Тазалық – денсаулық кепілі, мәдениетіміздің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – бұл әрбір азаматтың басты міндеті. Алайда мұны кейбір адамдар жете түсінбеуде.
Шаһар аумағында ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап құрылыс қалдықтарын және стихиялық қоқыс орындарын тазалау мақсатында кешенді жұмыс басталған болатын.
Қала әкімінің аумақтық бас инспекторлары мен учаскелік полиция қызметкерлері шаһар көлемінде жеке және заңды тұлғалардың күл-қоқыс пен құрылыс қалдықтарды белгіленбеген орынға төгудің алдын алу, анықтау бойынша күнделікті жұмыстарды жүргізуде.
Нәтижесінде, үш айда (мамыр, маусым, шілде) 623 кемшілік анықталып, 598 тұрғынға ескерту берілсе, 25 тұрғынға айыппұл салынған. Ал тамыз айының бірі мен он бесі аралығында 68 кемшілік анықталып, 65 тұрғынға ескерту берілді.
Жалпы тазалықты сақтамаған тұрғындарға салынатын айыппұл мөлшері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 34 500 теңгені құрайды. Алайда айыппұл көлеміне қарамастан күл-қоқысты тиісті орынға апармай, айналаға шашып кететін қала тұрғындары әлі де азаяр емес. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Құрметті қала тұрғындары!
Шаһар көркін сақтауға әрбір тұрғын міндетті. Ендеше, өз ауламызды, айналамызды, сүйікті қаламызды таза ұстайық!
Дедек Төлен