Тазалық тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде орнайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осы орайда қала аумағында құрылыс қалдықтарын, стихиялық қоқыстардың тиісті орынға тасталынуы, тұрғындардың тазалық сақтауы бойынша аумақтық инспекторлар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Өткен жылы жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Тараз қаласында күл-қоқыстарды арнайы орындарға тастамаған тұлғалар бойынша іс-шаралар жүргізілген. Соның нәтижесінде, былтыр 1 392 тұрғынға ескерту беріліп, 35 адамға айыппұл салынған. Ал биылғы ақпан мен наурыз айы аралығында тазалыққа салғырт қараған 259 тұрғын анықталды. Оның ішінде 204 үй иесіне ескерту берілсе, 42 адам айыппұл арқалады. Ал маусым айының 15-інен 30-ына дейінгі аралықта тазалық сақтамаған 138 үй иесі анықталып, оның ішінде 115 үйге ескерту берілді. 23 үй егесіне айыппұл салынды.
Егер айыппұл арқалайын демесеңіз, аулаңыздағы тазалыққа қараңыз!
Еркін Сайын