Тазалық баршаға ортақ

Таразда қаланың ондаған проблемалық аймақтары қамтылған ауқымды сенбілік өтті.

Бәтес ШАПАҒАТ

Тазалау жұмыстары негізінен шаһардағы су арналары мен каналдар маңында жүргізілді. Жаздыгүні аптап ыстықтан қорғану үшін халықтың ағын су маңына көптеп жиылатыны белгілі. Алайда бұқара тазалық мәселесін екінші орынға қойып жатады. Осындай олқылықтың әсерінен әбден бүлінген аймақтарды әкімдік қызметкерлері тазалап, қала тұрғындарына үлгі көрсетті. Арнайы құрылған еңбек жасақтары «Алатау», «Самал», «Қарасу» мөлтек аудандарынан өтетін каналдардың бойын, Байзақ батыр, Дулати, Қонаев, Крупская, Төле би, Балуан Шолақ, Жамбыл көшелерін қоқыстан тазартты. Жүзден астам ерікті «Қарасу-2», «Үшбұлақ», «Сеңкібай», «Оңтүстік дренаж-құрғату» каналдарына, «Тайвань» ауданы каналының маңайына, Талас өзені мен «Қарасу-1» каналының жағалауына, Үшбұлақ және Түйте өзендеріне, сондай-ақ «Ақбұлақ» және «Қаратау» шағын аудандарының проблемалық аумақтарына сенбілік жұмыстарын жүргізді.
– Мұндай тазалық жұмыстарының ешқандай қиындығы жоқ. Қалада сейіл құрып жүрген тұрғындар аяқ астындағы қоқысты жинауға ерінбесе, ішкен суларының құтыларын көшеге беталды тастамаса, мұндай бейберекетсіздік болмас еді. Бұл сенбілік тұрғындарға үлгі көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Көзге көрініп тұрған мәселемен осылай күреспесек, жұртшылықты тазалыққа шақыру қиындап барады. Бұл әрекетімізбен біз тазалық сақтаудың ешқандай қиындығы жоқ екенін әрбір тұрғынға түсіндіргіміз келеді. Мен жасыл желекті Таразды шын жүрегіммен жақсы көремін. Және бұл шаһардың қоқыс үйіндісіне айналғанын қаламаймын, – дейді сенбілікке қатысушы, әкімдіктің ұйымдастыру бөлімінің және заңгерлік сүйемелдеу бөлімінің басшысы Мират Исаков.
Ал бұл жолғы сенбілікке қала әкімі Қайрат Досаев арнайы қатысты. Шаһар басшысы әлеуметтік желілер арқылы жиі шағым түсетін орынға арнайы келіп, қоқыстанған лас жерлерді өз көзімен көрді.
– Мен сіздерге ауданды көркейтуге, қоқыстарды шығаруға және басқа да санитарлық шараларды ұйымдастыруға көмектескім келеді. Сіздер өз көшелеріңізді таза ұстай алмасаңыздар, бұл жұмыстармен өзім айналысамын, – деді Қайрат Әскербекұлы жұмыс қолғаптарын киіп.
Осылайша, Лермонтов көшесінің бойындағы қоқыстарды тазарту жұмысымен шаһар басшысы мен орынбасары Қайрат Сарытай бірге айналысты. Өз сөзінде Қайрат Әскербекұлы тазалыққа қаланың әрбір тұрғыны жауапты екенін, бұл жұмыс тек қала әкімдігінің шаруасы емес екенін айтты.
Сенбілік нәтижесінде қаладан 29 техника жұмылдырылып, 186 тонна қоқыс шығарылды. Барлығы 48,2 шақырым каналдар тазартылды. Ал республика көлемінде өтіп жатқан шараға Тараздан 3415 адам атсалысты.

Comments (0)
Add Comment