Тазалыққа әрқайсымыз жауаптымыз!

1 қыркүйектен бастап Тараз қаласы аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі күзгі екі айлық жарияланды. Айналаны таза ұстап, санитарлық ережеге сай ластамай, сонымен қатар қоршаған орта және оның табиғи байлықтарын қызғыштай қорғап, өскелең ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізу барша қала тұрғындарының азаматтық парызы деп ойлаймын.

Өз бойыңды қалай кіршіксіз таза ұстасаң, қоршаған ортаның да таза болуы өзімізге байланыс-ты. Абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу қалалықтар үшін дәстүрге айналған игі іс-шаралардың біріне айналса құба-құп.
Осынау 2000 жылдық тарихы бар көне шаһардың көз тартарлықтай көрікті болуына осы қаладағы әрбіріміз жауаптымыз. Әркім өзі жүріп өткен ізіне көз тастап, айналасына мән беріп, әр ісінің көрікті, әр қадамының түзу болуын ойласа, қоршаған ортаны көгалдандырып, тазалығына атсалысып, абаттандыруға жұмыла кіріскені өзі мекен еткен табиғат анаға деген алғысын жеткізгені деп білемін.
Мәселен, мен өзім тұрып жатқан көпқабатты үйдің іші-сыртының таза болуына, балалар ойнайтын аулада қоқыс жатпауына аса мән беремін. Өзім тұратын 5 қабатты үйдің подъезін демалыс күндері сыпырып, хлормен міндетті түрде тазартып, жуып шығамын. Бұл менің ғана емес, барша осындағы тұрғындардың, олардың бала-шағасының да тынысы кеңеюіне септігін тигізеді. Ал үшінші қабаттағы жетпістің бесеуіне жеткен орыс әжей менің бірден бір үлгі тұтатын көршім. Таңмен таласа тұрып, күз бен көктем мезгілінде есіктің алдына гүл егіп, суды сыртқа күнделікті шелекпен тасып, ауланы сыпырудан жалыққан емес. Сол орыс апайдың арқасында қазір біздің үйдің маңында хош иісті раушан гүлдері жайқала өсіп, көріктендіре түсті. Гүлден бөлек тал-дарақтардың да күтіміне бүкіл осы үйдің тұрғындары атсалысып, әктеп, барынша тазартуға үлес қосып келеміз.
Әркім қоршаған ортаны таза ұстауды алысқа бармай-ақ өзінен бастауы керек. Қоршаған орта таза, әрі көрікті болса, көзге де жылы әсер қалдырып, тынысының да кеңейіп, көңілдің өсуіне де оң әсері болатынын түсінуі керек.
Қаладағы барша көпқабатты, сондай-ақ жеке тұрғын үй секторындағы шаһар тұрғындарын, қаланың санитарлық тазалық жұмыстарына белсене қатысуға шақырамын.

Ұлтуар БЕКБАУОВА,
зейнеткер

Comments (0)
Add Comment