Теңдессіз кешен – Тектұрмас

Ел еңсесін тіктеген егемендік жылдары Әулиеата жерінде көрсе көз тоймайтын көптеген көрікті нысандар бой көтерді. Солардың бірі – Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ашылған «Тектұрмас» этнотарихи кешені.

Ежелгі Тараз қаласының төл тарихын толығымен бейнелейтін кешен Талас өзенінің жоғарғы жағалауындағы Тектұрмас тауының биік таулы беткейінің 24 гектар аумағын алып жатыр. Аталған тарихи кешен – Тараз өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекенін көрсететін, түркі тарихынан сыр шертетін тарихнама ретінде әрі демалыс орны негізінде туризмді дамыту мақсатында салынған. Тарихи кешенді тамашалау Талас өзені арқылы өтетін көпірден басталады. Көпірге кіреберіс жерде екі үлкен стела тұрғызылған. Мұнда дөңгелек күн тәрізді тастың бірінші бетінде Ұлы Батыс түркі қағандарының таңбасы бейнеленсе, екінші бетінде түркі халықтарының наным-сеніміндегі тәңір құсы Самұрық бейнесі көрсетілген. Ал көпір аяқталатын жерінің екі жағында түркі халықтарының негізгі айбарлы белгісіне айналған биіктігі 4 метрлік, салмағы 3 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған, түр келбеті қазба жұмыстары кезінде табылған артефакт бойынша жасалған екі арыстанның мүсіні орнатылған. Сонымен қатар «Көне Тараз» қақпасы «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің сәулетін арттырып тұр. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі – 10 метр, ені 14 метрді құрайды. Қақпаның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралары бар, ортасындағы қасбеттері әртүрлі ою-өрнектермен безендірілген.
Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар мен кешен ішіндегі жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Яғни құрылысқа қажетті материалдар киелі жердің өзінен алынып отыр. Баспалдақтың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейленген арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың, он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері мен билік еткен ғасырлары таңбаланған. Мәселен, мұнда жазылған Тұран билеушісі Алып Ер Тоңғаның, ежелгі сақ дәуіріндегі билеуші Шу Қағанның, ежелгі Тараздың іргетасын қалаушы Шөженің, діндар абыз Тектұрмас әулиенің, әйгілі ойшыл Жүсіп Баласағұнның есімдері ұрпаққа өнеге болатыны сөзсіз. Кешенде бұдан кейін жоғары жақта Тараз қаласының негізгі символы саналатын Әулиеатаның еңселі ескерткіші бой көтерген.
Алып ескерткіштің салмағы – 10 тонна. Ақ түсті мәрмәр тастан құйылған ескерткіштің постаментінің биіктігі 8 метр болса, мүсінінің биіктігі 13 метрді құрайды. Одан беріде, Тектұрмас тауының Талас өзені жағындағы ең биік беткейінде Тараз қаласын жоғарыдан көруге арналған тамашалау алаңшасы орналасқан. Бұл алаңда құс ұшу биіктігінен Тараз қаласының тынысы мен Талас өзенінің ағысына қарап, айналадағы тарихи дүниелерді тамашалауға барынша мүмкіндік бар. Ал тамашалау алаңшасының ортасында арнайы биік тастан жасалған билік белгісі – Лауһа тұғыры орнатылған. Символикалық белгінің ең ұшар басында әлемді жаратушы Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі ұлы сөзі – «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші» деген Құран сүресі жазылған. Лауһаның қасиетті Құран аятынан кейінгі астыңғы жағында түркі халықтарының тастағы тарихы – Күлтегіннің көне руна-түркі тіліндегі жазуы бейнеленген.
Былтыр кешеннің екінші кезеңі іске қосылды. Бүгінде нысан шаһар тұрғындары мен қонақтарының, туристердің бірегей демалыс орнына айналды.

Comments (0)
Add Comment