Тау тұлғаға тағзым

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына – 130 жыл. Алаш арысының дүниеге келген күніне орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер тау тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Алаштың арда азаматы 1894 жылы Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында (қазіргі Алматы облысы) туған. Әкесі Рысқұл Жылқайдаров 1904 жылы желтоқсанда патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жыл каторгалық жұмысқа кесіліп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верныйдағы түрмеде әкесінің қасында болады.
1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағанын естіген Т.Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауданына келеді. Онда еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресу мақсатында 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. 1918 жылы Әулиеата уезі Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Түрлі қызмет атқарып, 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі, Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланды.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment