Театр тарланы – 85 жаста

Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның және Кеңес Одағының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығы А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында кең көлемде аталып өтті.

«Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанның шынайы образымен халықтың жүрегін жаулап алған Асанәлі Әшімовті театр алдынан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған халық зор қошеметпен күтіп алды. Сексеннің сеңгіріне шыққан әйгілі әртіс ең алдымен ұстазы Асқар Тоқпановтың ескерткішіне тағзым етіп, гүл қойып, соңыра өз тағдырына, өнер жолына арналған театрдың көшпелі музейімен танысты. Сонымен қатар Асанәлі есімін арқалап жүрген кішкентай бүлдіршін Асанәлі Асанәлі қартпен танысып, тілдесуіне де мүмкіндік туды. Соңыра А.Әшімовтің шығармашылығы, өмірі туралы «Жаңа ғасыр» театрының «Тағдыр тақтасы» атты қойылымын тамашалау мақсатында театр төріне табан тіреді.
Қойылым барысында бар ғұмырын киелі өнер жолына арнап, кино мен театрдың құлагеріне айналған қазақ өнерінің ұстазының көрініс барысында бар болмысы ашылып, тағдырынан сыр шертілді. Өмірдің ащысы мен тұщысын тата жүріп, бақ пен сорын қатар артса да қайыспаған тұлғаның тегін арттырған көріністегі эпизодтар өз көрермендерін бейжай қалдырмағаны анық.
Өнер қыранын құттықтауға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сахна төріне көтеріліп, талантты тұлғаның қуанышына ортақтасып, ізгі ниетін білдіріп, ықылас гүлін тарту етті.
– Үлкен азаматтарға өнер жолын көрсетіп, біздің мақтанышымызға айналған тұлғаны 85 жылдығымен құттықтаймын. Шәкірттеріңіздің де дәл өзіңіздей ісі алға басып, топ жарып, биік шыңдардан көріне беруіне тілектеспіз. Сіз – біздің мақтанышымызсыз. Өнер биігінде жеткен жетістіктеріңіз тек биік шыңдарға жетеледі. Сізге шығармашылық шабытпен қатар, зор денсаулық тілейміз, – деді облыс әкімі.
Осылайша жамбылдық жұртшылық тау тұлғаға ізгі лебізін жеткізіп, құрмет құшағына бөледі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment