Тыныштықты ту еткен халықтың бірлігі мызғымайды. Ол бірлікті тонның ішкі астарындай бір-біріне етене жақын, ауыр кезеңдерді басынан бірге өткізген ата-бабаларымыздан үлгі алған ұрпақ қана сақтайды. Сондықтан дана халқымыз «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарып келеді десек, артық айтқандық емес. Ассамблея өзінің ширек ғасырдан астам тарихында толайым табыстарға қол жеткізген іргелі институт, бірлік пен келісімнің қозғаушы күшіне айналды.
Тамыры тереңде жатқан тарихымызды ақтарсақ, бабаларымыз батыр болғанымен, басқаларға тізесін батырмағанын айқын аңғарамыз. Бұл түп шежіресі сонау ежелгі Түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері өзінің қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіш жігерінің, асқақ рухының арқасы. Мұндайда ойымызға Абылай ханның: «Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз», – деген рухты сөзі оралады. Ал тумысынан туған елін жаны сүйіп, қазағына өлмес мұра қалдырған данышпан Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп өсиет қалдырыпты.
«Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» дегендей, Керей-Жәнібек бастаған ұлы көштің Шу-Талас бойында қазығын қағып, «Алаш» деп ұрандатып, ақ киізге отрғызып, хан сайлағанына да 560 жылға аяқ басып бара жатыр. «Аңырақай», «Орбұлақ» шайқастары мен«Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұла-ма» – қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, Отан басына күн туған аса қайғылы кезеңдерді де бастан өткерді бұл ел. Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылықты да ұмытуға болмайды. Ұлт азаттық көтерілісі, Желтоқсан оқиғасы сынды тарихтың тағдырлы кезеңдерінен талқаны таусылмай, аман өткен Алаш баласы ақыры бабалар аңсаған азат таңына жетті.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихы туралы ақиқатты айтуға, оның әлі де толық зерттелмеген көлеңке беттерін ашу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Осы уақыт аралығында үлкен бетбұрыс жасалып, демократиялық құқықтық зайырлы мемлекет құрылды. Бүгінде Қазақстан 130-дай ұлт пен ұлыстың байтақ Отанына айналып отыр.
Кеңестік жаппай қуғын-сүргін тарихы көптеген зерттеулерге арқау болды. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аудару орын алған кезеңі еді. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан да бар болатын. Осындай аласапыран заманда еліміздегі демографиялық ахуалдың күрт төмендеуін жер аударылғандар толықтырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтарды туған жерінен тыс, алыс жерлерге күшпен жер аударды.
Екінші Дүниежүзілік соғыс қарсаңында және майдан жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топ өкілдері халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. 1957 жылы олардың елдеріне қайтуына, ұлттық мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілуіне байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтары мен КСРО үкіметінің қаулы-қарарларына қарамастан, олардың негізгі бөлігі осында түпкілікті қалып қойды. Бүгінде олардың бәрі Қазақстан топырағында бақытты ғұмыр кешуде.
Қазақстан егемендікке қатар ие болған ТМД елдерінің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастады. Жалпы 1993 жылғы қабылданған Конституция мемлекеттік билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі мен қарым-қатынасын реттеуге қауқарсыздық танытты. 1994 жылы он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңес саяси дағдарыс салдарынан өзін-өзі тарату жөнінде шешім қабылдады. Осы саяси күрделі кезеңде ел халқының басын біріктіретін, этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, қоғамның барлық өкілін ортақ мақсатқа жұмылдыратын беделді ұйым құру тарихи қажеттілік еді. 1995 жылғы 1 наурызда сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт еді. 30 жылға жуық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Сол жылы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы шақырылды. Сессия жұмысына мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан бөлек, шығармашылық интеллигенция, қоғам мен мемлекет қайраткерлері және еліміздегі сан алуан ұлыс өкілдері қатысты. Сессияда баяндама жасаған сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық саясат мәселелерін қорытындылай отырып, оның алдағы уақытта да айқын және әділетті принциптер негізінде жұмыс істейтінін айтты. Аталған принциптерді берік ұстанудың арқасында Қазақстан тек этностық, діни негіздегі қақтығыстардың алдын алып қана қоймай, мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы реформаларды жүзеге асыра отырып, қарқынды даму жолына түсті. 