру саласының ардагері Петр Панасюк бізбен баланың сандар әлеміне деген қызығушылығын қызғыштай қору қажеттігін ескертеді.
– Баланы өзі бейім салаға қызықтыра алу – нағыз өнер. Оның келешектегі жетістіктерінің 80 пайызы осыған тікелей байланысты. Ашуға бейім, ызақор, баланың қызығушылығына немқұрайлы қарайтын педагог пен жанашыр ұстаздың қолынан шыққан шәкірттердің арасында үлкен айырмашылық болады. Соңғысының ғылымға, өркениетке, елдегі ғылыми жаңалықтарға деген өзіндік көзқарасы мен ұстанымы қалыптасады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген осы болса керек. Баланың сабақ үстінде қоңырауды күтіп отырғанынан гөрі тақырыпқа деген қызығушылығы маңыздырақ. Бұл тұрғыда бүгінгі күні ұстаздар үшін мыңдаған әдістемелер бар. Кейбір мұғалімдер қызықты фактілерді, фильмдерді пайдаланады. Кей ұстаздар екіжақты диалог арқылы зерттеу жүргізуге тырысады. Сонымен қатар пәннің өзіне де байланысты тұстар бар. Тарихшылар балаларға деректі фильмдер мен экспонаттарды көрсете алады. Лингвистер поп-мәдениеттің, атап айтқанда, әндердің көмегіне жиі жүгінеді. Химиктер мен физиктер қызықты эксперименттер жасайды. Математика ғылым патшайымы ретінде өзінің қысқа және дәлдігін көрсетуге қабілетті. Үлкендер балалардың сабақ үлгерімі нашар екенін жиі айтады. Бірақ бұл көбінесе баланың қабілетін аша алмайтын мұғалімнен болуы мүмкін. Нақты ғылымға бейімділігі бар балалар өз саласына оңай әрі тез қызығады. Бір рет ерекше ынтасын байқатқан бала үшін әрі қарайғы процесс оңайырақ өрбиді, – дейді педагог.
Білім берудегі озық үлгілері арқылы елімізде зияткер балалардың іргетасын қалауға атсалысып келе жатқан Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Тимур Нұркешов математикалық бағыттағы жетістіктері мен оқыту әдістері турасында баян етті.
– Назарбаев Зияткерлік мектебінің негізгі бағыты – физика-математика пәндерін тереңдетіп оқыту. Біздің шәкірттеріміздің осы бағытта көшбасшы екені айтпаса да түсінікті. Оқушылар біздің мектептің табалдырығын аттаған күннен бастап оларды белгіленген траектория бойынша оқытамыз. Нақты жүйемен білім алған балада еш уақытта іркіліс болмайды. Себебі айналасының бәрі өзіндей жас математиктер. Уақыт өте келе бала жаратылыстанудың белгілі бір бағытын таңдайды. Оқушы олимпиада жүйесіне және ғылыми жобаларға басымдық береді. Балалар зерттеу дағдыларын меңгереді. 9-10 сыныпта бала мамандық таңдауға мән береді. Біздің оқушыларымыздың 95 пайызы техникалық мамандықтарды таңдайды. Көбінесе IT-мамандар мен инженерлер. Біздің мектепте робототехниканы, бағдарламалауды, схемотехниканы үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Ғылыми клубтар бар, онда қызығушылық танытқан балалар факультативтік режимде өз білімдерін шыңдай алады, – дейді Тимур Сейтқажыұлы.
Қазіргі кезде еліміздің жас математиктері көптеген халықаралық білім сайысында жоғары жетістіктерімен көзге түссе, көш бастаған профессор-ғалымдарымыз тың ғылыми жаңалықтарымен барша әлемдік қауымдастықты таңғалдырып, қазақ халқын қуантып жүр. Солардың ішінен ең көп шәкірт тәрбиелеген ғалымдардың бірі, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әйгілі Штурм-Лиувилль операторының әмбебап формуласының шешімін тапқан Мұхтарбай Өтелбаев ерекше көзге түседі. Мұхтарбай ағамыздай дарынның ізін жалғар жастардың буыны өсіп келе жатқанына шүбә жоқ. Z ұрпақтарының дүниетанымы бөлек, қабылдауы ерек. Бар үмітпен сенім соларда. Ал оларды оқыту дағдылары мен елдегі білім беру жүйесі ұсынып отырған мүмкіндіктер өз алдына бөлек зерттеуді қажет етеді.