Республикалық экологиялық акция аясында қалада 200 түп ағаш отырғызылды.
Зере Қуаныш
Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен еліміз бойынша экосағаттар ұйымдастырылды. Жаппай тал отырғызу 3 қазан – Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күніне тұспа-тұс келді. Ал қала бойынша Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің ұйытқы болуымен №3 мектеп-лицейінде акция кең көлемде өтті. Еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде өсіп келе жатқан ұрпақты қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған республикалық экологиялық «Экосағат» акциясына облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай мен қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева қатысты.
Акция «Жақсы көңіл-күй – жан азығы» психологиялық тренингімен басталды. Барлық сыныптарда экология тақырыбындағы жан-жақты танымдық-дамытушылық дөңгелек үстел, топтық жұмыс, эссе жазу, баспасөз-конференция, тәрбие сағаттары да ұйымдастырылды. Түрлі сыныптар арасында табиғатты қорғауға байланысты арнайы тақырыптар таңдалып, оқушылар қоршаған ортаға деген қамқорлықтарын ашық форматта өткен сабақта ортаға салды.
Сондай-ақ акция аясында «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» сурет көрмесі де ұйымдастырылды. Қатысушылар мен қонақтарға Қазақстанның экологиялық ұйымдары төралқасының төрайымы Ә.Назарбаеваның бейнежолдауы мен презентациясы көрсетіледі. Акцияның жалғасы ретінде мектеп-лицейде биыл ғана ашылған 75 оқушыдан құралған «Жас эколог» ұйымы келген қонақтармен, мектеп директорымен бірлесе отырып, мектеп ауласына 200 түп тал отырғызды. Акция «Жаса, Қазақстан!» флешмоб биімен аяқталды.