1995 жылы 29 маусымда өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясында негізгі заңның басты басымдықтарын айқындап, оның жобасын алғаш рет қоғамдық талқылауға ұсынды. 1996 жылы өткен Ассамблеяның ІІІ сессиясында мемлекетаралық ықпалдасуды жетілдіру, егемендікті нығайту және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері талқыға салынды. Қазақстан азаматтарының ұлттық идея айналасында ұйысуы маңызды екені де айтылды. Ассамблеяның ІV сессиясы ерекше жағдайда өтті. Өйткені сессия бірінші рет жаңа астанамызда өткізілген болатын.1999 жылғы 21 қаңтарда Ассамблеяның V сессиясы шақырылып, ол «Ұлттық келісім – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі» тақырыбына арналды. Ассамблеяның VІ сессиясы жаңа мыңжылдықтағы елдің мемлекеттік ұлттық саясатындағы басым бағыттарды айқындауға бағытталды. Онда еліміздің сындарлы дамуы үшін әрбір азаматтың ұстанымы мен отансүйгіштігінің маңызды екендігі сөз болды. Ассамблеяның кезекті VІІ сессиясы «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде белгіленген 2000 жылғы 15 желтоқсанда өтті. Сессия барысында ұлт саясатында жаңа кезең – азаматтық біртұтастықтан мәдени ортақтастыққа қадам басу туралы бастама көтерілді. Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында өткен Ассамблеяның VІІІ сессиясында қазақстандық қоғамды терроризм мен экстремизмге қарсы топтастыру, экономика және әлеуметтік мазмұндағы этностық саясат ауқымын кеңейту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді күшейту, жалпықазақстандық мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал ету, мемлекеттің ұлт саясатын іске асыруда Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру мақсаттары айқындалды. 2002 жылғы 15 қарашада өткен Ассамблеяның ІX сессиясында Қазақстанның ерекшелігін ескере отырып, ұлттық қауіпсіздік және ұлттық саясатты жүргізу мәселелері көтерілді. Ал Ассамблеяның Х сессиясы еліміздің экономикалық жүйелі даму жолына түскен 2003 жылғы 20 тамызда шақырылды. Сессия барысында мемлекеттік ұлттық саясат тетіктеріне оң баға берілді. Жиында Нұрсұлтан Әбішұлы «Біздегі ұлттық келісім – бүкіл осынау жылдар бойында азаматтық қоғам институттарының қолдауы жағдайындағы мемлекеттің тынымсыз жүргізілген жұмысының нәтижесі», – деп атап көрсетті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы діни мереке-лер – Құрбан айт пен Рождествоны мерекелік демалыс күндері деп белгілеуді ұсынды. 2005 жылғы 22 қарашада өткен Ассамблеяның кезекті ХІІ сессиясында бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мәселесін алға қойып, сауатты ұлттық саясаттың, қазақстандық патриотизм мен тіл саясатының маңызды екендігін атады. Мемлекеттік тілді дамыту бірінші кезектегі басымдық ретінде айқындалды. Ассамблеяның ХІІІ сессиясында: «Біз қоғамды басты ұлттық басымдықтар төңірегінде топтастыруға тиіспіз. Олар – тыныштық, тұрақтылық және келісім» тақырыбы күн тәртібіне көтерілді. Демократиялық үрдістерді одан әрі ырықтандыруға бағытталған конституциялық реформалар нәтижесінде Ассамблеяның саяси мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді. Алдымен Ассамблея атауындағы бұрынғы «халықтары» сөзі «халқы» сөзімен алмастырылды. Бұл өзгеріс елдегі ұлттық бірлік сипатын конституциялық деңгейде сәйкестендіру бағытындағы бетбұрыс кезеңі еді. Сонымен қатар ХІV сессия Ассамблеяның жаңа кезеңге қадам басқанын айқындап берді.
Ел бірлігін қамтамасыз ету – кез келген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың айнымас негізгі шарты. Мемлекеттің экономикалық өсіп-өркендеуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Ал қалған міндеттерді шешу жолында әлем мойындаған Қазақстанға қажетті экономикалық, саяси және әлеуметтік ресурстар жеткілікті. Доктрина халықаралық тәжірибені терең талдай отырып, қазақстандық шынайылық негізінде дүниеге келді. Ол қазақ мемлекеттілігі мен дәстүрінің ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесіне негізделеді. Мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында орналасқан халықтың даналығы мен өзара құрмет қасиетін негізге ала отырып, барша азаматтың этностық тегіне, әлеуметтік, діни ерекшелігі мен шығу тегіне қарамастан, ортақ идея төңірегіне ұйысуы «Ел бірлігі» ұғымының берік орнығуына негіз болды. Доктринада қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды: мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл шешуші басымдық рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы ретінде нақтыланды. Доктрина мемлекетіміздің қалыптасу кезіндегі проблемалар мен оны еңсеруге бағытталған шешімдердің, сондай-ақ Ел бірлігін қалыптастыру жұмыстарының заңды жалғасына айналды.
