Жуырда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Aq jol» газетінің 100, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Ақынға парыз көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты кіші футболдан дәстүрлі турнир өтті.
Дүбірлі доданың шымылдығы айтыскер ақындар мен жыршы-манасшылардың арнау өлеңдерімен, өнерпаздардың әдеби-сазды кешімен түрілді.
Ақындар арасындағы әріптестік, достық байланысты арттыру, айтыс ақындарын, жыршы-термешілер мен манасшыларды спортпен жүйелі түрде шұғылдануға жұмылдыру мақсатында өткен жарысқа Қырғызстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келген командалар қатысты.
Турнирдің ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қазақ-қырғыз – ертеден ғасырлар белесінде тағдыр талайын қатар көрген халық. Бүгінгі ауқымды шара екі елдің арасындағы сол ынтымақты тағы да нығайта түсеріне сенім мол. Алатаудың арғы жағынан ат арытып келген айыр қалпақты ағайынға шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді Ерлан Нұрманұлы.
Аса тартысқа толы болған ойында бірінші орынды маңғыстаулық «Жыр жебе» командасы иеленсе, екінші орынды жамбылдық «Руханият» құрама командасы олжалады. Ал үздік үштікті қызылордалық «Ақмешіт» командасы түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Құрбанәлі Шахабай