Қала аумағында құрылыс қалдықтары, стихиялық қоқыстың тиісті орынға тасталынуы, тұрғындардың тазалық сақтауы бойынша аумақтық инспекторлар тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Айталық, өткен жылы жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Тараз қаласында күл-қоқыстарды арнайы орынға тастамаған тұлғалар бойынша іс-шаралар жүргізілді. Соның нәтижесінде былтыр 1392 тұрғынға ескерту беріліп, 35 адамға айыппұл салынған болатын.
Ал биылғы жылдың 15 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында көше бойына құрылыс материалдарын тастаған, қоршаған ортаны ластаған 264 заң бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 221 азаматқа ескерту берілсе, 43-іне айыппұл салынды.
Сондай-ақ 15 қыркүйектен бүгінгі күнге дейін тазалық талабын сақтамаған 201 нысан иесі анықталса, 164 азаматқа ескерту берілді. Сонымен қатар, 37 тұрғынға айыппұл салынды.
Жалпы, тазалық сақтамаған тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл белгіленген.