Елде тұратын барша ұлт өкілдерін Бәйдібек бабамыз армандағандай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай етуге көшбасшылық күш-жігерін де, тұлғалық парызын да салды.Мемлекет басшысының барлық кезде зәредей де жасандылықсыз татулыққа шақырып, ала қойды бөле қырықпағанын барша қазақстандықтар біледі. Егер елімізде бір де бір адам отандасын, көршісін, жұмыстағы әріптесін өзге ұлттың өкілі болғаны үшін ғана кінәламаса, алакөзденіп, алауыздыққа ұрынбаса, бұл да мемлекеттік саясаттың жемісі, өркениеттіліктің белгісі. Бір қарағанда, қоғамдық институт сияқты ғана көрінетін Ассамблеяның қызметінде сан мыңдаған адамның тағдыры, тілегі жатыр. Оған егемендіктің өне бойындағы келелі істер куә.
Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясына айналған іргелі ұйым отандастарымыздың үлкен мінбері болды. Ассамблеяның алқалы жиындарында әрбір халықтың өз болашағын өзі таңдауға құқы бар екені, алайда, оны жүзеге асыруда басқа этностардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілмеуі керектігі айқын көрініс тауып келеді. Әрине, халықтар достығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін Қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды», – деген болатын.
Жалпы Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этнобілім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мере-кесі, Масленица, сабантой дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың уақыт талабына сәйкес бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді, соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы болып танылған. Сондықтан да Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие. Қазақстандық үлгі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылықтар ісі жөніндегі Жоғары комиссары арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазақстандағы қоғамдық келісім үлгісіне қызығушылық танытушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар саны күн санап артып келеді.
Жүзден астам ұлт пен ұлыстарды ұйытпақ түгілі, бір отбасының берекесін келтіріп, ынтымағын жарастырып отыруға да саясат керек, ақыл мен парасатқа суарылған сабыр, сыйластық қажет екендігін есті адам ұғады. Бізде халық біреу – Қазақстан халқы. Түптеп келгенде, біз осы идеологиялық қадамның қазақтың ұлт ретінде әрі қарай нығаюына, этностық топтар өкілдерінің жай ғана қазақстандық тұрғын емес, ділі мен дүниетанымының қазақстандық рухта қалыптасуына барынша ықпал ету жағын басты нысана етіп алуымыз керек.
Ассамблеяның тәжірибесін қазіргіден де жоғары деңгейге көтеру қажет. Өйткені бұл мәселе еліміздің тыныс-тіршілігіндегі ең басты мәселелердің қатарында екендігін естен шығармаған жөн. «Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы» жобасы – біздің қоғамымызға өте қажет әрі дер кезінде жасалған құжат.
Ежелгі Қытай философы Конфуцийдің: «Алға қарай жүрмеген адам кері кетеді», – деген даналық сөзі бар. Біздің ойымызша, бұл мәселеде бір орында тұрып қалмағанымыз абзал. Болашақта ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілетіп, жаңа кезеңнің жаңа талаптарына сай болу үшін осы салада бастаған істі сәтті жалғастыру үшін аталмыш Доктрина жобасының қажеттілігі өте зор. «Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы» жобасында көтерілген мәселелердің бірі – жалпықазақстандық сәйкестікті нығайтуға бағытталған тұжырымдар. Осы ұғымның мазмұнына терең үңілер болсақ, оның мәнісін былайша қарастыруға болады. Еліміздің халқы белгілі бір ұлттың, ұлыстың өкілі бола тұрса да, өздерін Қазақстанмен сәйкестендіруінде, мемлекетті өзінің, балаларының болашағымен байланыстыруында жатыр. Әрбір азамат өзін еңбек етіп, тұрмыс кешіп жатқан елінің патриоты ретінде сезінуі керек.
Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