Тазалыққа бәрі жауапты

Көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар өздерін және жақындарын COVID-19 вирусынан қорғау мақсатында жергілікті билікке уақытша тұратын жатақханаларды залалсыздандыру бастамасы бойынша өтініш білдірді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

«Қарасу» шағын ауданындағы жаңадан бой көтерген үйлерде шамамен 180 пәтер бар. Тазарту туралы өтінішке қала мен облыс басшылары қуана жауап берді. Олар көпбалалы аналарға ақысыз қолғаптар, маскалар және хлор үлестірді. Көпбалалы аналар барлық кіреберістерді, есіктерді, тұтқаларды және ойын алаңдарын дезинфекциялап, тазалық жұмыстарына ерекше ықыласпен көңіл бөлді. Айта кету керек, мұндай акция бір рет қана ұйымдастырылмайды. Аналар мұндай санитарлық жұмысты аптасына бірнеше рет жасауды жоспарлап отыр. Олар облыс орталығының барлық тұрғындарын эстафетаны қабылдауға және пәтерлер мен үйлерді дүниені дүрліктірген вирустан қорғауға шақырады.

Сонымен қатар бүгінде дезинфекция жұмыстары қоғамдық көлік аялдамаларында да жүргізіліп жатыр.

– Қаладағы көліктер мен аялдамалар күніне екі рет дезинфекцияланады. Ол түскі уақытта және жұмыстан кейін жасалынады. Дезинфекция жұмыстары «Ауыл Береке» базарында, орталық базар мен Қайқарметте де жүргізілуде», – деді тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Айта кетейік, елде төтенше жағдай енгізілгеннен бері базарлар таңғы 10-нан кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал кафелер мен мейрамханалардың жұмысы кешкі 22:00-ге дейін қысқарды.

Comments (0)
Add Comment