Жазира Байырбекова алғаш рет өзі келін болып түскен үйі туралы айтты. “Кукла келін” атанған әнші кейіннен қатал ененің тәрбиесін көріп, жуас келінге айналған. Ата-енемен бірге тұрған екі жыл әскерде өткен екі жылмен тең болды дейді,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жазира Байырбекова өткен күндерін сағынышпен еске алады. Қатаңдығы мен қызығы мол жылдарды бастан өткерген әнші қандай келін болғанын айтты.
“Мен жастай келін болдым. Бастапқыда ерке келін болдым. Қайын інілеріме айтып тастап, сөйлеп тастап жүретінмін. Кейін екі ай дегенде мүлде өзгеріп кеттім. Өйткені өте қатал жерге келін болдым. Мен қатал ортаға келгенімді байқамай да қалыппын. Ата-енем қатал болды. Енем де қатаң ұстады. Біз тіпті баламызды да еркелете алмадық. Бірде Жанболат ұлым Қазбекті жаңа туған кезінде көтеріп отыр еді енем көріп қалып ұрысып кетті. “Еркек басыңмен не көрінді?” деп ұрысты. Содан кейін Жанболат ұлына жолаған емес. Біз сондай тәрбиемен өстік. Ата-әжесінің көзінде баланы еркелетуге, сүюге, құшақтауға болмайды деп түсіндік. Балам еркелік көрмей өсті. Кейде дұрыс болған да шығар деп ойлаймын”, – дейді әнші.
Байырбекова алғашында “кукла келін” атанған. Кейін еркелігін бірден қойған көрінеді.
“Мені кукла келін деп атап кетті. Ерке болдым. Кейін еркелігімді қойдым. Көрші аталар “кукла келін шаршамадың ба?” деп жаны ашыса, енем ұрысып кететін. “Жастар шаршамайды” деп кейіп жіберетін. Мен жастар шаршамау керек екен деп ойлайтынмын. Өте жуас болып кеттім. Екі жыл бірге тұрдық. Кейін бөлек шықтық. Мүмкін бұл кезең менің шыңдалуыма керек болған шығар. Әскердегідей сабақ алған шығармыз. Ол екі жыл болмаса, қазіргідей күйге жетпес пе едік. Мен кейде Жанболатқа тұрмысқа шықпағанда пәтер жалдап күнімді әрең көріп жүрер ме едім деп ойлаймын. Жанболаттың арқасында Жазира деген әнші болдым. Бұған дейін әнші болмақ түгілі, нанымызды тауып жесек, аш қалмасақ, тоқал тамымыз болса деп қана өмір сүргенбіз. Танымалдық туралы армандаған да емеспін. Әнші боламын деп те ойламаппын. Бірақ осылай болды”, -деді Байырбекова.